4-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым
Ехоба сізді жақсы көреді
“Ехоба өте жанашыр” (ЖАҚ. 5:11).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехоба сүйіспеншілігімен қалай бізді өзіне жақындатады? Оның сүйіспеншілігінің арқасында қалайша біз ештеңеден тарықпаймыз, өзімізді қауіпсіз сезінеміз әрі бойымызға күш бітеді?
1. Сіз Ехобаны қалай елестетесіз?
СІЗ Ехобаны қалай елестетесіз? Дұға еткенде ойыңызға қандай тұлға келеді? Біз оны көре алмасақ та, Киелі кітапта Ехоба әртүрлі сөздермен сипатталған. Мысалы, ол “күніміз әрі қалқанымыз”, “жалмап қоятын от іспетті” делінген (Зәб. 84:11; Евр. 12:29). Ал Езекиел көрген аянда ол жақұт тасына, лаулаған металға және жарқыраған кемпірқосаққа ұқсатылған (Езек. 1:26—28). Ехобаның осындай кейбір сипаттамаларын оқығанда, бойымызда терең қастерлі сезім оянып, тіпті өзімізді түкке тұрғысыз сезінуіміз мүмкін.
2. Кейбіреулерге Ехобаға жақындау неліктен қиынға соғады?
2 Ехобаны көзімізбен көрмегендіктен оның бізді жақсы көретініне сену қиын болуы мүмкін. Кейбіреулер өмірлерінде көп қиындық болғандықтан, Ехоба оларды сүйеді дегенге сене алмайды. Бәлкім, олар ешқашан әкелік махаббатты сезінбеген шығар. Ехоба осындай сезімдерімізді, бұл сезімдер бізге қалай әсер ететінін жақсы түсінеді. Сондықтан оған жақындай алуымыз үшін бізге Киелі кітапта өзінің жылы да жарқын бейнесін ашады.
3. Неліктен біз Ехобаның сүйіспеншілігі туралы көбірек білгеніміз жөн?
3 Ехобаны ең керемет сипаттайтын сөз — сүйіспеншілік (Жох. 1-х. 4:8). Ехоба қандай? деген сұраққа Киелі кітапта: ”Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген. Ол әрбір әрекетін сүйіспеншіліктің қозғауымен жасайды. Оның махаббатының кеңдігі мен құдіреті сондай — өзін сүймейтін адамдарға да жетеді (Мат. 5:44, 45). Осы мақалада біз Ехобаның қандай екеніне және оның сүйіспеншілігіне зер саламыз. Ал Құдайымызды жақыннан таныған сайын, оған деген сүйіспеншілігіміз өсе береді.
ЕХОБА БІЗДІ ҚАТТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ
4. Ехобаның жанашырлығы сізді қандай сезімге бөлейді? (Суретті де қараңыз.)
4 “Ехоба өте жанашыр” (Жақ. 5:11). Ол өзін мейір-махаббаты төгілген анаға теңеген (Ишая 66:12, 13). Сәбиін әлпештеп, бағып-қағатын ананы елестетейікші. Ол баласын тізесіне салып әлдилейді, оған жылы да жұмсақ үнмен сөйлейді. Жыласа я бір жері ауырып қалса, оның жағдайын жасап, керегін береді. Біз қиналғанда, Ехоба Әкеміз де бізге сүйіспеншілік танытатынына еш күмәнданбайық. Зәбүр жыршысы: “Сарыуайымға салынғанымда, Сен мені жұбатып, жаныма жай бердің”,— деп жазған (Зәб. 94:19).
5. Ехобаның айнымас сүйіспеншілігін не үшін бағалайсыз?
