Исаның кішіпейілділігі мен жылулығына еліктейік
“Мәсіх сендерге бола азап шегіп, оның ізімен тура жүрулерің үшін үлгі қалдырды” (ПЕТ. 1-Х. 2:21).
1. Неге Исаға еліктегеніміз бізді Ехобаға жақындатады?
БІЗ өзіміз таңдай қағып, қызығатын адамдардың болмысы мен жүріс-тұрысына еліктеуге бейімбіз. Дүниеге келген адамдардың арасында еліктеуге тұратын бірден-бір адам — Иса Мәсіх. Неге бұлай дейміз? Бірде Исаның өзі: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деген (Жох. 14:9). Әкесінің болмысына Исаның тұпа-тура еліктегені соншалық — Ұлын көру Әкесін көрумен тең болған. Сондықтан Исаға еліктесек, әлемдегі ең ұлы Тұлға Ехобаға жақындай түсеміз. Ал бұл зор бата емес пе?!
2, 3. а) Ехоба Ұлы туралы мәліметтің жазылуына не үшін қам жасаған және ол бізден не күтеді? ә) Осы және келесі мақалада не талқыланады?
2 Бірақ біз Исаның қандай адам болғанын қалай білеміз? Қуанышымызға орай, бұны киелі рухтың жетелеуімен жазылған Грек жазбаларынан білуге болады. Ұлымен танысып, оған еліктей алуымыз үшін Ехобаның өзі сол жазбалардың бізге дейін жетуіне қам жасаған (Петірдің 1-хаты 2:21 оқы). Киелі кітапта Исаның үлгісі артынан қалдырған ізге теңелген. Былайша айтқанда, Ехоба бізді Исаға ілесіп, тура оның ізімен жүруге шақырып отыр. Әрине, Иса кемелді болған, ал біз кемелді емеспіз. Бірақ Ехоба бізден Иса іспетті кемелді болады деп емес, қолымыздан келгенше Ұлына еліктейді деп күтеді.
3 Ендеше Исаның тартымды қасиеттерінің кейбірін қарастырайық. Бұл мақалада кішіпейілділік пен жылулық, ал келесі мақалада батылдық пен қырағылық қасиеттері қарастырылады. Әр қасиетті талқылағанда, мынадай сұрақтарға жауап табамыз: Бұл қасиеттің анықтамасы қандай? Иса оны қалай танытқан? Біз Исаға қалай еліктей аламыз?
ИСАНЫҢ КІШІПЕЙІЛДІЛІГІ
4. Кішіпейілділікке қандай анықтама берер едің?
4 Кішіпейілділік деген не? Өркөкіректік жағымды қасиет болып есептелетін мына дүниеде кейбіреулер кішіпейілділікті әлсіздік не осалдық деп білетін шығар. Бірақ көп жағдайда керісінше болып жатады. Кішіпейіл болу қайраттылық пен батылдықты талап етеді. Кішіпейілділік — “өркөкіректік пен менмендікке қарама-қарсы қасиет”. Кішіпейіл болу адамның өзі туралы қандай ойда екенінен басталады. Бір Киелі кітап сөздігінде: “Кішіпейілділік — Құдай алдында өзіміздің қаншалықты төмен екенімізді түсіну”,— делінген. Құдай алдында шынымен кішіпейіл болсақ, өзімізді өзгелерден жоғары қоюдан аулақ боламыз (Рим. 12:3). Кемелсіз адамдарға кішіпейіл болу оңай емес. Бірақ Құдай алдындағы дәрежеміз туралы ойласақ және оның Ұлының ізімен жүрсек, кішіпейіл болуды үйрене аламыз.
5, 6. а) Бас періште Микайл деген кім? ә) Микайлдың өзіне деген көзқарасы қандай болған?
5 Иса кішіпейіл екенін қалай көрсеткен? Құдай Ұлы Иса көкте құдіретті жаратылыс болғанда да, кемелді адам болып жер бетіне келгенде де кішіпейіл болған. Бірнеше мысалды қарастырып көрейік.
