Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ғибадат ету үшін неге бас қосуымыз қажет?

Ғибадат ету үшін неге бас қосуымыз қажет?

“Олар... өзара араласып жүрді” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 2:42).

ӘНДЕР: 20, 119

1—3. а) Мәсіхшілер бірге бас қосуды бағалайтындарын қалай көрсетеді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Бұл мақалада не қарастырылады?

КАРИНА 17 жаста болғанда, анасы тұтқындалып, жырақтағы еңбекпен түзету лагеріне жөнелтілді. Кейін Каринаның өзі де үйінен мыңдаған шақырым жердегі Сібірге айдалды. Сол жерде ол фермада жұмыс істеп, ондағылар Каринаға тура бір күң іспетті қарады. Кейде ол үстіндегі жұпыны киімімен далада қақаған аязда жұмыс істейтін. Осындай күйде жүрсе де, Карина мен қасындағы бір қыз бауырлас фермадан байқатпай шығып, қауым кездесуіне бару үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге бекінеді.

2 Карина былай дейді: “Біз бір күні кешкісін жұмыстан кетіп, 25 шақырымдағы теміржол бекетіне қарай жаяу тарттық. Пойыз орнынан сағат түнгі 2-де жылжып, 6 сағат бойы жол жүрдік. Ал пойыздан түскен соң, қауым кездесуі өтетін жерге дейін тағы да 10 шақырым жаяу жүрдік”. Осындай ауыр сапар шеккеніне Карина еш өкінбеді. Ол сөзін былай деп жалғастырды: “Кездесуде біз “Күзет мұнарасын” зерттедік, Патшалық әндерін шырқадық. Бұл бізге зор дем беріп, сенімімізді қатайтты”. Осы екі бауырласымыз жұмыстарына үш күннен кейін оралды, бірақ ферма меңгерушісі олардың жоқтығын байқаған да жоқ.

3 Ехобаның халқы бірге бас қосатын сәттерді қашанда жоғары бағалаған. Мысалы, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Ехобаға ғибадат етіп, ол жайлы білім алу үшін бірге жиналуға асық болған (Елшілердің істері 2:42). Сізге де қауым кездесулеріне бару ұнайтын шығар. Бірақ көптеген бауырластарға сияқты, сізге де жиналыстарға жүйелі түрде барып тұру оңай емес болар. Бәлкім, жұмыстан қолыңыз тимейтін шығар не басқа да шаруаңыз бастан асар, я болмаса күнделікті күйбең тірліктен шаршап жүрген боларсыз. Ендеше, осы кедергілерді жеңіп, кездесулерден қалмауға не көмектеседі? [1] (20-беттегі сілтемені қараңыз). Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарды және басқаларды кездесулерімізге жүйелі түрде барып тұруға қалай талпындыра аламыз? Бұл мақалада неге кездесулерге барғанымыз 1) өзіміз үшін пайдалы екені, 2) өзгелерге көмек болатыны, 3) Ехобаға ұнамды екені түсіндіріледі [2] (20-беттегі сілтемені қараңыз).

КЕЗДЕСУЛЕРГЕ БАРҒАНЫМЫЗ ӨЗІМІЗ ҮШІН ПАЙДАЛЫ

4. Қауым кездесулері Ехоба жайлы біле түсуге қалай көмектеседі?

4 Кездесулерде тәлім аламыз. Әрбір кездесуде біз Ехоба жайлы біле түсеміз. Мысалы, көптеген қауымдар Киелі кітап зерттеу кездесуінде “Ехобаға жақында” кітабын қарастырған. Сол кезде Ехобаның қасиеттері жайлы талқылағанда және бауырластардың шын жүректен айтқан түсініктемелерін естігенде, не сезіндіңіз? Ехобаны одан сайын жақсы көре түскен шығарсыз. Сондай-ақ кездесулерде болатын баяндамалар мен көріністерге ден қойып, оқылатын Киелі кітап үзінділерін мұқият тыңдасақ, Құдай Сөзін жақсырақ біле түсеміз (Нехемия 8:8). Апта сайынғы көңіл бұрарлық ойларға дайындалғанда және өзгелердің алған сабақтарын естігенде қаншама нәрсе білеміз десеңізші!

