КӨНЕНІҢ СӨЗІ — АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ
Уайымдауды қояйық
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ДАНАЛЫҚ: “Жандарыңды уайымдауды қойыңдар!” (Матай 6:25).
Бұл нені білдіреді? Иса пайғамбар бұл сөздерін Таудағы уағызында айтқан. Киелі кітап сөздігіне сай, гректің “уайымдау” деп аударылған сөзі “адамның кедейшілікке, аштыққа не өмірде болатын тағы басқа қиындықтарға ұшырағандағы” күйіне нұсқайды. Адам баласы көбінесе ертеңін ойлап уайымдайды. Мысалы, күнделікті қажеттіліктерімізді және жақындарымыздың аман-саулығын уайымдау орынды-ақ, тіпті қажет те (Філіпіліктерге 2:20). Алайда “уайымдамаңдар” дегенде Иса пайғамбар шектен тыс уайымдамауға кеңес берген. Себебі ертеңгінің уайымын жеп, адам бүгінгі күннен қуаныш таба алмай қалады (Матай 6:31, 34).
Бүгінде қандай пайдасы бар? Исаның кеңесіне сай жүргеніміз даналыққа жатады. Неге олай дейміз? Бір еңбекке сай, адамдар қатты уайымдағанда, олардың симпатикалық жүйке жүйесі үздіксіз қозады және мұндай күйде “адам ойық жара, жүрек ауруы және демікпе сияқты ауруларға шалдығуға бейім келеді”.
Иса пайғамбар шектен тыс уайымдамауға бірден-бір негіз келтірді: уайымдағаннан түк пайда жоқ. “Уайымдаумен қайсысың өміріңді бір сәтке болсын ұзарта аласың?”— деп сұрады ол (Матай 6:27). Бір нәрсені ойлай бергеннен өмірімізді жақсартпақ түгілі, қас қағым сәтке де ұзарта алмаймыз. Оның үстіне, бәрі біз күткендей жаман бола бермейді. Бір ғалым мұны былай түсіндірген: “Болашақ туралы уайымдау бос әурешілік. Шындығына келгенде, ертеңгі күніміз біз ойлағандай қорқынышты бола бермейді”.
Уайымдамау үшін не істеу керек? Ең алдымен, Құдайға сену керек. Құстарға тамақ беретін және гүлдерді әдемі киіндіретін Құдай өзіне жан-тәнімен құлшылық ететін адамдарға өмірге қажетті нәрселерін бермей ме? (Матай 6:25, 26, 28—30). Екіншіден, бір күннің қамын ғана ойлаңыз. “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар”,— деді Иса пайғамбар. “Әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті” емес пе? (Матай 6:34).
Аталмыш ақыл-кеңеске құлақ асқанымыз денсаулығымызға пайдалы. Ал ең бастысы, Киелі кітапта айтылған “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” кенеліп, алаңсыз өмір кешеміз (Філіпіліктерге 4:6, 7).