6 Өзіне деген көзқарасы. Киелі кітапты жазған кісілердің бірі Яһуда Исаның адам болып келгенге дейінгі өмірінен мысал келтірген (Яһуда 9 оқы). Ол бас періште Микайлдың, яғни Исаның, “Ібіліспен келіспей”, “Мұсаның мәйіті жайлы айтысқаны” туралы жазған. Есіңде болса, Мұса қайтыс болғанда, Ехоба оның денесін ешкім білмейтін жерге қойған еді (Мұс. 5-ж. 34:5, 6). Ібіліс Мұсаның мәйітін жалған ғибадатқа бастама беру үшін қолданғысы келген болса керек. Ол қандай арам ойын жүзеге асыруды көксемесін, Микайл оған батылдықпен қарсы тұрды. Бір еңбекте “келіспеу”, “айтысу” деген сөздердің “соттағы таласқа қатысты да қолданылатыны”, сондай-ақ “Микайл Мұсаның мәйітін алуға қатысты Ібілістің құқығын дауға салған” болуы мүмкін екені айтылған. Бірақ Бас періште Микайл үкім шығаруға құзырлы емес екенін мойындап, істі Ең жоғарғы Төреші Ехобаның қарауына қалдырған. Осылай ол билігін асыра қолданудан аулақ болған. Неткен кішіпейілділік!
7. Исаның сөзі мен ісінен кішіпейіл екені қалай көрінетін?
7 Жерде болған кезінде Исаның сөзінен де, ісінен де кішіпейілділігі көрініп тұратын. Сөзі. Ол өзіне ешқашан орынсыз назар аудармайтын, қайта, бар атақ-даңққа Әкесі лайық деп білетін (Мар. 10:17, 18; Жох. 7:16). Иса ешқашан шәкірттерін кемсітіп не өздерін түкке тұрғысыз сезінетіндей етіп сөйлемейтін. Керісінше, оларды ардақтап, жақсы қасиеттері үшін мақтайтын әрі сенім артатын (Лұқа 22:31, 32; Жох. 1:47). Істері. Иса дүние-мүлік жинаудан гөрі қарапайым тұрмыс кешуді дұрыс көрген (Мат. 8:20). Ол қара жұмыс істеуден де қашпайтын (Жох. 13:3—15). Оның өте кішіпейіл екені мойынсұнғыштығынан да көрінетін (Філіпіліктерге 2:5—8 оқы). Иса ешкімге бойсұнғысы келмейтін өркөкірек адамдарға ұқсамайтын. Ол Құдайдың өзіне қатысты еркіне қарсы шықпай, өле-өлгенше мойынсұнғыш болды. Құдай Ұлы Исаның “жүрегі кішіпейіл” болғаны айдан анық емес пе? (Мат. 11:29 сілт.).
ИСАНЫҢ КІШІПЕЙІЛДІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕЙІК
8, 9. Кішіпейіл екеніміз неден көрінеді?
8 Исаның кішіпейілділігіне қалай еліктеуге болады? Өзімізге деген көзқарасымыз. Кішіпейілділік бізді билігімізді асыра қолданудан аулақ етеді. Өзгелерге үкім айтуға құқымыз жоқ екенін мойындасақ, оларды сынап-мінеуге не ниеттерінің тазалығына шек келтіруге асықпаймыз (Лұқа 6:37; Жақ. 4:12). Кішіпейілділік бізді “тым әділ болудан”, сондай-ақ өзіміз сияқты қабілеті не дәрежесі жоқ бауырластарға жоғарыдан қараудан сақтайды (Уағ. 7:16). Кішіпейіл ақсақалдар өздерін бауырластардан жоғары қоймайды. Керісінше, өздерін кіші тұтып, басқаларды жоғары қояды (Філіп. 2:3; Лұқа 9:48).
9 1894 жылдан бастап пилигрим, яғни аралаушы бақылаушы, болған Торн бауырластың мысалын қарастырып көрейік. Аралаушы бақылаушы қызметін атқарып жүргеніне біраз жыл болғанда ол Нью-Йорктегі Патшалық фермасына шақырылып, тауықханада жұмыс істеуге тағайындалады. Ол былай деді: “Мен өзім жайлы тым көп ойлай бастаған сайын, өзімді “бұрышқа тұрғызып қойып”: — Сен — бар болғаны бір түйір тозаңсың. Мақтанатындай нең бар?— деймін” (Ишая 40:12—15 оқы). Кішіпейілділік деп осыны айт!
10. Сөзіміз бен ісіміз арқылы кішіпейіл екенімізді қалай көрсетеміз?