5. Қауым кездесулері сізге Киелі кітаптан білгендеріңізді өмірде қолдануға және қызметіңізді жақсартуға қалай көмектесті?

5 Кездесулерде Киелі кітап принциптерін өмірімізде қалай қолдануды үйренеміз (Салоникалықтарға 1-хат 4:9, 10). Мысалы, “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуі сізді Ехобаға көбірек қызмет етуге, дұғаларыңызды жақсартуға не бауырластарды кешіруге талпындырған кезі болды ма? Ал апта ішінде өтетін кездесуде қызметімізге қатысты тәлім аламыз. Біз ізгі хабарды қалай уағыздау керектігін және Киелі кітаптағы шындықты өзгелерге қалай түсіндіруге болатынын үйренеміз (Матай 28:19, 20).

6. Қалай қауым кездесулері бізге қанат бітіріп, күш береді?

6 Кездесулеріміз бойымызға қанат бітіреді. Шайтанның дүниесі сенімімізді әлсіретуге тырысып бағады, жігерімізді құм қылғысы келеді. Ал кездесулеріміз болса бізді қанаттандырып, Ехобаға әрі қарай да қызмет етуге күш береді (Елшілердің істері 15:30—32 оқыңыз). Мысалы, қауымда Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың қалай жүзеге асқанын жиі талқылап жатамыз. Бұл Ехобаның болашаққа қатысты уәделерінің де орындалатынына көзімізді жеткізе түседі. Қауымда баяндама айтатын бауырластардан ғана емес, сондай-ақ түсініктеме беретін, Ехобаны мадақтап шын жүректен ән шырқайтын бауырластардан да жігер аламыз (Қорынттықтарға 1-хат 14:26). Ал қауым кездесуіне дейін және кейін олармен араласқанда, бір марқайып қаламыз. Өйткені шын көңілден қамымызды ойлайтын достарымыздың көп екенін көреміз (Қорынттықтарға 1-хат 16:17, 18).

Кездесулеріміз бізді қанаттандырып, Ехобаға әрі қарай да қызмет етуге күш береді

7. Қауым кездесулеріне бару неге өте маңызды?

7 Кездесулерде киелі рухтың көмегін сеземіз. Иса қауымдарға киелі рух арқылы жетекшілік етеді. Ол бізді “киелі рухтың қауымдарға айтқандарын тыңдауға” шақырған (Аян 2:7). Киелі рух бізге азғырылуға берілмеуге және батыл уағыздауға көмектеседі. Сондай-ақ дұрыс шешімдер қабылдауға жәрдемдеседі. Олай болса, кездесулерімізге барып, киелі рухты алу үшін қолымыздан келгенді істеуіміз керек емес пе?!

КЕЗДЕСУЛЕРГЕ БАРҒАНДА, ӨЗГЕЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСЕМІЗ

8. Кездесулерге барғанымыз, түсініктеме бергеніміз және ән айтқанымыз бауырластарға қалай көмектеседі? (“ Ол қауымнан кейін бір жасап қалады!” деген қоршауды да қараңыз.)

8 Кездесулерде бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге мүмкіндік туады. Қауымымызда көптеген бауырластар небір қиындықтарға кезігуде. Сондықтан елші Пауылдың: “Бір-бірімізге көңіл бөлейік”,— деген сөздері өте орынды (Еврейлерге 10:24, 25). Бұлай ету үшін жиналыста бас қосқанымыз маңызды. Кездесулерге баруымызбен бауырластарымызға олармен бірге болып, араласқымыз келетінін және оларды ойлайтынымызды көрсетеміз. Сондай-ақ түсініктемемізбен және шын жүректен айтқан әнімізбен оларды жігерлендіреміз (Қолостықтарға 3:16).

9, 10. а) Жохан 10:16-дағы Исаның сөздері бауырластармен бас қосудың маңыздылығын түсінуге қалай көмектеседі? Түсіндіріңіз. ә) Қауымға жүйелі түрде барсақ, жанұясы бас тартқан бауырластарға қалай көмектесе аламыз?

