Бауырластар оларды іспен сүйді
ГВАТЕМАЛАДАҒЫ бір кішкентай ауылда Йомара, Марсело және Айвер деген үш бауыр тұрады. Әпкелері Йомара бірінші болып Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Ал артынан екі інісі де қосылады. Бірақ олардың үшеуі де зағип болатын және Брайль қарпін де танымайтын. Сондықтан олармен зерттейтін бауырлас кітапты да, тармақтарды да өзі оқып беретін.
Оларға қиынға соққан тағы бір мәселе қауым кездесулеріне бару еді. Себебі ең жақын деген Патшалық сарайының өзі 40 минуттық жерде орналасқан болатын. Бірақ ер бауырластар оларды қауым кездесулерінің ешқайсысынан қалдырмай, апарып-әкелудің қамын жасады. Ал үшеуі қауым кездесуінде тапсырмалармен шыға бастағанда, қауымдағылар оларға айтатын сөздерін жаттауға көмектесетін.
2019 жылдың мамыр айында олардың ауылында да қауым кездесулері өтетін болды. Сол уақыттары бұл ауылда басқа жерден көшіп келген бір тұрақты ізашар ерлі-зайыпты тұрып жатты. Олар Брайль қарпін білмесе де, осы үш бауырға сол қаріпте оқып-жазуды үйретейік деп бел буады. Сөйтіп, екеуі кітапханаға барып, көзі көрмейтін жандарға Брайль қарпін үйрету туралы әдістемелік құралдарды оқып-зерттейді.
Йомара, Марсело және Айвер бірнеше-ақ айдың ішінде Брайль қарпімен оқуды меңгеріп алды. Соның арқасында олар рухани жетістіктерге жете бастады. Қазір үшеуі де — тұрақты ізашар. Марсело қызмет көмекшісі болды. Олар бүкіл апта бойы рухани істерді алдына жан салмай атқарады. Олардың жалынды құлшынысы басқаларға да жұғысты болып жатыр.
Бұл үш ағайындының қауымның көрсеткен сүйіспеншілігі мен қолдауына деген алғыстары шексіз. “Алғаш кездескеннен-ақ біз Куәгерлердің шынайы мәсіхшілік сүйіспеншілігіне бөленіп келеміз”,— дейді Йомара. Ал Марсело болса: “Біз осы қауымнан керемет достар таптық. Сондай-ақ бір-бірін бауырдай жақсы көретін дүниежүзілік бауырластықтың мүшесі екенімізге қуаныштымыз”,— деді. Йомара мен інілері жер бетінің жұмаққа айналғанын өз көздерімен көруді аңсайды (Зәб. 37:10, 11; Ишая 35:5).