Ехоба куәгерлері қыз бен жігіттің кездесуіне қатысты ережелер орната ма?
Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер мен өсиеттерді орындаудың Құдайға ұнамды әрі өздеріне пайдалы екеніне сенеді (Ишая 48:17, 18). Біз бұл ақыл-кеңестер мен өсиеттерді өзіміз орнатқан жоқпыз, бірақ солар бойынша жүріп-тұрамыз. Қазір қыз бен жігіттің кездесуіне қатысты өсиеттерді қарастырайық a.
Неке — өмірлік одақ (Матай 19:6). Ехоба куәгерлері тек неке құру ниетімен кездеседі, сондықтан бұған атүсті қарамайды.
Неке құра алатын жасқа толғандар ғана кездесе алады. Олар “албырт шақтан”, яғни жыныстық құштарлық өршіп тұратын кезеңнен өткен адамдар болу қажет (Қорынттықтарға 1-хат 7:36).
Кездесіп жүргендер некеге тұра алулары үшін бастары бос болуы керек. Заң бойынша ажырасқан кейбір адамдардың Құдайдың көз алдында қайтадан некеге тұруға құқығы жоқ. Өйткені Жазбаларға сай, тек неке адалдығының бұзылғаны ғана ажырасуға негіз бола алады (Матай 19:9).
Құдайдың талабы бойынша, шаңырақ көтергісі келетін мәсіхшілер бір сенімдегілердің арасынан жар таңдаулары керек (Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Біз сенімімізді құрметтеп қана қоятын адаммен емес, сенімімізді ұстанатын әрі шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба куәгерімен ғана неке құрамыз (Қорынттықтарға 2-хат 6:14). Құдай бұрынғы уақытта да қызметшілерінен бір сенімдегі адаммен отау тігуді талап еткен (Мұсаның 1-жазбасы 24:3; Малахи 2:11). Бұл талаптың тиімді екенін бүгінгі күнгі зерттеулер де растап отыр b.
Балалар ата-аналарының ақылын тыңдауы керек (Нақыл сөздер 1:8; Қолостықтарға 3:20). Ата-анасының қамқорлығындағы балалар қызбен не жігітпен кездесуге қатысты ата-анасының шешімдеріне сай жүріп-тұруға тиіс. Мысалы, ата-аналар балаларының қай жастан бастап кездесе алатындарын және қайда баруға, нені істеуге болатын-болмайтынын айта алады.
Жазбаларды басшылыққа ала отырып, Куәгерлер кездесу-кездеспеуді немесе кіммен кездесуді өздері шешеді. Бұл “Әркімнің жауапкершілігі өз мойнында” деген қағидаға сай келеді (Ғалаттықтарға 6:5 сілтеме). Десе де біреумен кездесу мәселесіне келгенде көбісі өздерінің қамын ойлайтын тәжірибелі Куәгерлердің ақыл-кеңесіне құлақ түреді (Нақыл сөздер 1:5).
Қыз бен жігіт кездесіп жүрген кезде әдетте жасалынатын кейбір әрекеттер шын мәнінде ауыр күнәға жатады. Мысалы, Киелі жазбаларда Құдай некесіз жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салады. Бұған тек жыныстық қатынасқа түсу ғана емес, сондай-ақ отау құрмаған адамдар арасында болуы мүмкін арам істер, мысалы, өзге адамның жыныс мүшелерін аймалау немесе оральды не анальды секс те жатады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Тіпті бір-бірінің жыныстық құштарлығын оятатын жүріс-тұрыс та Құдайға ұнамайтын “арам істерге” жатады (Ғалаттықтарға 5:19—21). Сонымен қатар әдепсіз әңгімелер айту да Киелі кітапта айыпталады (Қолостықтарға 3:8).
Адамның жүрегі, яки оның ішкі болмысы алдамшы келеді (Еремия 17:9). Ол адамды жаман әрекеттерді біле тұра жасауға еліктіреді. Сондықтан қыз бен жігіт азғырылуы мүмкін жағдайлардан аулақ болуы үшін оңаша қалмаулары керек. Бұл үшін олар өнегелік құндылықтары жоғары адамдардың арасында уақыт өткізуді не өздерімен бірге үшінші адамды серік қылып жүруді шешулері мүмкін (Нақыл сөздер 28:26). Жар іздеп жүрген мәсіхшілер интернет арқылы танысудың, әсіресе жақсы танымайтын адаммен достасудың қауіпті екенін түсінеді (Зәбүр 26:4).
a Қыз бен жігіттің кездесуі кейбір елдердің мәдениетіне жат нәрсе. Киелі кітапта екі жас үйленудің алдында міндетті түрде кездесіп жүруі керек деп айтылмаған.
b Мысалы, неке мен отбасы тақырыбындағы журналда былай делінген: “Ұзақ уақытты некелерді зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ерлі-зайыптылардың діни көзқарастарының, дінінің және нанымдарының бір болуы некелерінің берік болып, ұзаққа созылуының (25—50+ жыл) маңызды себептері болып табылады”.