Құдай барлық жерде мекендей ме?
Киелі кітаптың жауабы
Құдай бәрін көріп тұрады және кез келген жерде әрекет ете алады (Нақыл сөздер 15:3; Еврейлерге 4:13). Бірақ бұл Құдай барлық жерде мекендейді дегенді білдірмейді. Киелі кітапта Құдайдың тұлға екені және өзінің мекендейтін тұрағы бар екені айтылған.
Құдайдың болмысы. Құдай — рухани Тұлға (Жохан 4:24). Адамдар оны көздерімен көре алмайды (Жохан 1:18). Пайғамбарлар алған аяндардан Құдайдың белгілі бір тұрағы бар екенін көруге болады. Онда Құдай барлық жерде мекендейтін тұлға ретінде суреттелмейді (Ишая 6:1, 2; Аян 4:2, 3, 8).
Құдайдың тұрағы. Ол адамзат мекенінен әлдеқайда жоғары рухани әлемде өмір сүреді. Сол көктегі әлемде Құдайдың өз тұрағы бар (Патшалар 1-жазба 8:30). Киелі кітапта көптеген періштелер “Ехобаның a алдына жиналғаны” туралы бір оқиға бар. Одан Құдайдың нақты бір жерде мекендейтінін көруге болады (Әйүп 1:6).
Құдай барлық жерде мекендемесе, онда қалай бізге көмектеседі?
Құдай әрбір адамның қамын ойлайды. Ол көкте мекендесе де өзіне ұнамды болуға тырысатын әркімді көзінен таса қылмай, қажет кезде көмекке келеді (Патшалар 1-жазба 8:39; Шежірелер 2-жазба 16:9). Қазір Ехоба өзінің қызметшілеріне қалай қамқорлық көрсететінін көрейік.
Дұға еткенде. Біз Ехобаға дұға еткенде, ол бізді сол сәтте-ақ тыңдайды (Шежірелер 2-жазба 18:31).
Жанымыз күйзелгенде. “Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады, сағы сынғандарды құтқарады” (Зәбүр 34:18).
Тығырыққа тірелгенде. Ехоба бізге түсінік сыйлайды және өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы жүруіміз керек жолды көрсетеді (Зәбүр 32:8).
Құдайдың мекені туралы қате пікірлер
Қате пікір: Құдай өз жаратылыстарының ішінде өмір сүреді.
Шындық: Құдай жер бетінде де, ғаламда да мекендемейді (Патшалар 1-жазба 8:27). Рас, жұлдыздар мен басқа да жаратылыстар “Құдайдың салтанатын жариялайды” (Зәбүр 19:1). Суретші өзі салған суретінің ішінде өмір сүрмейтіні сияқты, Жаратушымыз да өз жаратылыстарының ішінде мекендемейді. Бірақ суретке қарап суретші жайлы біраз нәрсе білуге болады. Сол сияқты, табиғатқа қарап Жаратушымыздың күш, даналық, сүйіспеншілік сияқты “көзге көрінбейтін қасиеттерін” көруге болады (Римдіктерге 1:20).
Қате пікір: Бәрін білу үшін әрі құдіретін көрсету үшін, Құдай барлық жерде мекендеу керек.
Шындық: Құдайдың киелі рухы не әрекет етуші күші бар. Осы күші арқылы Құдай көктегі тұрағынан кез келген нәрсені, кез келген жерде, кез келген уақытта жасай алады (Зәбүр 139:7).
Қате пікір: Зәбүр 139:8-дегі “Көкке көтерілсем, сен сонда болар ең, төсегімді көрге салсам да, сен сол жерден табылар ең” деген сөздер Құдайдың барлық жерде мекендейтінін дәлелдейді.
Шындық: Бұл тармақта Құдайдың тұрағы туралы айтылып тұрған жоқ. Онда Құдайдың көзінен таса жер жоқ екені және бізге қай жерден болсын жәрдем бере алатыны көркем сөзбен жеткізілген.
a Бұл — Киелі кітапта кездесетін Құдайдың есімі.