Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ал енді Құдайды білгеннен кейін” не істейміз?

“Ал енді Құдайды білгеннен кейін” не істейміз?

“Ал енді Құдайды білгеннен кейін...” (ҒАЛ. 4:9).

1. Неге ұшқыш әуеге көтерілмес бұрын, тексеру қағазы бойынша ұшақты тексереді?

ӘЛЕМДЕГІ ең үздік ұшақтың ұшқыштары әуеге көтерілмес бұрын, ұшақты 30-дан астам бөлімнен тұратын тізім бойынша тексереді. Егер олар ұшақты осы тексеру қағазы бойынша әр кез мұқият тексеріп тұрмаса, онда апатқа ұшырау қаупі ұлғая түседі. Қалай ойлайсың, мұндай тексеру өткізуді қандай ұшқышқа әрдайым ескертіп тұру қажет? Өте тәжірибелі ұшқышқа! Тәжірибелі ұшқыш өз-өзіне сенімді болып, тексеруді егжей-тегжейлі жүргізбей қоюы мүмкін.

2. Мәсіхшілер нені тексеріп отырғандары жөн?

2 Қауіпсіздікті ойлайтын ұшқыш сияқты сен де қиындықтарда сенімің шайқалмайтынына көз жеткізу үшін, бейнелі тексеру қағазын қолдана аласың. Жаңадан шомылдыру рәсімінен өтсең де, Құдайға көп жылдан бері қызмет етіп келе жатсаң да, Ехоба Құдайға деген сенімің мен адалдығың қаншалықты берік екенін үнемі және мұқият тексеріп отырғаның өте маңызды. Бұлай етпесең, рухани апатқа ұшырауың мүмкін. Киелі кітап бізді былай деп ескертеді: “Өзін “сенімімде берік тұрмын” деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын!” (Қор. 1-х. 10:12).

3. Ғалатиядағы мәсіхшілерге не істеу керек еді?

3 Ғалатиядағы мәсіхшілер сенімдерінің қаншалықты берік екенін тексерулері және рухани еркіндіктерін бағалаулары керек еді. Өмірін құрбан ету арқылы Иса өзіне сенім артатындар үшін Құдайды ерекше мағынада танып білуге — оның ұлдары болуға — жол ашты (Ғал. 4:9). Осындай керемет қарым-қатынасты сақтау үшін, ғалаттықтарға Мұса заңын ұстануға үгіттеп жүргендердің ілімдерінен бас тарту керек болды. Оның үстіне, бұл сүндеттелмеген басқа ұлттың адамдары ешқашан Заңға бағынышты болмаған да еді.  Қауымдағы яһудилерге де, басқа ұлт адамдарына да рухани өсу керек болды. Бұл үшін олар Мұса заңын ұстану арқылы Құдай алдында әділ бола алмайтынын түсіну керек-тін.

ҚҰДАЙДЫ БІЛУ ҮШІН ЖАСАЛАТЫН БАСТАПҚЫ ҚАДАМДАР

4, 5. Пауыл ғалаттықтарға қандай кеңес берген және оның бізге қандай қатысы бар?

4 Елші Пауылдың ғалаттықтарға берген кеңесінің мақсаты — барлық шынайы мәсіхшілерді Киелі кітаптан білген шындықты тастап кетпеуге және артта қалған нәрселерге қайта оралмауға талпындыру. Ехоба елші Пауыл арқылы тек Ғалатиядағы қауымды ғана емес, барлық қызметшілерін сенімде берік болып қалуға шақырады.

5 Барлығымыздың қалай рухани құлдықтан босатылғанымызды және Ехоба куәгерлерінің бірі болғанымызды есте ұстағанымыз жақсы. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өту үшін қандай қадамдар жасағаның есіңде ме? Құдайды қалай білгенің, оның сені білгені және осының арқасында қалай рухани еркіндікке жеткенің есіңде ме?

6. Біз қандай тексеру қағазын қарастырамыз?

6 Барлығымыз да бастапқыда тоғыз қадам жасадық. Тексеру қағазындағы бөлімдер іспетті бұл қадамдар  “Шомылдыру рәсіміне және рухани өсуге жетелейтін қадамдар” деп аталатын қоршауда көрсетілген. Оларды арагідік еске алып тұрғанымыз бізге осы дүниедегі нәрселерге қайта оралмауға қажетті күш береді. Тәжірибелі, сөйте тұра сақ ұшқыш ұшар алдында тексеру қағазы бойынша ұшақты тексеріп тұрғанының арқасында қауіпсіз болады. Сол сияқты біз де бейнелі қағаз бойынша рухани күйімізді әрдайым тексеріп отырғанымыздың арқасында Құдайға табандылықпен адал қызмет ете беретін боламыз.