5 Ехобаның айнымас сүйіспеншілігі мол (Зәб. 103:8). Шалыс қадам басып қойғанымызда, ол бізден теріс айналып кетпейді. Исраил халқы қаншама рет оның жүрегін ауыртып, көңілін қалдырды. Бірақ өкініш білдіріп, теріс жолдарынан қайтатын болса, оларға деген сүйіспеншілігі еш айнымайтынын көрсетіп, былай деген: “Сен маған қымбатсың, қадірлісің. Мен сені жақсы көремін” (Ишая 43:4, 5). Ехоба бізді де дәл солай жақсы көреді. Оның сүйіспеншілігі ешқашан өзгермейтініне сенімді болсақ болады. Ауыр қателік жіберіп қойсақ та, ол бізді тастап кетпейді. Күнәмізға өкініп, Ехобаға оралсақ, ол бізді дәл бұрынғыдай сүйетінін сезінеміз. Ол “жомарттықпен кешіретінін” уәде еткен (Ишая 55:7). Киелі кітапта Ехоба бізді кешірген кезде оның “қайта нығайтатын уақыты келеді” делінген (Ел. іс. 3:19).
6. Зәкәрия 2:8-дегі сөздерден Ехоба жайлы не білеміз?
6 Зәкәрия 2:8 оқыңыз. Ехоба бізді көзінің қарашығына теңейді. Ал көз — адамның ең сезімтал әрі маңызды мүшесі. Демек, Ехоба “кім саған тиіссе, сол менің жанды жеріме тиіскені” дегісі келген. Ол бізді сүйгендіктен қандай күй кешіп жатқанымызды бірден сезеді және бізді қорғауға асық. Біз қиналғанда, ол да қиналады. Ендеше, біз берік сеніммен: “Мені көзіңнің қарашығындай сақташы”,— деп дұға ете аламыз (Зәб. 17:8).
7. Неге Ехобаның бізді сүйетініне нық сенімді болуымыз қажет?
7 Ехоба жеке сізді жақсы көретініне нық сенімді болғаныңызды қалайды. Бірақ ол өміріңізде болған жағдайларға байланысты оның сүйіспеншілігіне күмәндануыңыз мүмкін екенін де біледі. Немесе қазір бастан өткеріп жатқан жағдайлардан бұл сенімділігіңіз шайқалып қалған шығар. Ендеше, Ехобаның сізді сүйетініне қалай сенімді бола аласыз? Бұл үшін Ехоба Исаға, майланғандарға және барлығымызға сүйіспеншілігін қалай білдіргенін қарастырайық.
ЕХОБА СҮЙІСПЕНШІЛІГІН ҚАЛАЙ БІЛДІРЕДІ?
8. Иса Әкесі оны сүйетініне неге сенімді болған?
8 Ехоба мен Ұлы миллиардтаған жылдан бері бірге. Олардың бір-біріне бауыр басқаны соншалық — ондай тығыз қарым-қатынас әлемде жоқ. Матай 17:5-те Ехоба Исаны жақсы көретінін ашық айтқан. Ол жай ғана “мен оған ризамын” деп айта салған жоқ, қайта, Исаны “бұл — менің сүйікті Ұлым” деп атады. Ол Исаны қатты жақсы көретінін біз білсе екен деді (Ефес. 1:7). Ол Ұлын мақтан тұтты және адамзат үшін жанын қиюға дайын екеніне риза болды. Иса да Әкесінің оны жақсы көретініне еш күмәнданбаған. Ол “Әкем мені жақсы көреді” деп қайта-қайта сеніммен айтқан, өйткені Ехоба оны жақсы көретінін бүкіл өң бойымен сезінген (Жох. 3:35; 10:17; 17:24).
