Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Порнография жай ғана су ма, әлде у ма?

Порнография жай ғана су ма, әлде у ма?

Бүгінде порнография * дүниені жайлап кеткен. Оны кез келген жерден — жарнама, сән әлемі, кино, музыка, журнал, сондай-ақ теледидар, бейнеойындар, смартфон, мобильді құрылғылар, суреттермен бөлісуге арналған сайттардан не басқа да веб-сайттардан — табуға болады. Адамдардың порнографияға еттері үйреніп кеткен көрінеді. Порнографияға құнығып кеткендердің саны барған сайын өсіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті ( “Порнография жайлы деректер” деген қоршауды қараңыз.).

Порнографияның сыр-сипаты да өзгеріп жатыр. Профессор Гейл Дайнс былай дейді: “Азғын бейнелердің шектен шыққаны сонша — кезінде жаға ұстатқан порнографияның ең анайы түрі бүгінде кәдімгі нәрсе болып кеткен”.

Кең етек алып жатқан осы үрдіске сіз қалай қарайсыз? Порнография жай уақыт өткізудің зиянсыз жолы ма, әлде сананы улайтын дерт пе? Киелі кітапта: “Әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал нашар ағаш нашар жеміс береді”,— делінген (Матай 7:17). Ал порнография қандай жеміс береді? Жауабын білу үшін порнографияға қатысты үш маңызды сұрақты қарастырайық.

Порнография адамға қалай әсер етеді?

МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРІ. Адамның порнографияға қатты тәуелді болып кететіні сонша — тіпті кейбір мамандар мен дәрігерлер оны есірткіге теңейді.

Ғаламтордағы порнографияға әуес болған Болат * былай дейді: “Мені ештеңе тоқтата алмады. Адам қалыбынан кетіп, есеңгіреп жүрдім. Дірілдеп, басым ауратындай халге жеттім. Порнографияны көрмеуге жылдар бойы күш салсам да, сол әдетімнен арыла алмаған едім”.

Порнография көруді құмартатындар жиі өздерінің бұл әдетін жасырады. Олар тұйықтанып кетеді және өтірік айтуға бейім келеді. Сондықтан да олардың көбісі жалғыздық, ұят, уайым, жан күйзелісі және ашу сияқты сезімдерден зардап шегеді. Кейбір жағдайларда мұндай адамдар тіпті өз-өздеріне қол жұмсауы мүмкін. Кезінде порнографияны күніге дерлік ұялы телефонына жүктеп отырған Сәрсен былай дейді: “Мен басқалардан оқшауланып жүретінмін және көңіл күйім жабырқаулы болатын. Өзімді түкке тұрғысыз, кінәлі, жалғыз және құлдықта жүргендей сезінетінмін. Көмек іздеуге қатты ұялатынмын әрі қорқатынмын”.

Порнографияны бір сәтке көріп қалудың өзі адамға жаман әсер етуі мүмкін. Порнографияның әсерін зерттейтін Джудит Рейсман есімді ғалым Құрама Штаттардың сенат комитетінің алдында сөз сөйлеп, былай деген: “Порнографиялық бейнелер адамның есінде бірден, еріксіз түрде, бірақ ұзақ уақытқа қалатын және өшіру қиын не тіпті мүмкін емес биохимиялық деңгейде із қалдырып, адам санасына таңбадай басылады да, миды өзгеріске ұшыратады”. Порнографиялық веб-сайттарды көріп қалған 19 жасар Сабина былай дейді: “Сол бейнелер санамда жатталып қалды және күтпеген жерден қайта жаңғырады. Оларды санамнан ешқашан өшіріп тастай алмайтын сияқтымын”.

ҚОРЫТЫНДЫ: Порнография адамды өз құлына айналдырады және құрбандарын азапқа салады (Петірдің 2-хаты 2:19).

Порнография отбасыларға қалай әсер етеді?

МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРІ. “Порнографияның кесірінен отбасылар ойран болып, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы бұзылады” (Венди мен Лари Молтс жазған “Порнографияның тұзағы” кітабынан).

Порнография ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына келесідей жолдармен зиян келтіреді:

  • Жұбайлардың бір-біріне сенім артуларын қиындатып, сүйіспеншіліктерін суытады және бір-біріне деген ықылас-ынтасының жоғалуына себеп болады (Нақыл сөздер 2:12—17).

  • Өзімшілдікке, эмоциялық жағынан енжар болуға және жұбайын қанағат тұтпауға әкеп соқтырады (Ефестіктерге 5:28, 29).

  • Бұрыс жыныстық қатынас жайлы қиялдауға түрткі болып, орынсыз құмарту сезімдерін оятады (Петірдің 2-хаты 2:14).

  • Жұбайын өрескел жыныстық қатынасқа күштеуге итермелейді (Ефестіктерге 5:3, 4).

  • Сезімдері басқа біреуге ауып, жұбайының көзіне шөп салып, сатқындық жасауға әкеп соқтырады (Матай 5:28).

