Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Патшалықтың билік еткеніне 100 жыл болды. Бұл саған қалай әсер етеді?

Патшалықтың билік еткеніне 100 жыл болды. Бұл саған қалай әсер етеді?

“Ехоба Құдай, сенің істерің ұлы да керемет. Мәңгіліктің патшасы, сенің жолдарың әділ де сенімді” (АЯН 15:3).

1, 2. Құдай Патшалығы нені жүзеге асырады және Патшалықтың келетініне неліктен сенімді бола аламыз?

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 31 жылы Таудағы уағызы кезінде Иса ізбасарларын “Сенің Патшалығың келсін!” деп дұға айтуға үйреткен (Мат. 6:10). Бүгінде кейбіреулер бұл Патшалықтың келетініне күмән келтіреді. Алайда біз “Құдай Патшалығы келсін!” деп шын жүректен айтқан дұғамыздың жауапсыз қалмайтынына сенімдіміз.

2 Болашақта Ехоба өзінің Патшалығы арқылы жердегі және көктегі отбасын біріктіреді. Оның бұл ниеті міндетті түрде орындалады (Ишая 55:10, 11). Ехоба қазірдің өзінде Патша ретінде билік етіп отыр! Соңғы 100 жылда болған айтулы оқиғалар — осының бірден бір дәлелі. Иә, Ехоба өзінің қол астындағы миллиондаған адал азаматтары үшін ұлы да керемет істер жасауда (Зәк. 14:9; Аян 15:3). Бірақ Ехобаның Патша болғаны үлгілі дұғадағы Құдай Патшалығының келуі жайлы сөздердің орындалғанын білдірмейді. Осы екі оқиғаның бір-бірінен қандай айырмашылығы бар және бұл бізге қалай әсер етеді?

ЕХОБА ТАҒАЙЫНДАҒАН ПАТША ӘРЕКЕТ ЕТЕ БАСТАДЫ

3. а) Иса қашан және қайда Патша болып тағайындалды? ә) Исаның 1914 жылы билік ете бастағанын қалай дәлелдей аламыз? (Сілтемені қара.)

3 ХІХ ғасырдың аяғына таман Даниял пайғамбардың осыдан 2500 жыл бұрын айтқан пайғамбарлығы ашыла түсті. Ол былай деген болатын: “Сол патшалардың заманында көктегі Құдай бір Патшалықты орнатады. Сол патшалық ешқашан күйремейді” (Дан. 2:44). Киелі кітапты зерттеген мәсіхшілердің шағын тобына 1914 жылдың ерекше жыл болатынын түсіну үшін ондаған жыл қажет болды.  Бір жазушы 1914 жылдың үміт пен уәдеге толы болғанын айтады. Расында да, сол жылы көп адамның болашаққа деген үміті зор еді. Алайда дәл сол жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс бұрқ етіп, Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар орындала бастады. Ашаршылық, жерсілкіністері мен індеттердің кең етек алуы және басқа да пайғамбарлықтардың орындалуы Иса Мәсіхтің 1914 жылы көкте билік ете бастағанын анық көрсетті *. Ехоба Ұлын Патша етіп тағайындағанда, өзі де жаңа мағынада Патша болды!

4. Иса Патша болғаннан кейін бірден не істеді және содан кейін назарын не нәрсеге аударды?

4 Жаңадан тағайындалған Патша ең алдымен Әкесінің басты жауы Шайтанға қарсы соғыс жүргізді. Иса періштелерімен бірге Шайтанды және оның жын-перілерін көктен қуды. Бұл көкті мекендейтіндерге зор қуаныш, ал жердегілерге бұрын-соңды болмаған қасірет әкелді (Аян 12:7—9, 12 оқы). Содан соң Патша бар назарын жердегі қызметшілеріне аударды. Иса оларды Құдай еркін орындауға дайындау үшін тазарту, тәлім беру және ұйымдастыру істерін жүргізе бастады. Олардың Исаның басшылығына мойынсұнғаны біз үшін қалай жақсы үлгі болатынын қарастырайық.

ПАТШАНЫҢ АДАЛ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІН ТАЗАРТУЫ

5. 1914 және 1919 жылдар аралығында қандай тазарту ісі жүргізілді?

5 Тағайындалған Патша көкті Шайтанның және жын-перілердің зиянды ықпалынан тазартқаннан кейін, Ехоба оған жердегі қызметшілерінің рухани күйін мұқият тексеруді тапсырды. Малахи пайғамбар мұны рухани тазарту ретінде сипаттаған (Малх. 3:1—3). Тарих беттеріне үңілсек, мұның 1914 және 1919 жылдар аралығында орын алғанын көреміз *. Ехобаның бүкіләлемдік отбасының мүшесі болу үшін біз киелі, яғни таза, болуымыз қажет (Пет. 1-х. 1:15, 16). Біз жалған дін мен саясаттың ғибадатымызды арамдауына ешқашан жол бермеуіміз керек.