9. Ехобаның майланғандарға деген сүйіспеншілігі қалай сипатталады? Түсіндіріңіз. (Римдіктерге 5:5)
9 Ехоба майланғандарды жақсы көретінін де ашық айтқан (Римдіктерге 5:5 оқыңыз). Осы тармақ түпнұсқа тілде “Ехобаның майланғандарға деген сүйіспеншілігі асып-тасыған ағын судай” деген ойға нұсқайды. Бұл теңеу шынында да Ехоба оларды қаншалықты жақсы көретінін көрсетеді емес пе? Майланғандар да өздерінің Құдайдың “сүйіспеншілігіне бөленгенін” біледі (Яһд. 1). Елші Жохан олардың сезімін мына сөздермен жеткізген болатын: “Қараңдар, Құдайдың балалары деп аталуымыз үшін Әкеміз бізге зор сүйіспеншілік көрсетті” (Жох. 1-х. 3:1). Ехоба сүйіспеншілігін тек майланғандарға ғана төге ме? Жоқ, ол бәрімізді де сүйетінін дәлелдеген.
10. Ехоба сізді сүйетінінің ең асқақ дәлелі қандай?
10 Ехобаның бізді сүйетінінің ең күшті дәлелі қандай? Төлем. Әлемдегі сүйіспеншіліктің шырқау шыңы осы емес пе?! (Жох. 3:16; Рим. 5:8). Ол өзінің асыл Ұлын бүкіл адамзат үшін өлімге қиды. Бұны Ехоба күнәларымыз кешірліп, онымен дос бола алуымыз үшін істеді (Жох. 1-х. 4:10). Төлем беру үшін Ехоба мен Иса қандай қиындықтарға төзгені жайлы ойлансақ, олардың әрқайсысымызды қаншалықты жақсы көретінін терең түсінеміз (Ғал. 2:20). Төлем заң талап еткендіктен ғана берілген жоқ, ол — бізді сүйгендіктен берілген сый. Ехоба өзіндегі ең ардақтысын, ең асылын — Исаны құрбан етіп, бізге деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Ол біз үшін баласының азап шегіп, өлуіне жол берді.
11. Еремия 31:3-тен не білеміз?
11 Сонымен, Ехоба бізді іштей ғана жақсы көрмейді екен. Қайта, сезімдерін бізге ашық білдіреді (Еремия 31:3 оқыңыз). Ол бізді жақсы көргендіктен, өзіне жақындатып тартты (Мұсаның 5-жазбасы 7:7, 8 салыстырыңыз). Еш нәрсе де, ешкім де оның сүйіспеншілігінен бізді айыра алмайды (Рим. 8:38, 39). Оның сүйіспеншілігі сізді қандай сезімге бөлейді? Қазір Зәбүрдің 23-тарауын қарастырып, Ехобаның мейір-махаббаты мен аялы алақаны Дәуітті қандай сезімге бөлегенін білейік және бұл бізге қалай әсер ететінін көрейік.
ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ СІЗДІ ҚАНДАЙ СЕЗІМГЕ БӨЛЕЙДІ?
12. Зәбүрдің 23-жырының мазмұнын қысқаша айтып беріңіз.
12 Зәбүр 23:1—6 оқыңыз. Зәбүрдің 23-жырынан Дәуіттің сүюші, қамқоршы Құдайына деген сенімділігі есіп тұр. Дәуіт өзінің Бағушысы Ехобаға етене жақын екенін сипаттаған. Ол Ехобаның жетелеуімен жүргенде қауіпсіз сезінген, өзін оған толықтай сеніп тапсырған. Ол өмірінің әр күні Ехобаның сүйіспеншілігін көретініне сенімді болған. Не себепті?
13. Ехоба қамқорлайтынына Дәуіт неге сенімді болды?
13 “Мен ештеңеден тарықпаймын”. Ехоба Дәуітті керегімен әрдайым қамтамасыз етіп отырғандықтан, ол оның қамқорлығын көрген. Бұған қоса, ол Ехобамен дос болып, оның шапағатын сезінген. Сондықтан да ол алда не болмасын, Ехоба қажетімен қамдай беретініне сенімді болды. Дәуіттің Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сенімділігі мықты болғандықтан, ол ешқандай уайым мен қорқынышқа берілмеген. Қайта, бақыт пен қанағат сезінген (Зәб. 16:11).