9 Кездесулерге барсақ, бауырластарға өзара жақын болуға көмектесеміз (Жохан 10:16 оқыңыз). Иса өзін бағушыға, ал ізбасарларын отарға теңеген. Ойлап көріңізші, егер екі қой қырда, екі қой сайда, ал бір қой тағы басқа жерде жайылып жүрсе, осы бес қойды бір отар деуге бола ма? Жоқ, әрине. Әдетте отардағы қойлар бірге жүріп, бағушысының соңынан ереді. Сол сияқты, бауырластарымыздан бөлектенетін болсақ, Бағушымыздың соңынан ере алмаймыз. “Бір бағушысы бар бір отарда” болғымыз келсе, басқа мәсіхшілермен бірге бас қосуымыз қажет.

10 Қауым кездесулері бізге бірлігі жарасқан отбасындай болуға көмектеседі (Зәбүр 133:1). Қауымымызда ата-анасы мен туған бауырлары бас тартқан бауырластар бар. Алайда Иса мұндай бауырластарға өздерін жақсы көріп, қамын ойлайтын отбасы сыйлайтынын уәде еткен (Марқа 10:29, 30). Кездесулерге жүйелі түрде келетін болсақ, қауымда біреулер үшін әке не шеше, әпке не сіңлі, аға не іні бола аламыз. Осы жайтты есте ұстағанымыз бізді мейлінше қауымнан қалмауға талпындырады емес пе?!

КЕЗДЕСУЛЕРГЕ БАРҒАНЫМЫЗ ЕХОБАҒА ҰНАМДЫ

11. Қауым кездесулері Ехобаға тиесіліні беруге қалай көмектеседі?

11 Кездесулерде Ехобаға тиесіліні береміз. Жаратушымыз болғандықтан, Ехоба мадақ пен даңққа, құрмет пен ризашылыққа лайық (Аян 7:12 оқыңыз). Ехобаға тиесілі осы нәрселерді біз қалай бере аламыз? Мысалы, қауымда дұға ету, ән шырқау және ол туралы айту арқылы. Апта сайын Ехобаға ғибадат етуге мүмкіндігіміздің болғаны неткен керемет!

Ехоба қауымға барғымыз келетінін әрі оған қатысу үшін барынша күш салатынымызды көріп, бағалайды

12. Жиналыстарды қалдырмауға қатысты бұйрығына мойынсұнсақ, Ехоба не сезінеді?

12 Бізді жаратқандықтан, Ехоба мойынсұнуымызға да лайық. Ол бізге әсіресе осы дүниенің соңы жақындап қалған уақытта жиналыстарды қалдырмауды бұйырған. Осы бұйрыққа құлақ ассақ, бұл Ехобаға қатты ұнайды (Жоханның 1-хаты 3:22). Ол біздің кездесулерге шынымен барғымыз келетінін әрі оларға қатысу үшін барынша күш салатынымызды көріп, бағалайды (Еврейлерге 6:10).

13, 14. Қауым кездесулерінде Ехоба мен Исаға қалай жақындай аламыз?

13 Кездесулерге баруымызбен Ехобаға және оның Ұлына жақындағымыз келетінін көрсетеміз. Қауымда Ехоба бізге Киелі кітап беттері арқылы өмірімізге бағыт-бағдар береді (Ишая 30:20, 21). Тіпті Ехобаға қызмет етпейтін адамдардың өзі кездесулерге келгенде: “Құдай шынымен сендердің араларыңда!”— деп жатады (Қорынттықтарға 1-хат 14:23—25). Ехоба қауымға киелі рухымен басшылық етеді және сондағы берілетін тәлімнің бәрі одан келеді. Сондықтан біз қауым кездесулеріне барғанда, Ехобаның айтып жатқандарын естиміз, оның бізді қаншалықты жақсы көретінін сеземіз, ал нәтижесінде, оған жақындай түсеміз.

14 Қауымның Басы Иса: “Менің атымнан екі не үш адам жиналса, мен де солардың араларында боламын”,— деген (Матай 18:20). Тағы бір жазба орнында Исаның қауымдардың “арасында жүргені” айтылған (Аян 1:20—2:1). Ойлап көріңізші, кездесулерде Ехоба мен Исаның өзі бізбен бірге болып, нығайтады! Өзіне және Ұлына жақындау үшін барымызды салып жатқанымызды көргенде, Ехобаның нендей сезімде болатынын елестетіп көріңізші!

15. Қалай кездесулерге барғанымыз Ехобаның билігіне мойынсұнғымыз келетінін көрсетеді?