6. Рухани ас-су қалай беріліп жатыр және оны алғанымыз неге маңызды?

6 Сосын, Иса өзінің патшалық билігін қолданып, “адал да ақылды құлды” тағайындады. Иса оларға өзінің қамқорындағы “бір отарды” құрайтын қызметшілеріне рухани ас-суды уақтылы беріп тұруды тапсырды (Мат. 24:45—47; Жох. 10:16). 1919 жылдан бері майланған бауырластардың шағын тобы Исаның “үйіндегі басқа құлдарға” рухани ас-суды беру жауапкершілігін адалдықпен атқарып келеді. Олардың беріп жатқан пайдалы әрі мол рухани ас-суы біздің сенімімізді нығайтады. Сондай-ақ рухани, моральдық, ақыл-ой және тәндік жағынан таза болуға белімізді бекем бууға талпындырады. Бұған қоса, осы рухани ас-судың көмегімен біз тәлім алып, бүгінде жер бетінде атқарылып жатқан ең маңызды іске барынша атсалысуға дайын боламыз. Сен осы мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып жүрсің бе?

ПАТШАНЫҢ ӨЗ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕ ТӘЛІМ БЕРУІ

7. Жерде болған кезінде Иса қандай маңызды іске бастау берді және бұл іс қай уақытқа дейін жалғаспақ?

7 Иса жердегі қызметін бастағанда, былай деген еді: “Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім” (Лұқа 4:43). Иса бұл іске үш жарым жылдық қызметі кезінде өміріндегі ең маңызды іс ретінде қарады. Ол шәкірттеріне де “Жол-жөнекей “Көк патшалығы таяп қалды!” деп уағыздаңдар” деген нұсқау берді (Мат. 10:7).  Қайта тірілгеннен кейін, Иса ізбасарларының ізгі хабарды “жердің қиыр шетіне дейін” тарататынын айтты (Ел. іс. 1:8). Иса оларға бұл маңызды істі атқаруға осы заманның ақырына дейін көмектесетінін уәде етті (Мат. 28:19, 20).

8. Патша жердегі қызметшілерін әрекет етуге қалай талпындырды?

8 1919 жылдан бастап “Патшалық жайлы ізгі хабардың” мәні кеңейе түсті (Мат. 24:14). Патша көкте билік етіп жатқан еді және ол жер бетінде рухани тазарған ізбасарларының шағын тобын жинады. Олар Құдай Патшалығының көкте орнағаны жайлы ізгі хабарды бүкіл жер бетіне жариялауға қатысты Исаның нұсқауын даярлықпен орындады (Ел. іс. 10:42). 1922 жылдың қыркүйегінде 20 000-ға жуық Патшалықтың азаматтары Сидар-Пойнттағы (Огайо штаты, АҚШ) халықаралық конгреске жиналды. “Патшалық” деп аталған баяндаманы айтқан Рутерфорд бауырластың: “Қараңдар, Патшамыз билік етуде! Ал сендер оның өкілдерісіңдер. Сол себепті Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, жариялаңдар!”— дегенде, бауырластардың қалай толқып кеткенін елестетіп көрші. Екі мың бауырлас арнайы “қызмет күні” конгресс өтетін жерден 72 шақырым қашықтықтағы үйлерге барып уағыздады. Бір ер бауырлас былай деп қуанышымен бөлісті: “Мен Патшалықты жариялауға қатысты шақыруды және жиналған қалың топтың құлшынысын ешқашан ұмытпаспын!” Басқалардың да осындай сезімде болғаны даусыз.

9, 10. а) Патшалықтың жариялаушылары үшін қандай тәлім беру шаралары ұйымдастырылды? ә) Жеке өзің беріліп жатқан рухани тәлімнің қандай пайдасын көріп жүрсің?

9 1922 жылы Патшалықтың жариялаушыларының саны 17 000-нан асты. Олар дүниенің төрт бұрышындағы 58 елде уағыздады. Алайда олар арнайы дайындықтан өту керек еді. Бірінші ғасырда болашақ Патша Иса шәкірттеріне нені, қайда және қалай уағыздау керектігін нақты айтқан болатын (Мат. 10:5—7; Лұқа 9:1—6; 10:1—11). Біздің күнімізде де Иса Патшалықтың барлық жариялаушыларына қажетті нұсқаулар берілуін және олардың жақсы тәлімгер болуына көмектесетін құралдармен қамтамасыз етілуін қадағалайды (Тім. 2-х. 3:17). Ол ізбасарларын қауым кездесулері арқылы қызметке дайындайды. Мысалы, жариялаушылар бүкіл дүниежүзі бойынша 111 000-нан аса қауымда өтетін теократиялық қызмет мектебінде тәлім алуда. Осының арқасында жеті миллионнан астам жариялаушы ізгі хабарды “әртүрлі адамдарға” тартымды етіп жеткізуді үйреніп жатыр (Қорынттықтарға 1-хат 9:20—23 оқы).