Киелі кітап ерлі-зайыптыларға бір-біріне “опасыздық жасамауды” өсиет етеді (Малахи 2:16). Сатқындық — отбасыларды ойран етіп, бөлек тұру мен ажырасуға әкеп соқтыратын опасыздықтың түрі. Ал бұл отбасында балалардың жанын жаралайды.

Порнография балаларға тікелей де зиян тигізеді. Жоғарыда сөздері келтірілген Болат былай дейді: “Шамамен он жасымда тығылыспақ ойнап жүріп, кездейсоқ әкемнің порнографиялық журналдарын тауып алдым. Ондағы бейнелерге көңілім неге ауғанын түсінбесем де, оларды жасырын көре бастадым. Сол жастан бастап есейгенге дейін бұл зиянды әдетіме айналды”. Зерттеулерге сай, порнография жасөспірімдердің ерте жастан жыныстық өмірді бастауға, кез келген адаммен төсек қатынасына түсуге, жыныстық қатынаста өрескел болуға итермелеп, эмоциялық және психикалық жағынан тұрақсыз болуға әкеп соқтырады.

ҚОРЫТЫНДЫ: Порнография сүйіспеншілікке толы қарым-қатынасты бұзып, жүрекке дерт салады және көп қайғы әкеледі (Нақыл сөздер 6:27).

Порнографияға қатысты Құдайдың көзқарасы қандай?

ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ БЫЛАЙ ДЕЛІНГЕН: “Сондықтан... дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық және пұтқа табынушылық болып табылатын ашкөздік сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер” (Қолостықтарға 3:5).

Бір сөзбен айтқанда, Ехоба * Құдай порнографияны жек көреді. Бірақ бұл оның жыныстық қатынасқа деген көзқарасы тым қатаң дегенді білдірмейді. Өйткені Ехоба адамды жыныстық қатынаста болу қабілетімен жаратты және ерлі-зайыптылардың оны бір-біріне ләззәт сыйлау үшін, эмоциялық жағынан жақындау үшін және дүниеге бала әкелу үшін қолданғанын қалаған (Жақып 1:17).

Олай болса, неге Ехоба порнографияны жек көреді дей аламыз? Бұның бірнеше себебін қарастырып көрейік.

  • Ехоба Құдай порнография адамның өмірін ойран ететінін біледі (Ефестіктерге 4:17—19).

  • Ол бізді жақсы көріп, бізге зиян келтіруі мүмкін нәрселерден қорғағысы келеді (Ишая 48:17, 18).

  • Ехоба адамның отбасын сақтап қалғысы келеді (Матай 19:4—6).

  • Біздің өнегелік жағынан таза болғанымызды және басқалардың құқықтарын құрметтегенімізді қалайды (Салоникалықтарға 1-хат 4:3—6)

  • Біздің балалы болу қабілетіне құрметпен қарап, оны дұрыс жолмен қолданғанымызды қалайды (Еврейлерге 13:4).

  • Ехоба порнографиядан жыныстық қатынасқа қатысты Шайтанның бүлінген, өзімшіл қөзқарасы көрініс табатынын біледі (Жаратылыс 6:2; Яһуда 6, 7).

ҚОРЫТЫНДЫ: Порнография адамның Құдаймен қарым-қатынасын бұзады (Римдіктерге 1:24).

Десе де порнографияның құрсауынан азат болғысы келетіндерге Ехоба Құдайдың жаны қатты ашиды. Киелі кітапта былай делінген: “Жаратқан — мейірбанды да рақымды, Тез қаһарланбайтын, тым қайырымды. Неден жаратылдық, соны түгел біледі, Топырақтан екеніміз Оның есінде” (Забур 102:8, 14). Құдай кішіпейіл жандарды “мейірімділігі мен рақымына ие болулары” үшін өзіне бет бұруға шақырады (Еврейлерге 4:16;  “Порнографияның құрсауынан босау” деген қоршауды қараңыз.).

Көптеген адам Құдайдың көмегін қабыл алды. Бұл көмек қаншалықты пайдалы? Жаман әдеттерінен арылған адамдар жайлы Киелі кітапта былай деп жазылған: “Бірақ Иеміз Иса Мәсіхтің атымен және Құдайымыздың рухымен тазардыңдар, қасиетті болдыңдар әрі әділ деп жарияландыңдар” (Қорынттықтарға 1-хат 6:11). Мұндай адамдар елші Пауыл сияқты: “Себебі маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деп айта алады (Філіпіліктерге 4:13).

Порнография көру әдетінен арылған Сабина былай дейді: “Порнографияның құрсауынан азат болуға тек Ехоба ғана көмектесе алады. Көмегі мен басшылығын сұрасаң, оның көз алдында таза боласың. Ол сені ешқашан тастап кетпейді”.

^ 3-абзац Порнография деген — адамның жыныстық құмарын қоздыру мақсатымен азғындықты ашық көрсететін бейне, жазба не аудио материалдар.

^ 8-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.

^ 25-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.