Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Исраилдіктердің Мысырда құл болғанына Киелі кітаптан басқа қандай айғақтар бар?

Киелі кітапта мадияндықтар Жүсіпті Мысырға алып кеткен соң, рубасы Жақып пен оның үй іші Қанаханнан Мысырға көшкені айтылған. Олар Нілдің атырауындағы Гөшен жеріне қоныс тебеді (Мұс. 1-ж. 47:1, 6). Исраилдіктер “көбейген үстіне көбейіп, күшейе береді”. Содан мысырлықтар қорқып, оларды құлдыққа салады (Мұс. 2-ж. 1:7—14).

Киелі кітаптағы бұл оқиғаны кей сыншылар аңыз деп санап келді. Десе де семиттердің * ежелгі Мысырда құл болғандарына айғақтар бар.

Мысалы, археологтар солтүстік Мысырдан ежелгі қоныстарды тапты. Джон Бимсон деген Киелі кітап зерттеушісінің айтуынша, Мысырдың солтүстік аумағында семиттердің 20 не одан да көп қоныстары бар екеніне дәлел бар. Бұған қоса, мысыртанушы Джеймс Хоффмайер былай дейді: “Шамамен б. з. б. 1800 бен 1540 жылдар аралығында Азияның батысындағы семит тілді халықтар үшін Мысыр елі қоныстануға тартымды жер болған”. Ол тағы былай деп қосты: “Осы уақыт аралығы әулетбасылар заманы мен Жаратылыс кітабында жазылған оқиғалардың болған уақытына сай келеді”.

Мысырдың оңтүстігінен де тағы бір айғақ табылды. Орта патшалық (б. з. б. 2000—1600) кезеңіне жататын бір папируста оңтүстік Мысырдағы бір әулетте жұмыс істеген құлдардың тізімі жазылған. Олардың ішіндегі 40-тан аса құлдың есімі семит тілінде. Бұл құлдар немесе қызметшілер аспаз, тоқымашы не қара жұмысшы болған. Джеймс Хоффмайер былай деп тұжырымдайды: “Фиваидадағы (оңтүстік Мысыр) бір әулеттің өзінде қырықтан аса семиттер жұмыс істесе, демек, бүкіл Мысыр елі бойынша, әсіресе Нілдің атырауында олардың саны бұдан да көп болған”.

Дейвид Роул деген археолог осы тізімдегі кейбір құлдардың есімі “Киелі кітап беттерінде кездесетінін есімдерге ұқсас” екенін жазған. Мысалы, әлгі папирустағы есімдер Исахар, Ашир, Шипра деген есімдерге ұқсайды (Мұс. 2-ж. 1:3, 4, 15). “Бұл — исраилдіктердің Мысырда құл болғанының нақты дәлелі”,— дейді Дейвид Роул сөзін қорытындылап.

“Киелі кітаптағы Мысыр құлдығы және Мысырдан шығу жайлы оқиғалардың тарихи негізі берік”,— дейді Джон Бимсон.

^ 4-абзац Семит деген атау Нұхтың үш ұлының бірі Шамның есімінен шыққан. Еламдықтар, ассириялықтар, ертедегі халдейлер, еврейлер, сириялықтар және түрлі араб тайпалары Шамнан тараған көрінеді.