ҚҰДАЙ БІЛЕТІН АДАМДАР ӘРІ ҚАРАЙ РУХАНИ ӨСЕ БЕРЕДІ

7. Бізге ненің үлгісіне сай жүріп-тұру керек және неліктен?

7 Ұшқыш әуеге көтерілмес бұрын ұшақты әр кез мұқият тексеретіні сияқты, біз де өзімізді және шомылдыру рәсімінен өткелі бері қалай өмір сүріп жатқанымызды үнемі тексеріп тұра аламыз. Елші Пауыл Тімөтеге былай деп жазды: “Мәсіх Исамен бірлікте болудан туатын сенім мен сүйіспеншілік көрсете отырып, менен естіген дұрыс ілімнің үлгісін бұдан былай да берік ұстан” (Тім. 2-х. 1:13). “Дұрыс ілімнің үлгісі” Құдай Сөзінде жазылған (Тім. 1-х. 6:3). Суретшінің жасаған алғашқы нобайы болашақ суреттің қандай болатынын көрсететіндей, “дұрыс ілімнің үлгісі” де бізге Ехоба жалпы нені талап ететінін түсініп, соны орындауға көмектеседі. Олай болса, шомылдыру рәсімінен өтер алдында жасаған қадамдарымызды қарастырып, шындықтың үлгісін қаншалықты жақсы ұстанып жүргенімізді тексерейік.

8, 9. а) Біліміміз бен сенімімізге қатысты не істеуіміз қажет? ә) Рухани өсудің маңыздылығы мен оның үздіксіз жүретіндігін мысалмен түсіндір.

8 Тексеру қағазымыздың бірінші бөлімі — білім алу. Осының арқасында бізде сенім пайда болды. Дегенмен бізге әрі қарай да білімімізді тереңдетіп, сенімімізді нығайта беру қажет (Сал. 2-х. 1:3). Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін біз бір орында тұрып қалмай, рухани өсе беруіміз керек.

Ағаштың өсімі тоқтамайды, мәсіхшінің де рухани өсімі тоқтамау керек

9 Рухани өсу ағаштың өсуіне ұқсайды. Терең не кең тамыр жайған болса, ағаш өте биік болып өсе алады. Мысалы, Ливандағы самырсын ағаштарының кейбірі 12 қабатты үйдей биік болып, терең әрі мықты тамыр жайып, діңінің жуандығы 12 метрге жетуі мүмкін (Таң. ә. 5:15). Алғашында самырсын тез өседі. Оның тамырлары тереңдеп, кең жайылған сайын діңі  жуандап, биіктейді де, мықты ағашқа айналады. Алайда кейін оның өсімі көзге айқын көрінбейді. Мәсіхшілердің рухани өсімі де осыған ұқсас. Біз Киелі кітапты алғаш зерттей бастағанда тез өсіп, шомылдыру рәсімінен өткен шығармыз. Қауымдағылар мұны көріп қуанды. Біз тіпті ізашарлық қызметті не басқа да міндеттерді атқара бастаған шығармыз. Алайда кейінгі жылдары рухани өсіміміз алғашқы кездегідей көзге айқын көрінбеуі мүмкін. Десе де бізге “Мәсіхтің кемеліне сай келетін ересек адам болғанымызға дейін” сенімімізді нығайтып, білімімізді тереңдете беру керек (Ефес. 4:13). Осылайша біз кішкентай өскіннен мықты ересек ағашқа, яғни рухани толысқан мәсіхшіге айналамыз.

10. Неліктен тіпті толысқан мәсіхшілер де рухани өсе берулері қажет?

10 Бірақ біздің өсіміміз мұнымен тоқтап қалмау керек. Білімімізді тереңдетіп, сенімімізді нығайта беруіміз керек. Сонда біз Құдай Сөзіне терең тамыр жаямыз (Нақ. с. 12:3). Мәсіхшілер қауымында бұлай ететін бауырластар көп. Мысалы, ақсақал ретінде қызмет еткеніне отыздан астам жыл болған бір бауырлас әлі де рухани өсіп жатқанын айтып, былай дейді: “Менің Киелі кітапқа деген ризашылығым шексіз. Өйткені ондағы принциптер мен заңдарды қолданудың жаңа жолдарын үнемі тауып отырамын. Сондай-ақ қызметті де бағалай түстім”.

