Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАПҚА НЕГІЗДЕП ӘҢГІМЕЛЕСУ

Ехоба куәгерлері Исаны Құдай деп санай ма?

Ехоба куәгерлері Исаны Құдай деп санай ма?

Төменде Ехоба куәгерлерінің әдетте адамдармен қалай әңгімелесетінінің үлгісі келтірілген. Ехоба куәгерінің есімі Арман, ал үй иесінің есімі Тимур делік.

ИСАҒА ДЕГЕН СЕНІМНІҢ БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ

Арман: Ассалаумағалейкүм, Тимур. Қал-жағдайыңыз қалай?

Тимур: Уағалейкүмассалам, Арман. Жаман емес. Рақмет.

Арман: Мен сізге “Күзет мұнарасы” журналының соңғы санында жазылған бір оймен бөлісейін деп келдім. Бұл ойлар сізге қызықты болады деп ойлаймын.

Тимур: Рақмет, Арман. Негізі келгеніңіз жақсы болды. Сізге қояр бір сұрағым бар еді.

Арман: Иә, әрине, сұрай беріңіз.

Тимур: Жақында бір әріптесіммен әңгімелесіп отырып, сіздің маған келіп жүргеніңізді және журналдарыңыздан қызықты ойлармен бөлісетініңізді айтқан едім. Бірақ ол маған Куәгерлермен сөйлеспе, олар Исаны Құдай деп санайды деп айтты. Бұл рас па? Мен әріптесіме келесі жолы сізден осы жайлы сұраймын деген едім.

Арман: Бұны басқа біреуден емес, менен сұрағаныңызға қуанып тұрмын. Өйткені адамның не нәрсеге сенетінін басқа адамнан гөрі сол адамның өзі жақсы біледі емес пе?

Тимур: Иә, мен де солай ойлаймын.

Арман: Негізі, Ехоба куәгерлері Исаны Құдай деп санамайды, бірақ оған деген сенім құтқарылу үшін маңызды деп есептейді.

Тимур: Алғашында мен бұл жайлы ойланбаған едім, бірақ әріптесім сіздер Исаны Құдай деп есептейді дегенде, менде сұрақтар пайда болды. Бұған дейін екеуміз бұл тақырыпта сөйлеспеген едік қой.

Арман: Сұрағыңызға жауап беру үшін Киелі кітаптан бір жазба орнын оқып берсем, қалай қарайсыз.

Тимур: Әрине, оқи беріңіз.

Арман: Жохан 8:42-де Исаның айтқан келесі сөздері келтірілген: “Құдай жібергендіктен мен осындамын. Мен өз бетімше келген жоқпын, мені жіберген — сол”. Осы жазба орнынан көрінетіндей, Иса өзінің Құдай емес екенін, қайта, Құдайдың оны жібергенін айтып отыр.

Тимур: Қызық, мұнда нақты айтылып тұр ғой.

Арман: Иә, және Киелі кітаптың еш жерінде Исаның Құдай екені айтылмаған, бірақ онда оның ерекше рөлі туралы айтылады. Мысалы, Жохан 14:6-да не делінгенін өзіңіз оқып көріңізші.

Тимур: “Иса оған былай деді: “Жол, шындық және өмір — менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды”.

Арман: Осы сөздерге сай, Құдайға кім арқылы ғана жақындай алады екенбіз?

Тимур: Иса арқылы делініпті.

Арман: Дұрыс айтасыз және Ехоба куәгерлері бұған нық сенеді. Сондықтан да олар Құдайға Иса арқылы дұға етеді.

Тимур: Қызық екен.

Арман: Көңіл қоюға тұрарлық тағы бір жазба орны — Жохан 3:16. Бұл жазба орнының маңызды болғаны соншалық — оны “Ізгі хабардың түйіні” деп атайды. Өйткені бұл тармақ Исаның қызметі мен жердегі өмірінің мақсатын қамтиды. Оны өзіңіз оқып көресіз бе?

Тимур: “Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді”.

Арман: Рақмет. Исаның не дегеніне мұқият ден қойсақ, мұнда ол Құдайдың сүйіспеншілігінің арқасында біз мәңгі өмірге ие бола алатынымызды айтқан. Бірақ қандай жағдайда ғана ие бола аламыз делінген?

Тимур: Оған сенген жағдайда.

Арман: Иә, дұрыс айтасыз. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Исаның рөлінің маңыздылығы жайлы мен сізбен ой бөлісіп жүрген журналдың 2-інші бетінде жазылған. “Күзет мұнарасы” журналының мақсаты жайлы жазылған жерде мынадай сөздер бар: “мәңгі өмір сүре алуымыз үшін жанын қиған және қазір Құдай Патшалығының патшасы болып отырған Иса Мәсіхке сенуге шақырады”.

Тимур: Исаны Құдай деп санамайтындарыңыз журналдарыңызда да жазылып тұр екен ғой. Онда неге адамдар сіздерді Исаны Құдай деп есептейді деп айтады?

Арман: Бұған бірнеше жайт себеп болуы мүмкін. Кей адамдар басқалар солай деген үшін ғана осындай пікірде болады. Тағы біреулер діни жетекшілер біз туралы бұрыс мәлімет бергендіктен солай ойлайды.

Тимур: Иә, шынында да, егер сіздер Исаны Құдай деп есептегенде, сіздер Ехоба куәгерлері деп емес, Исаның куәгерлері деп аталатын едіңіздер ғой.

Арман: Бұны да бір дәлел ретінде қарастыруға болады.

Тимур: Ехоба куәгерлері демекші, неге сіздер Ехоба деген есімді қолданасыздар?

