Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым

Ехоба “жүрегі жаралы жандарды сауықтырады”

Ехоба “жүрегі жаралы жандарды сауықтырады”

“Жүрегі жаралы жандарды сауықтырады, Жараларын байлап таңады” (ЗӘБ. 147:3).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехоба жаны жаралы қызметшілерінің қамын қатты ойлайды. Бұл мақаладан біз Ехобаның арқасында олардың жұбаныш таба алатынын әрі өзгелерді де жұбата алатынын білеміз.

1. Ехоба қызметшілерін көргенде, не сезінеді?

 ЕХОБА жердегі қызметшілерінің қуанғанын да, жылағанын да, неден өтіп жатқанының бәрін көріп тұр (Зәб. 37:18). Мұң-шерімізбен алыса жүріп, оған барымызды салып қызмет етіп жатқанымызды көргенде, оның жүрегі елжіреп кетеді! Елжіреп қана қоймай, ол бізге тірек болып, жұбатуға асық.

2. Ехоба жүрегі жаралы адамдарға қалай көмектеседі және оның көмегін сезіну үшін біз не істей аламыз?

2 Зәбүр 147:3-те Ехоба жүректегі “жараларды байлап таңатыны” айтылған. Бұл оның жараланған жандарға аялы алақанымен қамқорлық көрсететінін суреттейді. Ал Ехобаның қамқорлығын сезіну үшін біз не істей аламыз? Мысалы, денесі жарақаттанған адамға дәрігер нұсқаулар беріп, көмегін тигізе алады. Бірақ жазылып кету үшін адам оның жазып бергенін түгел орындауы тиіс. Ехоба сезімі жаралы жандарға өз Сөзінде не дегенін әрі біз оның ақыл-кеңесін қалай орындай алатынымызды білейік.

ЕХОБА БІЗДІ БАҒАЛЫ ЕКЕНІМІЗГЕ СЕНДІРЕДІ

3. Кейбіреулер өздерін неге түкке тұрғысыз сезінеді?

3 Қазір, өкінішке қарай, мына әлем сүйіспеншіліктен жұрдай. Сондықтан өзгелердің өзін құнсыз, керексіз сезінуіне түрткі болып жатқан адамдар көп. Хелен a есімді бауырлас былай дейді: “Біз ата-ананың мейір-махаббаты қандай болатынын білмей өстік. Әкем ашуланса, ешкімді аямайтын. “Қолыңнан түк келмейді, адам болмайсың” деп айта беретін”. Сізді де біреулер осылай жерден алып, жерге салып, жәбір көрсетіп, түкке тұрғысыз сезіндірген болар. Сондықтан “менің қамымды ойлайтын біреу бар” дегенге сену қиын болуы мүмкін.

4. Зәбүр 34:18-де Ехоба қандай сенімділік береді?

4 Сізге біреулер жәбір көрсеткен болса да, Ехоба сізді сүйетініне және бағалайтынына еш күмәнданбаңыз. Ол “жүрегі жаралы жанға жақын тұрады” (Зәбүр 34:18 оқыңыз). “Рухыңыз күйрегенде”, Ехоба кезінде бойыңыздан ізгі қасиеттеріңізді байқап, өзіне жақындатып тартқанын ұмытпаңыз (Жох. 6:44). Сіз Ехобаның қымбат қазынасы болғандықтан, ол әрқашан сізге көмектесуге асық.

5. Иса жұрт кемсіткен адамдарға қалай қарағанынан не түйеміз?

5 Ехоба бізге қалай қарайтынын Исадан білеміз. Жерде қызмет еткен кезінде жұрт төмендетіп, адам құрлы көрмеген жандарға ол жанашыр болған (Мат. 9:9—12). Бірде жаны қиналған бір әйел асқынған ауруынан айыққысы келіп, Исаның жамылғысына қолын тигізеді. Сонда Иса оны жұбатып, сенімі үшін мақтайды (Мар. 5:25—34). Осылай ол Әкесінің қандай Құдай екенін дәлме-дәл көрсетті (Жох. 14:9). Демек, сіз Әкеңіз Ехобаға қымбатсыз, әрі ол сіздің сенім, сүйіспеншілік сияқты ізгі қасиеттеріңізді байқайды. Осыған нық сенімді болыңыз.

6. Өзімізді түкке тұрғысыз сезінсек, не істесек болады?