14. Ехоба қалай бізді сүйіспеншілікпен қамқорлайды?
14 Ехоба әсіресе басымызға қиын күндер туғанда сүйіспеншілікпен қамқорлайды. Бетелде 20 жылдан аса уақыт қызмет еткен Клэр a бауырластың оқиғасын алайық. Отбасын қиындықтар бірінен кейін бірі соққылағанда, ол не істерін білмей, шарасыз күй кешті. Әкесі инсульт алады, бір сіңлісі қауымнан шығарылады, отбасы кішігірім бизнестерінен, сосын үйлерінен айырылып қалады. Осы кездері Ехоба оларды қалай қамқорлады? Клэр былай дейді: “Ехобаның арқасында әрбір күні отбасымда керектінің бәрі болды. Ехоба талай рет біз ойлағаннан да көп нәрсе істеді. Ехобаның қамқорлығын, сүйіспеншілігін сезінген сәттерімді жиі еске аламын. Олар мен үшін өте қымбат. Ехоба көмектескен сәттер маған қиындықтарға қарамай, алға қарай ұмтылуға күш беріп келеді”.
15. Неге Дәуіт: “Ехоба менің жанымды жадыратады”,— деген? (Суретті де қараңыз.)
15 “Ол менің жанымды жадыратады”. Басына үйілген сынақтар мен қиындықтардың кесірінен кейде Дәуіт күйзеліп кететін (Зәб. 18:4—6). Бірақ жанашыр да қамқор Ехоба оның жанын жадырататын. Ол шаршап, қалжыраған досын “жасыл жайлау” мен “суы мол жайылымдарға“жетелейтін. Сонда Дәуіт қайтадан күш-қайратқа кенеліп, әрі қарай Ехобаға қызмет ете алған (Зәб. 18:28—32).
16. Ехоба сіздің бойыңызға қалай қайта күш бітірген?
16 Бүгінде біз де өмірдің тауқыметін көргенде, “Ехобаның айнымас сүйіспеншілігінің арқасында түгел жойылып кетпейміз” (Ерм. з. 3:22; Қол. 1:11). Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде Рейчел бауырласымыздың күйеуі оны тастап, Ехобадан да бас тартып кетеді. Ол басына жай түскендей болып, еңсесін көтере алмай қалады. Ехоба оған қалай көмектесті? “Ехоба менің сүйіспеншілік сезінуіме бар жағдайды жасады. Достарым келіп, маған уақыт бөлді, тамақ пісіріп әкелді, жылы сөздер жазып, тармақтар жіберіп отырды. Олар күлімдеген жүздерімен көңілімді көтерді және Ехоба менің қамымды ойлайтынын қайта-қайта есіме салды. Ехоба осындай ыстық ұядай үлкен отбасы сыйлағанына алғыс айтудан талмаймын”,— дейді Рейчел.
17. Неге Дәуіт “қауіп-қатерден қорықпаған”?
17 “Қауіп-қатерден қорықпаймын, Өйткені сен қасымдасың”. Дәуіттің өміріне жиі қауіп-қатер төнген және жауларының көбісі өте мықты болған. Алайда ол Ехобаның сүйіспеншілігінің арқасында өзін қауіпсіз сезінген. Дәуіт әрбір жағдайда Ехоба оның қасында екенін білген, сондықтан көңілі тыныш болған. Ол: “[Ехоба] бар қорқынышымнан арылтты”,— деп жырлаған (Зәб. 34:4). Иә, Дәуіттің қорыққаны рас, бірақ Ехобаның сүйіспеншілігі оның қорқынышын сейілтіп тастаған.
18. Бойыңызды үрей билегенде, Ехобаның сүйіспеншілігі сізді қалай нығайтады?