10 Сөзіміз. Егер жүрегіміз шынымен кішіпейіл болса, бұл сөзімізден байқалып тұрады (Лұқа 6:45). Біз басқалармен араласқанда, жетістіктеріміз бен дәрежемізді алға тартпаймыз (Нақ. с. 27:2). Оның орнына, бауырластардың бойындағы ізгілікті көріп, жақсы қасиеттері, қабілеттері мен жетістіктері үшін мақтаймыз (Нақ. с. 15:23). Істеріміз. Кішіпейіл мәсіхшілер осы дүниеде атақ-даңққа ие болуды көздемейді. Ехобаға барын салып қызмет ету үшін олар осы дүниедегілер менсінбей қарайтын жұмыстарды істеуден бас тартпай, қарапайым тұрмыс кешеді (Тім. 1-х. 6:6, 8). Бұған қоса, мойынсұнғыш болуымызбен де кішіпейіл екенімізді көрсетеміз. Иә, “басшылықты қолға алғандарға мойынсұну”, сондай-ақ Ехобаның ұйымы беріп жатқан басшылықты қабылдап, оны орындау кішіпейіл болуды талап етеді (Евр. 13:17).
ИСАНЫҢ ЖЫЛУЛЫҒЫ
11. Жылулыққа қандай анықтама беруге болады?
11 Жылулық деген не? Бұл сөзге “ортақтасу не жылы әрі елжіреген сезім білдіру” деген анықтама беруге болады. Жылулық — сүйіспеншіліктің бір қыры, әрі жанашырлық, мейірімділік сияқты “елжіреген сезімге” жақын қасиет. Киелі кітапта жүрек жылулығын жеткізу үшін “жанашырлық”, “қайырымы мол”, “бар көңілмен жақсы көру” деген сияқты тіркестер қолданылған (Лұқа 1:78; Қор. 2-х. 1:3; Філіп. 1:8). Бір еңбекте Киелі жазбалардағы жанашыр болуға қатысты шақыру туралы былай делінген: “Бұл шақырудың астарында мұқтаждық көрген адамды есіркеуден әлдеқайда терең мағына бар. Бұл — ортақтас болып, өзге біреудің өміріне жаңа бағыт не жаңа бастама беру үшін қандай да бір әрекет жасауға шақыру”. Иә, жылулық адамды әрекет етуге талпындырады. Жүрегінде жылуы бар адам өзгелердің өмірін көркейтуге тырысады.
12. Иса өзгелерге жаны ашитынын қалай көрсетті және жылулық оны не істеуге талпындырды?
12 Иса жүрегінде жылу бар екенін қалай көрсетті? Елжіреген сезімі мен әрекеті. Исаның өзгелерге жаны ашыған. Мысалы, бауыры Елазарды жоқтап жатқан Мәриям мен оған қосылып жылап жатқан жұртты көргенде, ол “көзіне жас алды” (Жохан 11:32—35 оқы). Сосын кезінде жесір әйелдің баласын қайта тірілткендегідей, іші-бауыры елжіреп, Елазарды да қайта тірілтті (Лұқа 7:11—15; Жох. 11:38—44). Осылайша Елазар үшін көкке баруға жол ашылды. Бұдан біраз уақыт бұрын да өзіне келген жұртты көргенде, Исаның жүрегі елжіреп, оларды аяп кеткен еді. Сөйтіп, халықты “көп нәрсеге үйрете бастады” (Мар. 6:34). Исаның тәлімі құлақ асқандардың өміріне жаңа бағыт берді. Байқасаң, Исаның жылулығы жай ғана сезім болмаған. Жүрегіндегі жылулық оны өзгелерге көмектесуге талпындырған (Мат. 15:32—38; 20:29—34; Мар. 1:40—42).
13. Қай мағынада Иса жылы сөйлеген? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
13 Жылы сөздері. Иса өзгелерге, әсіресе қиналып жүргендерге, жылы-жылы сөйлеген. Елші Матай Ишаяның: “Майысқан қамысты сындырмайды, Қоңырси жанған білтені де сөндірмейді”,— деген сөздерін Исаға қатыстырған (Ишая 42:3; Мат. 12:20). Иса майысқан қамыстай не майшамның сөніп бара жатқан білтесіндей қалжыраған адамдардың рухын көтеріп сөйлеген. Ол “жүрегі жаралыларды сауықтыратын” ізгі хабар жариялаған (Ишая 61:1). “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандарды” өзіне келіп, “жандарын сергітуге” шақырған (Мат. 11:28—30). Иса ізбасарларын мынаған сендірген: Құдай әрбір қызметшісінің қамын ойлайды, олардың арасында “кішілер” — осы дүниедегілер үшін түкке тұрғысыз болып көрінетіндер де бар (Мат. 18:12—14; Лұқа 12:6, 7).
ИСАНЫҢ ЖЫЛУЛЫҒЫНА ЕЛІКТЕЙІК
14. Қалай өзгелерге деген елжіреген жылы сезім дамытуға болады?
