Мазмұнға өту

Күнә деген не?

Күнә деген не?

Киелі кітаптың жауабы

 Күнә деп Құдайдың талаптарына қайшы келетін кез келген әрекетті, көзқарасты не ойды айтады. Күнәға Құдай бұрыс я әділетсіз деп тапқан нәрсені істеу арқылы оның заңдарын бұзу кіреді (Жоханның 1-хаты 3:4; 5:17). Сондай-ақ Киелі кітапта дұрыс нәрсені істемеу де күнәға жататыны айтылған (Жақып 4:17).

 Киелі кітап жазылған тілдерде күнә мағынасында қолданылған сөздер “нысанадан мүлт кету” дегенді білдірген. Мысалы, ежелгі Исраилде сарбаздар тасты дәлдеп лақтырғандары соншалық, нысанадан еш “мүлт кетпейтін”. Бұл тіркесті сөзбе-сөз аударса, “сарбаздар күнә жасамайтын” деп айтылар еді (Билер 20:16). Бұдан шығатыны — күнә жасау дегеніміз Құдайдың мінсіз талаптарынан мүлт кету дегенді білдіреді.

 Жаратушымыз болғандықтан, Құдайдың адам баласына талаптар қоюға құқы бар (Аян 4:11). Біз іс-әрекеттеріміз үшін оның алдында жауаптымыз (Римдіктерге 14:12).

Мүлдем күнә жасамау мүмкін бе?

 Жоқ. Киелі кітапта: “Барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығына ие болу мүмкіндігінен айырылды”,— деп жазылған (Римдіктерге 3:23; Патшалар 1-жазба 8:46; Уағыздаушы 7:20; Жоханның 1-хаты 1:8). Бұл қалай болды?

 Алғашқы адам жұбы Адам ата мен Хауа ана о баста Құдай сияқты мінсіз болып жаратылған, сондықтан олар бейкүнә болған еді (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Алайда олар Құдайдың тілін алмай, мінсіздіктерінен айырылды (Мұсаның 1-жазбасы 3:5, 6, 17—19). Кейіннен олар балалы болғанда, күнә мен пендешілік тұқым қуалайтын ауру сияқты олардың ұрпақтарына өтті (Римдіктерге 5:12). Кезінде Дәуіт патшаның: “Мен күнәкар боп дүниеге келдім”,— деп айтқаны да сондықтан (Зәбүр 51:5).

Кейбір күнәлар басқаларынан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін бе?

 Иә. Мысалы, Киелі кітапта Содом деген ежелгі қаланың зұлым адамдары “өте ауыр” күнә жасағаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 13:13; 18:20). Күнәнің қаншалықты ауыр екенін қалай анықтауға болады? Келесідей үш жайтқа назар аударайық:

  1.   Күнәнің деңгейі. Киелі кітапта азғындық, пұтқа табынушылық, ұрлық, маскүнемдік, тонаушылық, кісі өлтіру және бақсы-балгерлікпен айналысу сияқты ауыр күнәлар жасаудан аулақ болуымыз керектігі айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11; Аян 21:8). Киелі кітапта мұндай күнәлар біреуді сөзбен не іспен ренжіту сияқты ойланбай, байқаусызда жасалатын күнәлармен бір қатарға қойылмаған (Нақыл сөздер 12:18; Ефестіктерге 4:31, 32). Бірақ бұл аталмыш күнәларды болмашы деп қарастыруымыз керек дегенді білдірмейді, өйткені олар Құдай заңына қайшы келетін әлдеқайда ауыр күнәларға апаруы мүмкін (Матай 5:27, 28)

  2.   Адамның пиғылы. Кейде адам Құдай талаптарын білмегендіктен күнә жасауы мүмкін (Елшілердің істері 17:30; Тімөтеге 1-хат 1:13). Әрине, Киелі кітап мұндай күнәларды ақтамайды. Десе де онда Құдай заңдарын біле тұра күнә жасаудың жөні бөлек екені айтылады (Мұсаның 4-жазбасы 15:30, 31). Әдейі жасалған күнәлар “қасарысқан жүректен” бастау алады (Еремия 16:12).

  3.   Күнәнің жиілігі. Сондай-ақ Киелі кітапта бір рет күнә жасау мен ұзақ уақыт бойы күнә жасап жүрудің ара-жігі ажыратылады (Жоханның 1-хаты 3:4—8). Ненің дұрыс екенін білгеннен кейін де, “әдейі күнә жасай беретін” адам Құдай сотына ұшырайды (Еврейлерге 10:26, 27).

 Кейбіреулердің жасаған ауыр күнәлары жандарын жегідей жеуі мүмкін. Мысалы, осындай күйді бастан кешірген Дәуіт патша: “Күнәларым басымнан асып кетті, Көтере алмас жүк болып еңсемді басты”,— деп айтқан (Зәбүр 38:4). Десе де Киелі кітапта мынадай үміт беретін сөздер жазылған: “Зұлым адам жолынан қайтсын, Залым адам ойларынан бас тартсын. Мейірімді Құдайымыз Ехобаға қайта бет бұрсын. Себебі ол жомарттықпен кешіреді” (Ишая 55:7).