18 Біздің де басымыздан сұмдық жағдайлар өтуі мүмкін. Осындайда Ехобаның бізді жақсы көретініне сенімді болудың қандай пайдасы бар? Сьюзи есімді ізашарды алайықшы. Ұлы өз-өзіне қол жұмсағанда, күйеуі екеуі қандай жаман күй кешкенін айтып берді: “Табан астынан басыңа осындай қасірет түссе, мүлдем ес жия алмай, дәрменсіз, бейшара күй кешеді екенсің. Бірақ Ехоба өзінің мейір-махаббатымен бізді құшағына алды, біз одан пана таптық”. Жоғарыда айтылған Рейчел болса былай дейді: “Бір күні түнде мен қатты қиналдым. Жүрегім қарс айырыла жаздап, бойымды үрей билеп, уайым шырмап алды. Сол кезде Ехобаға өкіріп жылап дұға еттім. Ехоба сол сәтте-ақ жүрегіме тыныштық сыйлап, жаныма жай берді. Мен анасының құшағынан жұбаныш тапқан сәбидей ұйықтап кеттім. Осы жағдайды ешқашан да ұмытпаспын”. Ал Тасос деген ақсақал әскерге бармағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Ехобаның сүйіспеншілігі мен аялы алақанын қалай сезінді? “Ехоба менің қажетімді артығымен қамдады. Сонда Ехобаға толық сенім арта алатыныма көзім жетті. Адамның еңсесін басатын түрменің өзінде Ехобаның киелі рухының арқасында қуанышты болып жүрдім. Бір түйгенім, Ехобадан еш ажырамай, жабысып алсам, әрі қарай да оның сүйіспеншілігіне бөлене беремін. Сөйтіп, мен түрмеде жүріп тұрақты ізашарлық қызметті бастадым”,— дейді ол.
МЕЙІР-МАХАББАТЫ МОЛ ҚҰДАЙЫҢЫЗҒА ЖАҚЫН БОЛЫҢЫЗ
19. а) Ехобаның бізді сүйетініне сенімді болсақ, қалай дұға айтамыз? ә) Сізге Ехобаның сүйіспеншілігін сипаттайтын қай сөздер әсіресе ұнады? (“ Ехобаның сүйіспеншілігін паш ететін сөздер” деген қоршауды қараңыз.)
19 Осы оқиғалардың бәрі “сүйіспеншіліктің Құдайы” Ехоба бізбен бірге екенін дәлелдейді (Қор. 2-х. 13:11). Ол әрқайсысымыздың қамымызды ойлайды. Оның “айнымас сүйіспеншілігіне бөленіп” жүргенімізге нық сенімдіміз (Зәб. 32:10). Бізге танытқан сүйіспеншілігі жайлы ойланған сайын, Ехобаның тірі тұлға екенін сезініп, оған жақындай түсеміз. Біз еш именбей, емін-еркін оған дұға етіп, сүйіспеншілігіне қаншалықты мұқтаж екенімізді айта аламыз. Бүкіл уайымымызды ашып айтамыз, себебі оның бізді түсінетінін және көмектесуге асық екенін білеміз (Зәб. 145:18, 19).
20. Неге біз Ехобаның сүйіспеншілігіне тартыламыз?
20 Аязды күні оттың жылуына асығатынымыздай, Ехоба да ыстық сүйіспеншілігімен бізді өзіне тартады. Оның сүйіспеншілігі өте күшті болса да, сондай аялы да нәзік. Ендеше, Ехобаның сүйіспеншілігіне кенеліп жүрген сіз бақыттысыз. Бізді сүйген Ехобаға берер жауабымыз мынандай болсын: “Мен Ехобаны жақсы көремін!” (Зәб. 116:1)
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?
-
Ехобаның сүйіспеншілігін қалай сипаттар едіңіз?
-
Ехобаның сізді қатты жақсы көретініне неге сенімдісіз?
-
Ехобаның сүйіспеншілігі сізді қандай сезімге бөлейді?
108-ӘН Құдайдың айнымас сүйіспеншілігі
a Кейбір есімдер өзгертілген.