14 Жүрегіміз Исанікіндей жылы болу үшін не істеуге болады? Елжіреген сезімдеріміз. Мұндай сезімдер өздігінен пайда болмайды. Бірақ Киелі кітап бізді жылулық дамытуға шақырады. Біз ие болуымыз керек жаңа болмысқа жанашырлық сияқты елжіреген сезім де кіреді (Қолостықтарға 3:9, 10, 12 оқы). Олай болса, қалай бойымызда өзгелерге деген елжіреген жылы сезім дамытуға болады? Жүрегіңді “айқара аш” (Қор. 2-х. 6:11—13). Біреу сырын ақтарып, өзінің не сезініп, көңілін не мазалап жүргенін айтса, мұқият тыңда (Жақ. 1:19). Оны түсіну үшін, өзіңнен былай деп сұрап көр: Оның орнында болсам не істер едім? Не нәрсеге мұқтаж болар едім? (Пет. 1-х. 3:8).
15. Майысқан қамыстай не өшкелі тұрған білтедей жапа шегіп жүргендерге қалай көмектесуге болады?
15 Жылулық көрініп тұратын әрекеттеріміз. Жылулық бізді басқалардың, Римдіктерге 12:15-те: “Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар”,— делінген. Жүрегі жаралы жандар ақыл-кеңестен гөрі, жанашырлықты көбірек қажет етеді. Мысалы, қызынан айырылған бір әйелді бауырластар жұбатқаннан кейін, ол: “Достарымның келіп, жай ғана менімен бірге жылағандарына сондай риза болдым”,— деді. Жақсылық жасау да — жылы жүректі адам екеніміздің көрінісі. Бәлкім, жесір қалған бауырластың үйіне жөндеу жұмыстарын жасау керек шығар. Я болмаса егде бауырласты көлікпен жиналысқа, қызметке не дәрігерге апарып келу керек болар. Кішкентай игі ісіміздің өзі көмекке мұқтаж бауырластардың өмірін көркейтуі мүмкін (Жох. 1-х. 3:17, 18). Бұған қоса, жүрегімізде жылулық бар екені өзгелердің қамын ойлап, қызметке толықтай атсалысқанымыздан көрінеді. Бұл — ақжүрек адамдардың өмірін көркейтудің ең керемет жолы!
әсіресе майысқан қамыстай не өшкелі тұрған білтедей жапа шегіп жүргендердің, өмірін көркейтуге талпындырады. Оларға қалай көмектесуге болады?16. Жаны күйзеліп жүргендерді жігерлендіру үшін не айтуға болады?
16 Жылы сөздеріміз. Жылулық бізді “жаны күйзеліп жүргендерді жұбатуға” талпындырады (Сал. 1-х. 5:14). Мұндай адамдарды жігерлендіру үшін не айтуға болады? Бар көңілімізбен қамын ойлайтынымызды айтқанымыз жабырқаған адамның рухын көтереді. Бойындағы жақсы қасиеттері мен қабілеттерін көре алуына көмектесу үшін мақтауға болады. Бәлкім, Ехоба бағалы деп есептегендіктен, оны өзіне жақындатып тартқанын есіне салармыз (Жох. 6:44). Сондай-ақ Ехоба “жүрегі жаралы”, “сағы сынған” қызметшілерінің қамын ойлайтынын жадында қайта жаңғыртармыз (Зәб. 34:18). Біздің жылы сөзіміз жұбанышқа зәру адамның жанына шипа болуы мүмкін (Нақ. с. 16:24).
17, 18. а) Ехоба ақсақалдардан не күтеді? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
17 Ақсақалдар, Ехоба сендерден өз қойларына жылулықпен қамқорлық етеді деп күтеді (Ел. іс. 20:28, 29). Ехобаның отарын бағуға, жігерлендіріп, жандарын сергітуге міндетті екендеріңді ұмытпаңдар (Ишая 32:1, 2; Пет. 1-х. 5:2—4). Сондықтан жанашыр ақсақал отарға өктемдік жасап, қажетсіз ережелер орнатпайды не бауырластардың мүмкіндіктеріне қарамай, ұялтып, көбірек қызмет етуге қысым жасамайды. Оның орнына, Ехобаға деген сүйіспеншіліктері қолдарынан келгенше көбірек қызмет етуге талпындыратынына сенім артып, рухтарын көтереді (Мат. 22:37).
18 Иә, Исаның кішіпейілділігі мен жылулығына еліктегеніміз, бізді әрі қарай да оның ізімен жүруге талпындырады. Келесі мақалада Исаның тартымды қасиеттерінің тағы да екеуін — батылдығы мен қырағылығын қарастырамыз.