ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | НЕКЕ
Ризашыл болыңыз
ҚИЫНДЫҚ
Неке берік болу үшін жұбайлардың бір-біріне ризашылықтарын білдіріп отырғаны аса маңызды. Алайда көп адам жұбайларының жақсы істерін байқаудан қалып, жылы сөзге сараң болып жатады. Бір психолог-кеңесші өзіне келіп тұратын ерлі-зайыптылардың некедегі бар нәрселер жайлы емес, жоқ нәрселерді ойлап уайымдайтынын байқаған. Өз еңбегінде ол тағы былай деді: “Олардың бар айтатыны — некедегі өзгермеуі керек нәрселер емес, өзгеруі керек нәрселер. Бұл жұбайлар бір-біріне ризашылық білдіру арқылы сүйіспеншілік көрсетуден қалған. Міне, әрбір жұптың жасап отырған қателігі — осында” (“Emotional Infidelity”).
Өзіңіз де, жұбайыңыз да осы қателікті жасағыларыңыз келмейтін шығар. Ендеше не істеуге болатынын көрейік.
МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН
Жұбайлардың ризашыл болғаны кикілжіңді азайтады. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің жақсы қасиеттерін байқап, сол үшін алғыс айтып отырса, қарым-қатынастары жақсара түседі. Бір-бірі үшін бағалы екенін білетін жұбайлардың арасындағы үлкен келіспеушіліктердің өзі тез шешілуі мүмкін.
Әйелдерге құлаққағыс. Жоғарыда аталған еңбекте айтылғандай, “отағалары отбасын асырауға қатысты үлкен жауапкершілік сезінетіндерін көп әйелдер ескере бермейді”. Кей елдерде тіпті жұбайлардың екеуі де жұмыс істегенмен, күйеулер табыс табуды өздерінің міндеті санауы мүмкін.
Күйеулерге құлаққағыс. Ерлер әйелдерінің отбасына қосып жатқан үлесін, мысалы жұмыс істеу, бала тәрбиелеу не үй тірлігімен айналысу сияқты істерін, жиі елемей жатады. Тұрмыс құрғанына үш жылдай уақыт болған Фиона * былай дейді: “Қателеспейтін пенде жоқ. Мүлт кеткен кезімде мен қатты опық жеп, жаман боламын. Ал күйеуім үй тірлігін атқарғаным үшін мақтап қойса, оның мені кемшіліктеріме қарамастан әлі де сүйетініне көзім жетеді. Мұндайда оның қолдауын сезініп, еңсем көтеріліп қалады”.
Ал егер жұбайлардың бірі отбасында өзін құнсыз сезінсе, мұндай некенің іргесі шайқалуы мүмкін. “Жарың үшін бағалы екеніңді сезінбесең, сені бағалайтын басқа адамға көңілің ауып кетуі оп-оңай”,— дейді Валерия есімді бір әйел.
СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?
Байқай біліңіз. Алдағы аптада жұбайыңыздың танытқан жақсы қасиеттеріне назар аударып көріңіз. Сондай-ақ оның үй шаруасына қосып жатқан үлесін байқай біліңіз. Мүмкін, осы уақытқа дейін сол тірліктерді жарыңыздың мойнындағы міндет деп қана қарастырған шығарсыз. Аптаның соңында қағаз алып, 1) жарыңыздың сіз бағалайтын жақсы қасиеттерін және 2) оның отбасының қамы үшін жасап жатқан игі істерін тізіп жазып қойыңыз (Киелі кітаптың кеңесі: Філіпіліктерге 4:8).
Байқай білген неге маңызды? “Бірнеше жыл отасқаннан кейін,— дейді Эрика есімді әйел,— жарыңды бағаламай кетуің мүмкін. Оның жасаған жақсы істерін байқаудан қалып, нені істемей жатқанына көбірек назар аударасың”.
“Жұбайымның аянбай атқарған еңбегін үйреншікті, кәдімгі нәрсе ретінде қабылдаймын ба?” деп өз-өзіңізді тексеріп көріңіз. Мысалы, күйеуіңіз үйдегі бұзылған қандай да бір нәрсені жөндесе, мұны оның міндеті санағандықтан алғыс айтудан тартынасыз ба? Ал егер сіз отағасы болсаңыз, балаға қарау әйелдің міндеті деп, оның осы ретте істеген еңбегі үшін ризашылық білдірмей жүрген жоқсыз ба? Жарыңыздың отбасының қамы үшін істеген үлкенді-кішілі барлық істерін байқап, сол үшін алғыс білдіруді мақсат еткейсіз (Киелі кітаптың кеңесі: Римдіктерге 12:10).
Мақтауға сараң болмаңыз. Киелі кітап бізді “әрдайым алғыс білдіруге” шақырады (Қолостықтарға 3:15). Сондықтан жұбайыңызға ризашылық білдіруді әдетке айналдыруға тырысып көріңіз. Джеймс есімді отағасы былай дейді: “Әйелім менің еңбегім үшін ризашылығын білдіргенде, жақсы күйеу болуға және некені нығайтуға одан да көп күш салғым келіп кетеді” (Киелі кітаптың кеңесі: Қолостықтарға 4:6).
Бір-біріне ризашылық білдіріп отыратын ерлі-зайыптылар некелерін нығайта алады. Майкл есімді бір отағасы былай дейді: “Ойран болған отбасыларындағы жұбайлар бір-бірінің жақсы жақтарына көбірек назар аударғанда, көп некені сақтауға болар еді. Өйткені араларындағы жақсы нәрселерді еске алып тұратын ерлі-зайыптылар қиындық туындағанда бірден ажырасуды ойламайды”.
^ 9-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.