ҚҰДАЙМЕН ДОСТЫҒЫҢДЫ НЫҒАЙТА БЕР

11. Қалай біз Ехобамен жақынырақ таныса аламыз?

11 Рухани өсу Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытып, оны Досың әрі Әкең ретінде қарастыруды да білдіреді. Ол өзінің ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленгенімізді әрі өзінің қамқорлығын сезінгенімізді қалайды. Мысалы, бала қамқор ата-анасының құшағында немесе адам адал досының жанында өзін осылай сезінеді. Әрине, Ехобамен мұндай тығыз қарым-қатынас қас қағым сәтте пайда болмайды. Оны біліп, жақсы көру үшін уақыт керек. Сондықтан Ехобаны тұлға ретінде жақыннан тану үшін, Құдай Сөзін күнделікті оқуға бел бу. Сондай-ақ “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналының әрбір санын және басқа да Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқы.

12. Ехоба бізді білу үшін не істеуіміз қажет?

12 Құдайдың достары шын жүректен дұға айту арқылы әрі оның басқа қызметшілерімен араласу арқылы рухани өседі (Малахи 3:16 оқы). “Ехобаның... құлағы олардың жалбарынған үнінде” (Пет. 1-х. 3:12). Ехоба көмек сұрап  айтқан дұғаларымызды қамқор әкедей мұқият тыңдайды. Олай болса, бізге “ұдайы дұға ету” керек (Рим. 12:12). Біз Құдайдың көмегінсіз рухани мықты мәсіхші болып қала алмаймыз. Бұл дүниенің қысымы өте зор, сондықтан оған өз күшімізбен төтеп беру мүмкін емес. Ал Ехоба бізге қажетті күш бере алады, әрі солай еткісі келеді де. Егер біз ұдайы дұға етуді доғарсақ, өз-өзімізді Құдайдың қолдауынан айырамыз. Сен дұғаларыңның сапасына ризасың ба, әлде бұл жағынан әлі де жақсаруың керек деп ойлайсың ба? (Ерм. 16:19).

13. Неліктен рухани өсу үшін бауырластармен араласып тұру қажет?

13 Ехоба өзінен пана іздейтіндерді жақсы көреді. Сондықтан Құдайды білгеннен кейін де, оның достарынан тұратын қауыммен үнемі араласып тұруымыз қажет (Нқм. 1:7). Уайым-қайғыға толы осы дүниеде бізге жігер беретін бауырластарымыздың арасында болғанымыз дұрыс. Мұның қандай пайдасы бар? Сен қауымнан өзіңді “сүйіспеншілікке және игі істерге” талпындыратын бауырластар табасың (Евр. 10:24, 25). Пауылдың еврейлерге берген кеңесіне сай, өзара сүйіспеншілік таныту үшін, қауымдағы бауырластармен араласуымыз керек. Демек, қауым кездесулеріне үнемі барып тұрғанымыз маңызды. Тексеру қағазыңда қауым кездесулеріне бару мен қатысу деген бөлімге белгі қойып тұр.

14. Неге біз әрдайым өкініп, өмірімізді өзгертуге дайын болуымыз керек?