10 Теократиялық қызмет мектебінен басқа да Киелі кітап мектептері бар. Ол жерде қауым ақсақалдары,  ізашарлар, салт басты ер бауырластар, мәсіхші ерлі-зайыптылар, филиал комитетінің мүшелері мен олардың әйелдері, аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдері және миссионерлер тәлім ала алады *. Мәсіхші ерлі-зайыптыларға арналған Киелі кітап мектебінде оқыған бір ерлі-зайыпты сол жерде алған тәлімдеріне деген ризашылықтарын былай білдірді: “Біз үшін дайындалған тәлім Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді арттырды әрі бізді өзгелерге көмектесуге жақсылап дайындады”.

11. Шайтанның қарсылығына қарамастан, Патшалық хабарын жариялау қалай мүмкін болып отыр?

11 Осы кең көлемде атқарылып жатқан тәлім беру ісі Шайтанның назарынан тыс қалмады. Ол Патшалықтың жариялаушыларына тікелей және жасырын түрде шабуыл жасап, уағыз ісін тоқтатуға тырысуда. Алайда оның сәтсіздікке ұшырайтыны анық. Ехоба өзінің Ұлын “күллі үкімет пен биліктен, күштен, билеушілерден... әлдеқайда жоғары” етіп қойды (Ефес. 1:20—22). Иса өзінің Патша ретіндегі билігін шәкірттерін қорғау үшін және оларға басшылық беру үшін қолданып, Әкесінің еркінің орындалуын жіті қадағалауда *. Осының арқасында ізгі хабар әлі де уағыздалып жатыр және миллиондаған ақжүрек адамдар Ехоба жайлы білім алуда. Осындай керемет іске үлес қосу біз үшін зор мәртебе емес пе?!

ПАТШАНЫҢ ӨЗ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІН КӨБІРЕК ІС АТҚАРУ ҮШІН ҰЙЫМДАСТЫРУЫ

12. 1914 жылдан бастап Иса қауымдағы ұйымдастыру шараларын қалай жақсартты?

12 1914 жылы Иса Патша тағына отырған соң, қауымдағы ұйымдастыру шараларын жақсарта бастады. Осының арқасында Патшалықтың жариялаушылары Құдайдың еркін жақсырақ атқаратын болды (Ишая 60:17 оқы). Мысалы, 1919 жылы әр қауымда уағыз ісінде басшылықты қолға алатын қызмет жетекшісі тағайындалды. 1927 жылы жариялаушылар жексенбі сайын үйме-үй жүріп уағыздай бастады. Ал 1931 жылы Ехоба куәгерлері деген жаңа атауға ие болған соң, Патшалықтың жариялаушылары бұл іске көбірек атсалысуға ықылас білдірді (Ишая 43:10—12). 1938 жылы қауымдағы ер бауырластар жауапты қызметке демократиялық емес, теократиялық жолмен тағайындалатын болды. 1972 жылы қауымда жетекшілік ету ісі бір ғана бақылаушыға емес, ақсақалдар кеңесіне тапсырылды. Бұл шара талаптарға сай келетін барлық ер бауырластарды Құдайдың отарын бағу ісіне атсалысуға талпындырды (Пет. 1-х. 5:2). 1976 жылы Патшалық ісінің дүниежүзі бойынша қалай атқарылып жатқанын жақсырақ қадағалау үшін Басқарушы кеңестің алты комитеті құрылды. Осылайша Иса қол астындағы қызметшілеріне  Патшалық ісін теократиялық жолмен атқаруға көмектесетін ұйымдастыру шараларын әрі қарай жасай берді.

13. Патша тағына отырған Исаның 100 жыл бойы жасаған істері сенің өміріңе қалай әсер етті?

13 Патша тағына отырған Исаның алғашқы 100 жылда қаншама іс атқарғанын қарастырайық. Ол бір топ адамды Ехобаның өкілі болу үшін рухани жағынан тазартты. Сондай-ақ Иса Патшалық жайлы ізгі хабардың 239 елде жариялануына және миллиондаған адамның Ехоба жайлы білім алуына қам жасады. Ол Ехобаның еркін атқаруға “дайын” жеті миллионнан астам адамның басын біріктірді (Заб. 110:3 ЖД). Расында да, Ехоба Мәсіхтің Патшалығы арқылы ұлы да керемет істер жасады. Алда бізді бұдан да зор оқиғалар күтіп тұр!

