Ехоба куәгерлері ұйымының негізін кім қалаған?
Ехоба куәгерлерінің ұйымы ХІХ ғасырдың аяғында құрылған. Сол заманда Питтсбург қаласының маңында (Құрама Штаттар, Пенсильвания) тұрып жатқан Киелі кітап зерттеушілерінің шағын тобы Киелі жазбаларды белгілі бір жүйе бойынша зерттей бастады. Олар шіркеудің ілімдерін Киелі кітапта шын мәнінде не жазылғанымен салыстыратын. Ал білген-түйгендерін кітаптар мен газет беттерінде және бүгінде “Күзет мұнарасы. Ехоба Құдайдың патшалығын жариялайды” деген атаумен танымал журналды басып шығара бастады.
Ақжүрек адамдардан тұратын сол Киелі кітап зерттеушілерінің тобында Чарлз Тейз Расселл деген кісі болды. Расселл Киелі кітаптық ағарту ісіне жетекшілік етіп, “Күзет мұнарасы” журналының ең алғашқы редакторы болды. Сөйтсе де ол жаңа діннің негізін қалады дей алмаймыз. Расселл мен кейінірек “Киелі кітап зерттеушілері” деген атаумен танымал болған топтың мақсаты Иса Мәсіхтің тәлімдерін тарату және І ғасырдағы мәсіхшілер қауымының ізімен жүру болған. Мәсіхшілікке бастау берген Иса болғандықтан, біз ұйымымыздың негізін қалаушы да сол деп білеміз (Қолостықтарға 1:18—20).