Қалай Исаның құрбандығы “көптеген адамдар үшін төлем” болды?
Киелі кітаптың жауабы
Исаның құрбандығының арқасында Алла Тағала адамзатты күнә мен өлімнен азат етеді. Киелі жазбаларда Исаның төгілген қаны күнәні өтейтіні туралы айтылған (Ефестіктерге 1:7; Петірдің 1-хаты 1:18, 19). Сол себепті Иса “көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келгенін” айтқан (Матай 20:28).
Неліктен “көптеген адамдар үшін төлем” қажет болды?
Адам ата о баста кемелді, яки күнәсіз болып жаратылған. Оның мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі болған еді. Бірақ ол Құдайдың тілін алмай, бұл мүмкіндіктен айырылып қалды (Мұсаның 1-жазбасы 3:17—19). Ол өз балаларына күнәні мұра етіп қалдырды (Римдіктерге 5:12). Сол себепті Киелі жазбаларда Адам ата өзін және ұрпақтарын күнә мен өлімнің құлдығына “сатып” жіберді делінген (Римдіктерге 7:14). Күнәкар пенде болғандықтан, ешкім Адам ата жоғалтқан кемелді өмірді қайтара алмайды (Зәбүр 49:7, 8).
Адам баласының шарасыз күйіне қарап, Алла Тағаланың оларға жаны ашыды (Жохан 3:16). Алайда Құдайдың әділеттілігі күнәға көз жұма салуына не оны еш негізсіз кешіруіне жол бермес еді (Зәбүр 89:14; Римдіктерге 3:23—26). Адамзатты жақсы көргендіктен, Құдай адамдардың күнәлары кешіріліп, мүлдем ойға алынбау үшін заңды негіз қалады, яғни төлемнің берілуіне жағдай жасады (Римдіктерге 5:6—8).
Төлем қандай игіліктер әкеледі?
Киелі жазбаларда “төлемнің” үш қыры айтылған:
Сатып алу (Мұсаның 4-жазбасы 3:46, 47).
Азат ету, яки босату (Мұсаның 2-жазбасы 21:30).
Пара-пар келу не құнын толықтай өтеу. a
Исаның төлем құрбандығының осы қырларын қарастырайық.
Сатып алу. Киелі жазбаларда Құдайдың шынайы қызметшілерінің “қымбат бағаға сатып алынғандары” айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 6:20; 7:23). Осы “қымбат баға”, яғни өзінің қаны арқылы Иса “әрбір рудан, тілден, халықтан және ұлттан шыққан адамдарды... сатып алып, Құдайдың меншігі” етті (Аян 5:8, 9).
Азат ету. Исаның төлем құрбандығы күнәдан “азат етеді” (Қорынттықтарға 1-хат 1:30; Қолостықтарға 1:14; Еврейлерге 9:15).
Пара-пар келу. Исаның төлем құрбандығы Адам ата жоғалтқан кемелді өмірдің құнына сайма-сай келеді (Қорынттықтарға 1-хат 15:21, 22, 45, 46). Киелі жазбада былай делінген: “Бір кісінің [Адам атаның] мойынсұнбауы көп адамды күнәкар етсе, дәл солай, бір кісінің [Исаның] мойынсұнуы көп адамды әділ қылады” (Римдіктерге 5:19). Бұдан бір адамның өлімі көптеген күнәкарлардың құнын қалай өтей алатынын көруге болады. Исаның төлем құрбандығы оның игілігін көру үшін нақты қадамдар жасайтын адамдардың бәрін күнәдан босатады (Тімөтеге 1-хат 2:5, 6).
a Киелі жазбаларда “төлем” деп аударылған сөз түпнұсқа тілінде бір заттың бағасын немесе төлем ретінде берілетін құнды затты білдіреді. Мысалы, еврей тіліндегі “кафар” етістігінің негізгі мағынасы “жабу” дегенді білдіреді. Бұл етістік жиі күнәні жабу яки оны кешіру мағынасында қолданылады (Зәбүр 65:3). Ал онымен мағыналас “кофер” зат есімі әлденені өтеу не босату үшін төленетін құнға нұсқайды (Мұсаның 2-жазбасы 21:30). Сол сияқты гректің “литрон” сөзі әдетте “төлем” деп аударылады (Матай 20:28). Грек жазушылары бұл сөзді соғыс тұтқындарын не құлдарды босату үшін берілген төлемге қатысты қолданған.