МӘСІХТІҢ ПАТШАЛЫҒЫ ӘКЕЛЕТІН БАТАЛАР

14. а) “Сенің Патшалығың келсін” деп дұға етуімізбен біз Құдайдан нені сұраймыз? ә) 2014 жылдың мәтіні қандай және неге бұл орынды?

14 Ехоба Иса Мәсіхті 1914 жылы Патша етіп тағайындағанмен, бұл біздің “Сенің Патшалығың келсін” деп айтқан дұғамыздың толық жауабы емес еді (Мат. 6:10). Киелі кітапта Исаның “жауларының арасында билік ететіні” алдын ала айтылған болатын (Заб. 110:2 ЖД). Шайтанның билігіндегі адами үкіметтер әлі де Патшалыққа қарсылық көрсетіп келеді. Құдай Патшалығы келсін деп дұға етуімізбен Ехобадан тағайындалған Патша мен 144 000 билеушінің адами үкіметтерді және Патшалыққа қарсы шыққан адамдарды біржола құртуын сұраймыз. Құдай осылай әрекет еткенде, Даниял 2:44-тегі Құдай Патшалығы “барлық патшалықтарды біржола қиратады” деген пайғамбарлық орындалады. Бұл Патшалық өзіне қарсы шыққан үкіметтерді жояды (Аян 6:1, 2; 13:1—18; 19:11—21). Осы оқиғаның орын алатын кезі өте жақын. Ендеше, 2014 жылдың мәтіні ретінде Матай 6:10-дағы “Сенің Патшалығың келсін!” деген сөздердің таңдалғаны орынды емес пе? Биыл Исаның көкте билік еткеніне 100 жыл болды!

2014 жылдың мәтіні: “Сенің Патшалығың келсін!” (Матай 6:10)

15, 16. а) Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде қандай көңіл толқытарлық оқиғалар орын алады? ә) Исаның Патша ретіндегі соңғы әрекеті қандай болады және соның нәтижесінде Ехобаның бүкіл жаратылыстарына қатысты еркі қалай орындалады?

15 Тағайындалған Патша Құдайдың жауларын жойғаннан кейін, Шайтан мен оның жын-перілерін мың жылға түпсіз тұңғиыққа лақтырады (Аян 20:1—3). Иса Шайтанның ықпалынан арылған адамдарға төлем құрбандығының пайдасын көруге көмектеседі және Адам атаның жасаған күнәсінің салдарын түп-тамырымен жояды. Ол өлім ұйқысында жатқан сансыз көп адамды қайта тірілтеді, әрі оларға Ехобаны тануға көмектесу үшін дүниежүзілік білім беру бағдарламасын ұйымдастырады (Аян 20:12, 13). Бүкіл жер беті Едем бағы сияқты жұмаққа айналады және адал адамдардың барлығы кемелділікке жетеді.

16 Мәсіхтің мыңжылдық билігі аяқталған соң, Ехобаның жерге қатысты ниеті толығымен жүзеге асады. Сосын Иса Патшалықты Әкесінің қолына тапсырады (Қорынттықтарға 1-хат 15:24—28 оқы). Сол кезден бастап Ехоба мен оның жердегі балаларының арасында ешқандай келістірушінің қажеті болмайды. Өйткені Құдайдың көктегі ұлдары мен жердегі балаларының барлығы көктегі Әкелерімен бірігіп, бүкіләлемдік отбасын құрайды.

17. Сен Патшалықтың мүддесі үшін не істеуге бел будың?

17 Патшалықтың 100 жыл бойы билік еткен кезінде орын алған керемет оқиғалар Ехобаның бар жағдайды қадағалап отырғанын және оның жерге қатысты ниеті міндетті түрде орындалатынын көрсетеді. Ендеше, Ехобаға әрі қарай да адалдықпен қызмет етіп, Патшалық пен оның Патшасы туралы хабарды жариялай берейік. “Сенің Патшалығың келсін!” деп шын жүректен айтқан дұғамызға Ехоба жақында жауап береді. Біз бұған толық сенімдіміз!

^ абзац 5 2013 жылғы “Күзет мұнарасын” қара (15 шілде, 22, 23-беттер, 12-абзац).

^ абзац 10 “Күзет мұнарасы” журналындағы “Теократиялық мектептер — Ехобаның сүйіспеншілігінің көрінісі” деген мақаланы қара (2012 жыл, 15 қыркүйек, 13—17 беттер).

^ абзац 11 2012 жылғы “Күзет мұнарасынан” әртүрлі елде тұратын бауырластардың сот ісінде қандай жетістіктерге қол жеткізгені туралы мәліметті оқып көр (15 тамыз, 17-бет).