Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Шындықты қабылдаған монах қыздар

Шындықты қабылдаған монах қыздар

ОСЫДАН көп жыл бұрын, сіңлім Арасели ашуға мініп, маған: “Аузыңды жапшы. Сенің дінің жайлы ештеңе естігім келмейді. Сол туралы естісем, құсқым келеді. Сені көргім келмейді!”— деп айғайлады. Оның сөздері жүрегіме инедей қадалды. Қазір 91-ге келсем де, сол сөздер құлағымда әлі жаңғырып тұр. Бірақ Уағыздаушы 7:8-де айтылғандай, “істің бастамасынан гөрі соңы артық” (Фелиса).

Фелиса: Мен Испанияда қарапайым отбасында туып-өстім. Бүкіл отбасымызбен католик дінін ұстандық әрі өте діндар болдық. Жалпы алғанда, 13 туысымыз діни қызметкер не шіркеу жұмысшысы болды. Мысалы, анамның немере ағасы діни қызметкер, сондай-ақ католик мектебінде мұғалім болған. Ол өмірден өткенде, тіпті Рим папасы II Иоанн Павел оған құрмет көрсетіп, “әулиелердің” қатарына қосты. Әкем темір ұстасы болды, ал анам егістікте жұмыс істеді. Біз отбасында сегіз бала болдық, мен ең үлкені едім.

12 жаста болғанымда, Испанияда азаматтық соғыс басталды. Соғыстан соң үкімет әкемнің саяси идеяларын жақтырмай, оны түрмеге қамады. Бүкіл ауыртпалық анамның иығына түсіп, оған сегіз баланы асырау қиынға соқты. Содан анам Арасели, Лаури мен Рамони деген үш сіңлімді Бильбао қаласындағы әйелдер монастыріне жіберді. Сол жерде олардың аш-жалаңаш қалмасы анық еді.

Арасели: Ол кезде мен 14-те, Лаури 12-де, ал Рамони 10 жаста еді. Біз үй ішін қатты сағынатынбыз. Монастырьде міндетімізге тазалау жұмыстары кіретін. Екі жылдан кейін монах әйелдері бізді қарттарға күтім жасайтын Сарагосадағы үлкен монастырьге жөнелтті. Ол жерде асүйді жуып-тазалайтындықтан, діңкеміз құрып, қатты шаршайтынбыз.

Фелиса: Сіңлілерім Сарагосадағы монастырьге кеткенде, анам мен жергілікті шіркеуде діни қызметкер болған нағашы ағам мені де сол жерге жіберуді ұйғарды. Өйткені олар маған көз салып жүрген бір жігіттен мені қалқалағысы келді. Құдайды жақсы көргендіктен, монастырьде біраз уақыт болу туралы ой маған қатты ұнады. Мен шіркеуге күнде баратынмын. Тіпті Африкада жүрген бір туысым сияқты миссионер болғым келетін.

Сол жақта: Сарагосадағы монастырь, Испания. Оң жақта: Киелі кітаптың Накар-Колунга аудармасы

Бірақ монастырьге барғанда, бәрі мен ойлағандай болмай шықты. Ондағы монах әйелдер өзге елге барып Құдайға қызмет еткім келетінін құптаған да жоқ. Бір жылдан кейін діни қызметкер болған нағашы ағама қарау үшін үйге қайттым. Үйде оның жағдайын жасап, үй шаруасымен айналысып жүрдім. Ал күнде кешке ол екеуміз тәспі тартып дұға ететінбіз. Сондай-ақ мен шіркеуді және Мәриям мен “әулиелердің” бейнелерін гүлмен безендіргенді ұнататынмын.

Арасели: Сарагосада болған кезде монах болу үшін бірінші антымды бердім. Кейін монах әйелдер екі сіңлімнен ажыратып, мені Мадридтегі, Лауриді Валенсиядағы монастырьге жөнелтті. Ал Рамони Сарагосада қалды. Мадридте монах болу үшін мен екінші рет ант бердім. Монастырьді паналау үшін қарттар, студенттер және басқа да адамдар көптеп келетін. Сондықтан жұмыс бастан асатын. Мен сол жердегі ауруханада істедім.

Монах болатын кезімді асыға күткен едім. Өйткені көп уақытымды Киелі кітап оқуға, оны түсінуге жұмсаймын деп ойладым. Алайда үмітім ақталмады. Киелі кітап оқымақ түгілі, Құдай мен Иса жайлы ешкім сөз де қозғамайтын. Мен ол жерде бар болғаны аздап латынша үйрендім, католик “әулиелерінің” өмірлерін зерттедім және Мәриямға табынып жүрдім. Бірақ көп уақытымыз ауыр жұмыспен өтетін.