“ОЛАРҒА ЕСІМІҢДІ АШТЫМ”

Арман: Орынды сұрақ, біз Құдайдың Ехоба деген жеке есімін қолдану маңызды деп есептейміз. Өйткені Иса да Құдайдың есімін қолданған. Оның дұға еткенде не дегеніне назар аударайықшы. Ол Жохан 17:26-да жазылған. Өзіңіз оқып жібересіз бе?

Тимур: Әрине, “Сен мені қалай сүйсең, бұлар да өзгелерді солай сүю үшін әрі олармен бірлікте болуым үшін, оларға есіміңді аштым және аша беремін”.

Арман: Рақмет сізге. Байқасаңыз, Иса Құдайдың есімін аштым деген. Қалай ойлайсыз, ол мұны не үшін істеді?

Тимур: Білмейді екенмін.

Исаға сену құтқарылу үшін маңызды

Арман: Мұны анығырақ түсіну үшін тағы бір жазба орнын көрейік. Елшілердің істері 2:21-де былай делінген: “Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылады”. Енді сіз құтқарылу үшін Құдайдың есімін атап шақыру маңызды екенімен келісетін шығарсыз. Исаның да бұл талапты жақсы білгенінде күмән жоқ.

Тимур: Қызық екен.

Арман: Демек, Құдайдың есімін білу және оны қолдану құтқарылу үшін маңызды екенін Иса ізбасарларына білдірген. Біздің де Ехобаның есімін қолдануымыздың маңызды себептерінің бірі — осы. Сондықтан біз өзгелердің де Құдайдың есімін білгендерін және Құдайды атын атап шақырғандарын қалаймыз.

Тимур: Бірақ адамдар Құдайдың есімін білмеген не оны қолданбаған күнде де, олар Құдай жайлы айтып тұрғанда кімге нұсқап жатқандарын біледі емес пе?

Арман: Мүмкін. Алайда Құдай бізге өзінің есімін ашу арқылы оған жақындай түсуімізге қам жасады.

Тимур: Қалай сонда?

Арман: Мына жайлы ойланып көрейік: мысалы, бізге Мұса пайғамбардың есімін білмей, оны жай ғана Қызыл теңізді қақ жарған не Құдайдан Он өсиет алған адам ретінде тануымызға болар еді ғой. Немесе Нұх пайғамбардың атын білу біз үшін маңызды ма? Оны жай ғана отбасын және жануарларды Топан судан аман алып қалу үшін кеме соққан адам ретінде білсек те, жеткілікті болар еді ғой. Тіпті Иса Мәсіхтің өзін көктен келген және бүкіл адамзаттың күнәсі үшін құрбан болған адам ретінде білсек те жеткілікті болмас па еді?

Тимур: Иә.

Арман: Дегенмен Құдай біздің бұл адамдардың есімдерін білгенімізді қалады. Шынымен де, бұл адамдардың есімдерін білгеніміз сол оқиғаларға жан бітіреді. Біз Мұсаны, Нұхты және Исаны ешқашан көрмесек те, олардың есімдерін білгеніміздің арқасында олардың шын мәнінде тарихта болған адамдар екеніне көзіміз жете түседі.

Тимур: Бұл жайлы ешқашан ойланып көрмеппін. Бірақ бұл ақылға қонымды екен.

Арман: Бұл — Ехоба куәгерлерінің Құдайдың есімін қолдануының тағы бір себебі. Біз адамдардың Ехоба Құдайды шынайы тұлға ретінде қарастырып, оған жақындай түскендерін және сенім танытқандарын қалаймыз. Сонымен қатар біз құтқарылу үшін Исаның рөлі маңызды екеніне баса назар аударамыз. Осы ойды нақтылай түсу үшін тағы бір жазба орнына назар аударайықшы.

Тимур: Жарайды.

Арман: Әңгімеміздің басында біз Жохан 14:6-ны оқыған едік, ол жерде Иса “жол, шындық және өмір — менмін” деген болатын. Осы сөздердің алдында оның не дегеніне назар аударып, Жохан 14:1-де айтылған сөздеріне көңіл бөлейік. Осы жазба орнының екінші жартысында не жазылғанын оқып жібересіз бе?

Тимур: Оқиын. “Құдайға сеніңдер, маған да сеніңдер”.

Арман: Рақмет. Бұл сөздерді Ехобаға сену маңыздырақ немесе Исаға сену маңыздырақ деп қарастыруға бола ма?

Тимур: Жоқ. Өйткені мұнда екеуіне де сену керек екені айтылған ғой.

Арман: Дұрыс айтасыз. Алайда Құдайға және Исаға сенемін деп айта салудың жеткіліксіз екенімен келісетін шығарсыз. Шын мәнінде, біз оларға сенетінімізді өмір салтымызбен көрсетуіміз керек.

Тимур: Әрине.

Арман: Бірақ адам Құдайға және Исаға шынымен сенетінін қалай көрсете алады? Бұл жайлы келесі жолы сөйлессек, қалай қарайсыз *?

Тимур: Иә, келіңіз, қарсы емеспін.

Сізді Киелі кітаптағы қандай да бір тақырып қызықтыра ма? Ехоба куәгерлерінің ілімдері немесе іс-шаралары жайлы білгіңіз келе ме? Онда Ехоба куәгерлерінің бірін кездестіргенде, бұл туралы қысылмай сұрасаңыз болады. Ол сіздің сұрақтарыңызға қуана-қуана жауап береді.

^ 58-абзац Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 12-тарауын қараңыз. Бұл кітапты www.mr1310.com сайтынан табуға болады.