6 Өзіңізді түкке тұрғысыз сезіндіретін жаман ойлар қайта оралып жатса немесе бұл сезімнен мүлдем құтыла алмасаңыз, не көмектеседі? Киелі кітаптан Ехоба үшін қымбат екеніңізді көрсететін тармақтарды оқып, ой жүгіртіңіз b (Зәб. 94:19). Қойған мақсаттарыңызға жете алмасаңыз немесе басқалардың істегенін істей алмай қалсаңыз, өзіңізді айыптап, сабалай бермеңіз. Ехоба сізден шамаңыз жетпейтін нәрсені күтпейді (Зәб. 103:13, 14). Ал біреуден қиянат көрген болсаңыз, бұған өзіңізді кінәламаңыз. Ол адамның жәбір көрсеткеніне сіз еш кінәлі емессіз. Ехоба зорлықтың құрбандарын емес, зорлық жасаушыларды жауапқа тартатынын ұмытпаңыз (Пет. 1-х. 3:12). Бала кезінде зорлық-зомбылық көрген Сандра деген бауырлас былай дейді: “Мен үнемі Ехобаға “сен маған қандай адам деп қарайсың, өзіме тура солай қарауға көмектесші” деп дұға айтамын”.

7. Бастан өткерген жағдайларымыз қызметімізде қалай пайдалы бола алады?

7 Сенімді болыңыз, сіз Ехобаның қолында жақсы құрал бола аласыз, ол сіз арқылы басқаларға көмектесе алады. Ехоба сізге өзімен қызметтес болу мәртебесін сыйлады (Қор. 1-х. 3:9). Басыңыздан өткен жағдайлардан кейін өзгелердің мұң-шерін жақсырақ түсіне алсаңыз керек. Сіз оларға көп көмек бере аласыз. Жоғарыда айтылып кеткен Хелен қажетті көмекті алғаннан кейін, өзі де басқаларға көмектесе алатын болды. “Қадір-қасиеттен ада сезініп жүрген мені Ехоба сүйіспеншілігіне бөледі. Қазір өзімді керек сезінемін”,— дейді Хелен. Ол қазір тұрақты ізашар ретінде қуана қызмет етеді.

ЕХОБА КЕШІРІМІН ҚАБЫЛ АЛҒАНЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙДЫ

8. Ишая 1:18-де Ехоба бізге не дейді?

8 Кейбір бауырластар шомылдыру рәсіміне дейін немесе кейін жасаған күнәлары үшін өздерін әлі күнге дейін жегідей жейді. Бірақ Ехоба төлемді бізді қатты сүйгендіктен бергенін ұмытпайық. Ол біздің осы сыйды қолын қақпай қабыл алғанымызды қалайды. Ехоба “мәселені ортаға салып, шешкен” соң c, күнәмізді ендігәрі еске алмайтынын айтады (Ишая 1:18 оқыңыз). Бірақ ол мәңгі есте ұстайтын бір нәрсе бар. Бұл — біздің игі істеріміз (Зәб. 103:9, 12; Евр. 6:10).

9. Неге өткенді емес, осы шақты және болашақты ойлағанымыз жөн?

9 Өкініштен өзегіңіз өртене берсе, бар назарыңызды қазіргі шақ пен болашаққа аударуға тырысыңыз. Кезінде елші Пауыл да мәсіхшілерді аямай қудалағанына өкінген, бірақ Ехоба оны кешіргенін түсінген (Тім. 1-х. 1:12—15). Кейін Пауыл сонда да өткеніне қайта-қайта ойша орала берді ме? Кезінде абыройлы парызшыл ретінде жеткен жетістіктерін ойға алмағанындай, ол өткен қателігін де ойлай бермеген (Філіп. 3:4—8, 13—15). Қайта, қызметін жан-тәнімен атқарды және болашаққа көз тікті. Сіз де өткеніңізді өзгерте алмассыз. Десе де қазіргі шағыңызда Ехобаны мадақтай аласыз және ол уәде еткен керемет болашақты ойда ұстай аласыз.

10. Кезінде жасаған қателігіміздің кесірі біреуге тиіп кеткен болса, не істей аламыз?

10 Бәлкім, бұрынғы қателіктеріңіздің кесірі тиіп кеткен адамдар үшін жүрегіңіз ауыратын шығар. Олай болса, келтірілген залалдың орнын толтыруға барынша күш салыңыз, шын жүректен кешірім сұраңыз (Қор. 2-х. 7:11). “Менің қателігімнен жаны жараланған адамға көмектесші” деп дұға айтыңыз. Ехоба оған да, сізге де осы қиыншылықтан өтуге және жантыныштығын қайта сезінуге көмектеседі.

11. Жүніс пайғамбардан не үйренеміз? (суретті де қараңыз.)

