Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Өлімге кесілген қылмыскерлердің аяқтары не үшін сындырылатын?

Азап бағанасына ілінген Иса мен оның жанындағы екі қылмыскерге қатысты Киелі кітапта былай делінген: “Яһудилер Пилаттан олардың аяқтарын сындырып, денелерін алдырып тастауды өтінді” (Жохан 19:31).

Яһудилердің заңы бойынша бағанаға ілінген қылмыскердің денесін “түні бойы ағашта қалдыруға” болмайтын (Заңды қайталау 21:22, 23). Қылмыскерді азап бағанасына римдік сарбаздар ілген жағдайда да яһудилер осы заңды ұстануға тырысқан көрінеді. Ал бағанаға ілінген қылмыскерлердің аяқтарын сындыру олардың өлімін тездетіп, күн батқанда басталатын Демалыс күніне дейін оларды жерлеуге мүмкіндік беретін.

Осындай жазалау кезінде өлімге кесілген адамның қол-аяқтары бағанаға шегеленетін. Бағана тік көтеріліп қойылған кезде, бүкіл денесінің салмағы шегелерге түскендіктен, ол қатты азап шегіп қиналатын. Тыныс алу үшін оған аяқтарындағы шегеге не шегелерге тіреліп тұруға тура келетін. Ал аяқтарының сүйектері сындырылған жағдайда, оған бұлай істеу мүмкін болмайтын. Нәтижесінде адам соққыдан емес, тұншыққаннан өлетін.

Ежелгі шайқастарда сақпандар қалай қолданылған?

Дәуіт алып Ғолиятты өлтіру үшін қару ретінде сақпанды қолданған болатын. Ол бала кезінде қой бағып жүріп, осы қарудан атуды үйреніп алған болса керек (Патшалықтар 1-жазба 17:40—50).

Ассириялықтардың Яһуди қаласына сақпанды қолданып шабуыл жасап жатқанын көрсететін бедерлі сурет

Киелі кітап жазылған замандағы мысырлықтардың да, ассириялықтардың да өнер туындыларында сақпанның суреттері кездеседі. Бұл қарудың екі белдікке не жіпке байланған ашық қалташасы болған. Ол теріден не матадан жасалатын. Сақпаннан ататын адам осы қалташаға диаметрі шамамен 5—8 см және салмағы 250 грамдай болатын жұмыр не домалақ тас салатын. Кейін ол сақпанды басынан айналдыра үйіріп, белдіктің бірін жібергенде, тас қатты күшпен және көздеген жерге тура тиетін.

Таяу Шығыста жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ежелгі шайқастарда қолданылған көптеген сақпан тастары табылған. Шебер жауынгерлер мұндай тастарды сағатына 160—240 шақырым жылдамдықпен лақтыра алуы мүмкін. Кейбір ғалымдар сақпан тасы садақ жебесінің ұшу қашықтығындай жерге жете алатынымен келіспейді. Алайда сақпаннан атылған тас қарсыласты өлтіріп жіберуі мүмкін екені дәлелденген (Билер 20:16).