14 О баста біз мәсіхші болу үшін, күнәларымызға өкініп, олардан бет бұрдық. Алайда біз әрдайым өкініп, әрі өмірімізді өзгертуге дайын болуымыз керек. Себебі кемелсіз болғандықтан, біз күнә жасауға бейімбіз. Атылуға дайын тұрған жылан сияқты, бойымыздағы күнә бізді шағып алудың қолайлы сәтін күтіп тұрады (Рим. 3:9, 10; 6:12—14). Ендеше, үнемі қырағылық сақтап, қателіктерімізге көз жұмбайық. Қуанышқа орай, әлсіздіктерімізбен жан сала күрессек әрі қажетті өзгерістер жасайтын болсақ, Ехоба бізге шыдамдылық танытады (Філіп. 2:12; Пет. 2-х. 3:9). Осы орайда, уақытымыз бен күшімізді өз қара басымыздың қамын жасау үшін емес, Ехобаға қызмет ету үшін қолданғанымыз зор көмек болады. Бір әйел бауырлас былай деп жазды: “Мен шындықта туып-өстім, бірақ менің Ехобаға деген көзқарасым өзгелердікіндей болмады. Мен одан барынша қорқу керек деп ойладым, сондықтан мен ешқашан оның ықыласына бөлене алмаймын деп жүрдім”. Уақыт өте келе бұл бауырласымыз рухани әлсіреп, бірнеше қателік жасады. “Мен мұны Ехобаны сүймегендіктен емес, оны шынымен білмегендіктен істедім,— дейді ол.— Алайда үздіксіз әрі жалбарына дұға еткеннен кейін, мен өзгерістер жасай бастадым”. Сосын ол сөзін жалғап былай деді: “Ехоба мені кішкентай баланы жетелегендей жетелеп, не істеу керектігін мейірімділікпен көрсете отырып, кедергілерді біртіндеп жеңуге көмектесті”.

15. Иса мен оның Әкесі не нәрсеге назар аударады?

15 “Халыққа мәңгілік өмір жайлы айтуды жалғастыра беріңдер”. Бұл сөздерді Петір мен басқа да елшілерді керемет түрде түрмеден босатқан періште айтқан болатын (Ел. іс. 5:19—21). Апта сайын уағыздау қызметіне қатысу — тексеру қағазымыздағы келесі бөлім. Иса мен оның Әкесі сенімімізге де, қызметімізге де назар аударады (Аян 2:19). Жоғарыда сөздері келтірілген ақсақал бауырласымыз былай дейді: “Уағыздау қызметі — біз үшін ең маңызды іс”.

16. Неліктен Ехобаға бағышталғанымыз туралы ой жүгірткеніміз жақсы?

16 Бағышталуың туралы ой жүгіртіп тұр. Бізде Ехобамен жеке қарым-қатынасымыздан асқан байлық жоқ. Ол өз адамдарын таниды (Ишая 44:5 оқы).  Ехобамен қарым-қатынасыңды тексеріп, оны берік күйінде сақтап қалуға көмектесуін сұрап дұға ет. Шомылдыру рәсімінен өткен маңызды күнді де есте ұста. Бұл саған өміріңде қабылдаған ең маңызды шешіміңді ұмытпауға көмектеседі.

ЕХОБАҒА ЖАҚЫН БОЛЫП ҚАЛУ ҮШІН ТАБАНДЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

17. Неліктен Ехобаға жақын болып қалу үшін табандылық қажет?

17 Ғалаттықтарға жазған хатында Пауыл табандылық танытудың маңыздылығына назар аударды (Ғал. 6:9). Бүгінде бізге де табандылық таныту қажет, өйткені біз қиындықтарға кезігеміз. Дегенмен Ехоба бізге көмектеседі. Киелі рух сұрап дұға ете бер. Сонда Құдай қайғының орнына қуаныш, ал уайымның орнына жантыныштығын сыйлайды (Мат. 7:7—11). Егер Ехоба құстардың қамын ойласа, оны сүйетін және оған бағышталған сенің қамыңды әлдеқайда көп ойлайды емес пе?! (Мат. 10:29—31). Ехоба өзі білетін адамдарына қаншама бата беріп отыр десеңші! Ендеше басыңа қандай қиындық түспесін, ешқашан берілме, артқа да шегінбе.

18. “Ал енді Құдайды білгеннен кейін” сен не істегің келеді?

18 Ехобаны жақында біліп, шомылдыру рәсімінен өтсең, енді не істеуің керек? Ехобамен жақынырақ танысуды жалғастырып, рухани толысуға ұмтыл. Ал егер Құдайға бағышталғаныңа көп жыл болса, не істеуің керек? Сен де Ехоба туралы біліміңді тереңдете беруің керек. Өз-өзімізге тым сенімді болып кетіп, “Ехобамен қарым-қатынасымды бұдан артық жақсартудың қажеті жоқ” деп ойламайық. Қайта, сүюші Әкеміз, Досымыз және Құдайымыз Ехобамен қарым-қатынасымызды жақсартып жатқанымызға тексеру қағазымыз бойынша жүйелі түрде көз жеткізіп отырайық (Қорынттықтарға 2-хат 13:5, 6 оқы).