15 Кездесулерге баруымызбен Ехобаның бүкіләлемдік билігіне мойынсұнғымыз келетінін көрсетеміз. Ехоба бізге жиналыстарға баруды бұйырғанмен, оған мойынсұнуға бізді мәжбүрлемейді (Ишая 43:23). Сондықтан осы бұйрығына шын жүректен құлақ асқан кезде, оны жақсы көретінімізді және оның Билеуші ретінде бізге бұйрық беруге құқы бар екенін мойындайтынымызды көрсетеміз (Римдіктерге 6:17). Мысалы, бастығымыз бізден көбірек жұмыс істеуді талап етіп, қауым кездесулеріне жүйелі түрде бара алмайтын болсақ, не істейміз? Бәлкім, билік басындағылар Ехобаға ғибадат етуге жиналсақ, айыппұл салатынын, түрмеге жабатынын не одан да ауыр жаза қолданатынын айтып қорқытатын шығар. Я болмаса кей кездері қауымға барудың орнына көңіл көтергіміз келер. Осындай жағдайлардың бәрінде кімге мойынсұнатынымызды шешуіміз керек болады (Елшілердің істері 5:29). Ехобаның билігіне мойынсұнуды шешкен әрбір жағдайда, оның жүрегі қуанышқа бөленеді (Нақыл сөздер 27:11).

БАУЫРЛАСТАРМЕН БАС ҚОСУДЫ ДОҒАРМАЙЫҚ

16, 17. а) І ғасырдағы мәсіхшілер үшін бас қосып тұру маңызды болғанын қайдан білеміз? ә) Джордж Гангас бауырлас қауым кездесулері жайлы қандай ойда болған?

16 Б. з. 33 жылы өткен Елуінші күн мейрамынан кейін де мәсіхшілер Ехобаға ғибадат ету үшін жүйелі түрде бас қосып тұрды. Олар “елшілерден тәлім алып, өзара араласып жүрді” (Елшілердің істері 2:42). Тіпті Рим үкіметі мен яһуди дінбасылары қудалаған кезде де, олар бірге жиналуды доғармады. Бұл оңайға соқпаса да, олар үзбей жиналып тұру үшін қолдан келгеннің бәрін істеді.

17 Біздің күнімізде де Ехобаның қызметшілері қауым кездесулері үшін шексіз риза. 22 жылдан аса Басқарушы кеңестің мүшесі болған Джордж Гангас бауырлас былай деген еді: “Мен үшін бауырластармен бас қосу — өмірдегі ең қуанышты сәттердің бірі, жігердің қайнар көзі. Мүмкіндігінше Патшалық сарайына бірінші болып келіп, соңғы болып қайтқанды жақсы көремін. Құдайдың халқымен араласқанда бойымды қуаныш кернейді. Олардың арасында болғанда өзімді үйде отбасыммен бірге болғандай, рухани жұмақта жүргендей сезінемін. Компастың тілі үнемі солтүстікке бұрып тұратынындай, менің де жүрегім үнемі қауым кездесулеріне бұрып тұрады”.

18. Қауым кездесулеріміз жайлы не ойлайсыз және бұл орайда не істеуге бекіндіңіз?

18 Сіздің Ехобаға ғибадат ету үшін бас қосуға қатысты көзқарасыңыз Гангас бауырластікіндей ме? Егер солай болса, тіпті қиын болған кездерде де, қауым кездесулеріне баруға әрі қарай да күш сала беріңіз. Сонда “Ехоба, сен тұратын үйді мен жақсы көремін” деген Дәуіттің сөздерімен толықтай келісетініңізді көрсетесіз (Зәбүр 26:8).

^ [1] (3-абзац) Кейбір бауырластарымыз ауыр дерт сияқты өздері өзгерте алмайтын жағдайлардың кесірінен кездесулерге жүйелі түрде бара алмайды. Ехоба олардың жағдайын түсінеді және өзіне ғибадат ету үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатқандарын жоғары бағалайды. Бұл бауырластар кездесулерді тыңдай алуы үшін ақсақалдар көмек көрсете алады. Бәлкім, оларға бағдарламаны телефон арқылы тыңдатқызар не құрылғыға жазып берер.

^ [2] (3-абзац) “ Кездесулерге барудың себептері” деген қоршауды қараңыз.