Содан еңсем түсіп, мазам кете бастады. Монастырьде жүріп жұртты байытқанша, жарымай отырған өз отбасыма көмектескенім артық деп ойладым. Сосын жетекші әйелмен сөйлесіп, монастырьден кеткім келетінін айттым. Бірақ ол мені райымнан қайтару үшін абақтыға қамап қойды.

Монах әйелдер кейін мені абақтыдан босатты. Алайда кетем деген ойымнан айнымағанымды білгенде, қайтадан қамап қойды. Бұл жағдай үш рет қайталанды. Ақырында, олар маған “Мен Құдайға емес, Шайтанға қызмет еткім келетіндіктен кетіп бара жатырмын” деп жазсам ғана жіберетіндерін айтты. Мұны естігенде, екі көзім шарасынан шығып кете жаздады. Монастырьден қанша кеткім келсе де, мұндай сөздерді жазуға дәтім бармас еді. Соңында, діни қызметкермен сөйлескім келетінін айттым. Сөйтіп, оған болған жайттың бәрін айтып бердім. Ол епископтан рұқсат сұрап, мені Сарагосадағы монастырьге қайтарды. Сол жерде бірнеше ай болған соң, ақыры кетуге рұқсат алдым. Көп ұзамай Лаури мен Рамони де монастырьден кетіп қалды.

БІЗДІ БІР-БІРІМІЗДЕН АЙЫРҒАН КІТАП

Фелиса

Фелиса: Біраз уақыт өткен соң тұрмысқа шығып, Испаниядағы Кантабрия провинциясына көштім. Мен бұрынғысынша шіркеуге үзбей барып тұрдым. Бірде жексенбі күні діни қызметкер бұлқан-талқан болып: “Мына кітапты көрдіңдер ме?”— деді. Ол бізге “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” деген кітапты көрсетті. Сосын ол: “Егер біреу сендерге осы кітапты берсе, маған әкеліңдер не лақтырып тастаңдар!”— деді.

Ол кітап менде жоқ еді, бірақ болғанын қатты қаладым. Бірнеше күннен соң үйге екі әйел келді. Олар Ехоба куәгерлері еді, екеуі маған әлгі кітапты ұсынды. Мен оны сол түні-ақ оқып шықтым. Куәгерлер қайтып келгенде, маған Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынды. Мен келісе кеттім.

“Шындық” кітабы

Мен әрдайым Құдайға ұнайтынды істегім келетін. Кейін Ехоба жайлы біліп, оны қатты жақсы көріп кеттім. Ол туралы бәріне айтқым келді. Содан 1973 жылы шомылдыру рәсімінен өттім. Орайы келген кездің бәрінде отбасыма шындықты айтуға тырыстым. Бірақ олар, әсіресе Арасели, маған адасып жүрсің деп қоймады.

Арасели: Монастырьде көрген қорлығымнан өз дініме деген жағымсыз көзқарас қалыптасты. Бірақ жексенбі сайын шіркеуге барып, күнде тәспі тартып дұға етіп жүрдім. Киелі кітапты түсінуге деген ықыласым әлі сөнген жоқ еді, сондықтан Құдайдан көмек сұрадым. Кейін Фелиса маған Киелі кітаптан оқып-білгендері жайлы айтты. Оның беріліп айтқаны сонша — оны фанатик деп ойладым. Оның айтқандарымен мүлдем келіспедім.

Арасели

Кейін жұмыс істеу үшін Мадридке қайтып барып, сол жақта тұрмысқа шықтым. Жылдар бойы мен шіркеуге баратындардың шын мәнінде Исаның ілімдеріне сай өмір сүрмейтінін көріп жүрдім. Содан шіркеуге баруды қойдым. Енді “әулиелерге” де, тозаққа да, діни қызметкерлер күнәні кешіре алады дегенге де сенбейтін болдым. Тіпті діни мүсіндерімнің бәрінен арылдым. Істеп жатқаным дұрыс па, бұрыс па, білмедім. Бәрінен көңілім қалды. Бірақ Құдайға: “Сен жайлы білгім келеді. Көмектесші маған!”— деп дұға ете бердім. Ехоба куәгерлері есігімді талай қаққаны есімде, бірақ мен ешқашан ашқан емеспін. Өйткені дінге сенуден қалған едім.

Бұл кезде Лаури Францияда, ал Рамони Испанияда тұрып жатты. 1980 жылдары олар да Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Фелиса сияқты, олардың да адасып жүргеніне сенімді едім. Кейінірек көршілерімнің бірі Анжелинамен танысып, екеуміз жақын дос болып кеттік. Ол да Ехоба куәгері еді. Анжелина мен күйеуі Киелі кітапты зерттеуді қайта-қайта ұсынды. Мен дінге қызықпаймын дегеніммен, Киелі кітап жайлы білімге сусап жүргенімді олар аңғарып қойды. Содан бір күні оларға: “Жарайды. Киелі кітапты зерттесек, зерттейік. Бірақ бір шартым бар: мен өз Киелі кітабымды қолданамын!”— дедім. Ол кезде менде Киелі кітаптың Накар-Колунга аудармасы болған еді.