11 Қателігіңізден сабақ алыңыз да, Ехоба қандай іс тапсырады, соны атқаруға дайын болыңыз. Жүніс пайғамбардың мысалына көңіл бұрайықшы. Ехоба оған Ниневияға баруды бұйырып еді, ол мойынсұнбай, мүлдем кері жаққа қашып кетті. Бірақ Ехоба өз пайғамбарын түзеткенде, ол қателігінен сабақ алды (Жүніс 1:1—4, 15—17; 2:7—10). Ехоба Жүністі пайдасыз деп ойлаған жоқ. Оған тағы бір мүмкіндік сыйлап, Ниневияға қайта баруды тапсырды, Жүніс болса бірден мойынсұнды. Ол жасаған қателігіне бола жаңа тапсырма алудан тартынбады (Жүніс 3:1—3).

Алып балықтың ішінен аман-есен шыққан Жүністі Ехоба қайтадан Ниневияға жіберіп, хабарын жариялауды тапсырды (11-абзацты қараңыз)


ЕХОБА БІЗДІ КИЕЛІ РУХЫМЕН ЖҰБАТАДЫ

12. Ауыр қасіретте Ехоба бізге қалай жантыныштығын береді? (Філіпіліктерге 4:6, 7)

12 Жақынымыздан айырылғанда немесе соққы болып тиген басқа да ауыр жағдайда Ехоба киелі рухымен жұбатады. Рон мен Кэрол есімді ерлі-зайыптының басына ауыр қасірет түсті. Олардың ұлы өзіне қол жұмсаған. “Біз талай ауыр қиыншылықтардан өткенбіз, бірақ осыдан асып түскен қасірет жоқ шығар. Ұйқысыз өткен түндердің бәрінде дұға айтумен болдық, сондықтан Філіпіліктерге 4:6, 7-де (оқыңыз) айтылған тыныштықты шынымен сезіндік”,— дейді олар. Жүрегіңізді қарс айырған жағдайдан өтіп жатсаңыз, мұң-шеріңіздің бәрін Ехобаға айтыңыз. Қанша қажет болса, сонша дұға етіңіз (Зәб. 86:3; 88:1). Киелі рухын қайта-қайта сұраңыз. Ол өтінішімізді ешқашан жауапсыз қалдырмайды (Лұқа 11:9—13).

13. Киелі рух Ехобаға әрі қарай адал қызмет ете беруге қалай көмектеседі? (Ефестіктерге 3:16)

13 Жаныңызға жара салған бір жаман жағдайдан діңкеңіз құрып, әлсіреп жүрсіз бе? Сонда да Ехобаға адал қызмет ете беруге киелі рух сізді қуаттай алады (Ефестіктерге 3:16 оқыңыз). Флора бауырласымыз күйеуімен миссионер ретінде қызмет етіп жүргенде, күйеуі көзіне шөп салып, екеуі ажырасып кетеді. Ол былай дейді: “Оның сатқындығы жанымды азаптағаны сонша, іштей өртеніп кете жаздадым. Ехобадан төтеп беруге киелі рухын сұрадым. Алғашында бұған төзу мүмкін еместей көрінген, бірақ Ехоба жарамның жазылуына және күресе беруге көмектесіп келеді”. Флора Ехобаның көмегімен оған көбірек сенім артуды үйренгенін айтты. Ол Ехоба оны кез келген сынақта қалдырмайтынына сенімді. Флора Ехоба оған қалай көмектесіп жатқанын айтып, Зәбүр 119:32-ні келтірді. Онда: “Талмай өсиеттеріңнің жолымен жүремін, Себебі сен жүрегіме мол түсінік дарыттың”,— делінген.

14. Киелі рухтың көмегін сезіну үшін не істеуіміз қажет?

14 Киелі рух сұрағаннан кейін, оны алу үшін өз тарапыңыздан не істей аласыз? Ехобаның рухына кенелтетін істермен айналысыңыз. Бұған қауым кездесулеріне бару, куәлік беру жатады. Сондай-ақ Киелі кітапты күн сайын оқысаңыз, Ехобаның ойларына көңіл бұрасыз (Філіп. 4:8, 9). Құдай Сөзінен түрлі сынақтар көрген кісілер жайлы оқып, Ехоба оларға табанды болуға қалай көмектескені жайлы ой жүгіртіңіз. Басында айтып кеткен Сандра бауырлас көп қасіретті бастан кешкен. Ол былай дейді: “Маған керемет демеу беретін — Жүсіптің оқиғасы. Ол қанша сынақ пен әділетсіздік көрсе де, Ехобадан бір елі ажырамады” (Мұс. 1-ж. 39:21—23).

