6 ҚАРАША, 2023
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2023 жылы өткен әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионатында ізгі хабар кең таралды
2023 жылдың 20 шілде мен 20 тамыз аралығында Австралия мен Жаңа Зеландияның түрлі қалаларында әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионаты өтті. Бұл чемпионатты көруге екі миллионнан аса адам келді. Турнир кезінде бұл екі елде де арнайы уағыз науқаны ұйымдастырылды. 9 қалада өткен осы науқанға шамамен 1200 бауырлас қатысты. Кем дегенде 18 адам зерттеу сабағына өтініш білдірді.
Үндістаннан келген екі жас қыз Австралияның Сидней қаласында жүргенде, біздің әдебиет арбамызды байқайды. Сол арбадағы тегін Киелі кітап курсы деген жазуға көздері түседі. Олар әйел бауырластарымыздан Киелі кітап курсы қайда өтетінін сұрайды. Бауырластарымыз бұл курс әр адаммен жеке-жеке өтетінін түсіндіреді. Әрі қарай бауырластар “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітапшасындағы QR кодты сканерлеп, курс өтуге өтініш толтыра алатындарын айтады. Екі жас қыз бірден онлайн өтініш толтырып, олармен зерттеу сабағы басталды.
Австралияның Брисбен қаласындағы бір ерлі-зайыпты адасып қалған бір қызды кездестіреді. Ол қыз өзінің тоқтаған қонақ үйін таппай жүр екен. Содан бауырластар оған өз көмегін ұсынады. Жол жөнекей ол Папуа — Жаңа Гвинеядан екенін айтады. Ерлі-зайыптының да кезінде сол жақта тұрғанын естігенде, ол таңғалып қалады. Сөйтіп, олардың әңгімелері жарасып, нөмірлерімен алмасады. Басқа бір күні осы ерлі-зайыпты оған қаланы көрсетіп жүргенде, онымен Киелі кітаптағы шындықпен бөліседі. Папуа — Жаңа Гвинеяға оралған соң, әлгі қыз зерттеу сабағын бастайды.
Жаңа Зеландияның Окленд қаласында Терина деген бір қыз бауырлас көлік тұрағындағы панджаби тілінде сөйлейтін екі күзетшімен әңгіме бастайды. Олардың әңгімесіне басқа бір күзетші араласып, жаңағы екі күзетшіге панджаби тілінде сөйлей бастайды. Бауырлас екі күзетші жұмыстарынан алаңдап жатқаны үшін ұрыс естіп жатыр деп ойлап қалады. Сөйтсе, ол бауырласымыздың айтқан сөздерін екеуіне аударып беріп жатыр екен. Ол бауырласымызға: “Олар менен Киелі кітаптың қандай кітап екенін сұрады, мен оның Құдайдың кітабы екенін айттым. Дұрыс қой, иә?”— деді. Айтқаны дұрыс екенін растаған соң, Терина үшеуіне де jw.org сайты арқылы өз тілдерінде зерттеу сабағына қалай өтініш білдіре алатындарын көрсетеді.
Колумбиялық Николас деген бір кісі Австралияның Брисбен қаласында әдебиет арбасымен қызмет етіп тұрған бауырластарға жақындап, қауым кездесулеріміз жайлы сұрайды. Ол анасы мен ата-әжесі Куәгерлер екенін, олар оны үнемі қауымға баруға талпындыратынын айтады. Бауырластарымыз испан тіліндегі қауымдағы бір бауырластан Николасқа хабарласуды сұрайды. Ол бір сағаттың ішінде оған хабарласып, сол аптада өтетін “Шыдамды болайық!” атты аймақтық конгреске шақырып, бірге баруды ұсынады.
Австралия мен Жаңа Зеландиядағы бауырластарымыз осы турнирде ізгі хабарды уағыздап, “шырақтай нұр шашуға” мүмкіндіктері болғаны үшін қуаныштымыз (Філіпіліктерге 2:15).