КИЕЛІ КІТАП БІЗДІ БІРІКТІРДІ

Фелиса: Мен 1973 жылы шомылдыру рәсімінен өткенде, Кантабрияның астанасы Сантандерде шамамен 70 Куәгер болды. Аумағымыз өте үлкен болғандықтан, провинцияның о шеті мен бұ шетіне автобуспен, кейін көлікпен жүретінбіз. Біз жүздеген ауылдарға барып, уағыздайтынбыз.

Мен көп адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткіздім және олардың 11-і шомылдыру рәсімінен өтті. Зерттеу сабағын өткен адамдарымның көбісі католиктер еді. Бұл асқан шыдамдылықты қажет етті. Кезінде нанымдарымның дұрыс емес екенін түсіну үшін маған уақыт қажет болғанындай, оларға да уақыт қажет еді. Мен адамға ой қалпын өзгертіп, шындықты түсінуге тек Киелі кітап пен Ехобаның киелі рухы ғана көмектесе алатынын білдім (Еврейлерге 4:12). Күйеуім Бенвенидо бұрын полиция қызметкері болған. Ол 1979 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Ал анам көз жұмар алдында Киелі кітапты зерттеуді бастаған еді.

Арасели: Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағанымда, оларға аса сенбейтінмін. Бірақ уақыт өте келе күдігім сейілді. Мен олардың Киелі кітап ілімдерін үйретіп қана қоймай, өздері де соларға сай өмір сүретінін көрдім. Содан Ехобаға және Киелі кітапқа деген сенімім артып, өзімді әлдеқайда бақытты сезіндім. Көршілерімнің кейбірі мұны байқап: “Арасели, қазіргі түскен жолыңнан тайма!”— деді.

Бірде: “Ехоба, менен теріс айналмай, іздеп жүрген Киелі кітаптағы шындықты табуға талай рет мүмкіндік бергенің үшін көп рақмет”,— деп дұға еткенім есімде. Сондай-ақ кезінде ауыр сөздер айтқаным үшін Фелисадан кешірім сұрадым. Содан бері екеуміз дауласпай, Киелі кітап жайлы қуана әңгімелесетін болдық. 1989 жылы 61 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім.

Фелиса: Мен қазір 91 жастамын. Күйеуім марқұм болып кеткен. Бұрынғыдай көп нәрсе істей алмасам да, Киелі кітабымды күнде оқимын, қауым кездесулеріне барып, шамам келгенше уағызға шығып тұрамын.

Арасели: Бұрын өзім монах болғандықтан ба, кездескен діни қызметкерлер мен монах әйелдерге Ехоба туралы айтқанды жақсы көремін. Олардың көбісіне кітап-журналдар қалдырып, кейбірімен жақсы әңгімелестім. Әсіресе бір діни қызметкермен сөйлескенім әлі есімде. Бірнеше рет әңгімелескен соң ол айтқанымның бәрімен келісті. Сосын маған: “Мынадай жасымда қайда барам? Шіркеуге келушілер мен отбасым не дейді?”— деді. “Ал Құдай не дейді?”— деп жауап бердім мен. Ол көңілі түсіп, басын изеді. Бірақ шындықты қабылдауға батылы жетпеді.

Мен күйеуімнің алғаш рет қауымға барғым келеді деп айтқан кезін ешқашан ұмытпаспын. Бірінші рет кездесуге келгенде, оның жасы 80-де еді. Содан кейін кездесулерді ешқашан қалдырған емес. Ол Киелі кітапты зерттеп, уағыздай бастады. Екеуміз қызметте небір керемет сәттерді бастан кештік. Ол шомылдыру рәсімінен өтерінен екі ай бұрын дүниеден өтті.

Фелиса: Ехобаға қызмет ете бастағанымда, үш сіңлім маған қарсы болған еді. Бірақ кейін үшеуі де шындықты қабылдады. Бұл өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі еді. Бәріміз жиналып, сүйікті Құдайымыз Ехоба мен оның Сөзі жайлы әңгімелесіп, арқа-жарқа боп қалатынбыз! Ақыры, басымыз қосылып, Ехобаға қуанышпен ғибадат етіп жүрміз! *

^ 29-абзац Қазір Фелиса 91-де, Арасели 87-де, ал Рамони 83-те. Үшеуі де Ехобаға адал қызмет етіп келеді. Ал Лаури адалдығын сақтап, 1990 жылы қайтыс болды.