ЕХОБА БІЗДІ БАУЫРЛАСТАР АРҚЫЛЫ ЖҰБАТАДЫ

15. Біз кімнен жұбаныш іздесек болады және олар бізге қалай көмектеседі? (Суретті де қараңыз.)

15 Жанымыз қиналған шақта бауырластар бізге “тірек” болады (Қол. 4:11). Олар Ехобаның сүйіспеншілігінің тірідей көрінісі. Олар бізді жан дүниемізді түсіне отырып тыңдайды, олардың қасымызда болғанының өзі зор жұбаныш. Ал кейде олар жанымызға жылу беретін тармақ оқып береді я бірге дұға етеді d (Рим. 15:4). Сондай-ақ қандай да бір бауырлас бізге Ехобаның ойын еске салып, көңілімізді орнықтыруы және табанды болуға көмектесуі мүмкін. Бұған қоса, қиын шақта бауырластар бізге іс жүзінде жәрдем беріп, тіпті жейтін тамағымызға дейін қамтамасыз етеді.

Сенімді, толысқан достарымыз бізді жұбатып, қолдай алады (15-абзацты қараңыз)


16. Бауырластар бізге көмектессін десек, не істеуіміз керек?

16 Бауырластар бізді жақсы көреді, көмектескілері-ақ келеді (Нақ. с. 17:17). Бірақ олар не күй кешіп жүргенімізді, бізге не қажет екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан олар бізге көмектессін десек, айтуымыз керек (Нақ. с. 14:10). Жаныңыз қиналып жүрсе, толысқан достарыңызға шер тарқатып алсаңыз болады. Сізге не көмек қажет екенін ашық айтыңыз. Бәлкім, жаныңызға жақын тартатын бір-екі ақсақалмен сөйлесіп аларсыз. Ал әйел бауырластар болса рухани толысқан өзге әйел бауырластармен сырласып, жұбаныш таба алады.

17. Бауырластардан жігер алуға не кедергі болуы мүмкін және оны қалай жеңе аламыз?

17 Адамдардан оқшауланбаңыз. Көңіліңіз сынық, жаныңыз жаралы болғандықтан, өзгелермен араласқыңыз келмейтін шығар. Кейде бауырластар да сізді түсінбеуі мүмкін, көңіліңізге тиетін сөздер айтып қоюы мүмкін (Жақ. 3:2). Бұндай жағдайлар бауырластардан жігер алуға кедергі болмасын. Депрессиямен ауыратын Гевин деген ақсақал: “Достарыммен хабарласып, араласып тұруға кейде мүлдем зауқым болмайды”,— дейді. Бірақ ол сонда да осы сезімін бағындырып, достарымен аралас-құралас болудың игілігін көріп жүр. Ал Эми деген әйел бауырлас былай дейді: “Басымнан өткен жағдайларға байланысты адамдарға сенім артуым өте қиын. Бірақ бауырластарды сүюді, оларға сенім артуды Ехобадан үйреніп жатырмын. Осылай етіп жүргеніме Ехоба риза екенін біліп, қатты қуанамын”.

ЕХОБАНЫҢ УӘДЕЛЕРІНЕН ЖҰБАНЫШ ТАБЫҢЫЗ

18. Біз болашақтан не күтеміз және қазірдің өзінде не істей аламыз?

18 Біз болашаққа сеніммен қараймыз, өйткені Ехоба жақында жанымыздың да, тәніміздің де жарасын толықтай айықтырады (Аян 21:3, 4). Сол кезде басымыздан өткен жаман нәрселер бұдан былай “жүрекке қаяу да түсірмейді” (Ишая 65:17). Қазірдің өзінде Ехоба біздің “жараларымызды байлап таңып” жатыр. Ендеше, Ехобаның жұбанышы мен көмегінің бар пайдасын көріңіз. “Ол қамымызды ойлайтынына” бір сәтке де күмәнданбаңыз (Пет. 1-х. 5:7).

7-ӘН Ехоба — біздің панамыз

a Есімдер өзгертілген.

b  “Ехоба сізді бағалайды” деген қоршауды қараңыз.

c Ехобамен “мәселені ортаға салып, шешу” үшін өкінгенімізді дәлелдеуіміз керек, яғни Ехобадан кешірім сұрап, жүріс-тұрысымызды өзгертуіміз қажет. Егер ауыр күнә жасасақ, қауымдағы ақсақалдардың да көмегіне жүгінгеніміз маңызды (Жақ. 5:14, 15).

d “Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” басылымынан “Уайым” және “Жұбаныш” деген тақырыптарда келтірілген тармақтарды қарасаңыз болады.