Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Өмір беретін нанның дәмін татып көргенсіз бе?

Өмір беретін нанның дәмін татып көргенсіз бе?

БЕТЛЕХЕМ деген көне қаланың тарихи жерлерін көріп жүрген туристердің қарны ашады. Сөйтіп, олар сол жерде кең тараған қандай да бір тағамды жегісі келеді. Олардың бірі фалафель деген тағамды дайындайтын дәмхананы байқап қалады. Бұл тағам дәмді дала нұқаты, қызанақ, пияз және тағы басқа көкөністермен дайындалады және ол лаваш нанмен ұсынылады. Жүрек жалғайтын бұл тағам туристерге әрі қарай сапарларын жалғастыруға күш береді.

Қарапайым лаваш наннан дәм татып отырған туристер бұл нанның тарихы өте тереңде жатқаны жайлы ойланбаған да шығар. Негізі Бетлехем деген атау “Нан үйі” дегенді білдіреді және нан сол жерде мыңдаған жыл бойы пісіріліп келеді (Рут 1:22; 2:14). Бүгінде лаваш нан Бетлехемдегі кең тараған нандардың бірі болып табылады.

Шамамен төрт мың жыл бұрын Бетлехемнің оңтүстігіне жақын жерде Ыбырайымның әйелі Сара үйлеріне келген үш қонаққа “күлше нан” пісіріп берген (Жаратылыс 18:6). Ол қолданған “ең таңдаулы ұн” полба бидайынан не арпадан жасалған болса керек. Сара бұл нанды тез дайындау үшін оны қызып тұрған тастардың үстінде пісірген болуы мүмкін (Патшалықтар 3-жазба 19:6 ЖД).

Осы оқиғадан көрінетіндей, Ыбырайымның отбасы нанды өздері пісіретін болған. Олар көшіп-қонып жүргендіктен, Сара мен оның қызметшілері нанды Ур қаласындағыдай кеңінен қолданылатын пеште пісірмеген көрінеді. Сара ең таңдаулы ұнды жергілікті дәнді-дақылдардан жасаған болса керек. Мұндай ұнды жасау қолдиірменмен және келі-келсаппен ауыр еңбектенуді талап ететін.

Төрт ғасыр өткеннен кейін Мұса пайғамбарға берілген заңда қолдиірмен не диірмен тасы адамның “күнкөріс заты” болғандықтан, оларды кепілдікке алуға болмайтыны айтылған еді (Заңды қайталау 24:6). Құдайдың көзқарасы бойынша қолдиірмен өте маңызды зат болған, өйткені адам онсыз күн көру үшін қажетті нанын пісіре алмас еді (“ Киелі кітап заманындағы ұн тарту мен нан пісіру” деген қоршауды қараңыз.).

АДАМҒА КҮШ-ҚУАТ БЕРЕР НАН

Жазбаларда нан сөзі шамамен 350 рет кездеседі және Киелі кітап жазушылары жиі тамақтың орнына нан сөзін синоним ретінде қолданған. Иса пайғамбар Құдайдың қызметшілерінің өз дұғаларында: “Бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр”,— деп сұрауларына болатынын айтқан (Матай 6:11). Бұл жердегі “нан” сөзі тамақты білдіреді және Иса бұл сөздерімен Құдай күнделікті тамағымызды беретініне сенімді бола алатынымызды көрсеткен (Забур 36:25).

Алайда нан мен тамақтан әлдеқайда маңызды бір нәрсе бар. Иса: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деген (Матай 4:4). Ол бұл сөздерімен Құдайдың қамқорлығына толықтай мұқтаж болған исраилдіктердің өмір сүрген заманына нұсқаған. Мысыр құлдығынан босаған исраилдіктердің Синай шөліне аяқ басқандарына шамамен бір ай болғанда, олардың жейтін тамақтары таусылады. Шөл далада аштан өлеміз деп абыржыған олар: “Мысыр елінде... нанды тойғанымызша жеп жүрдік”,— деп қатты күңкілдей бастайды (Мысырдан шығу 16:1—3).

Мысырдағы нанның дәмді болғанында күмән жоқ. Өйткені Мұса өмір сүрген заманда кәсіби  наубайшылар мысырлықтар үшін алуан түрлі нандар мен тәтті тоқаштар пісірген. Алайда Ехоба өз халқын ешқашан нансыз қалдырмас еді. Ол: “Мен сендерге аспаннан нан жаудырамын”,— деп уәде берген. Аспаннан жауған бұл нан таңертең пайда болатын және ол “қырау тәрізді ақ, нәзік қабыршақ” еді. Алғашында мұны көрген исраилдіктер: “Бұл не?”— десті. Мұса оларға: “Бұл — Жаратқан Иенің сендерге жеуге берген наны”,— деп жауап берді. Олар оны “манна” * деп атады және олар бұл нанды алдағы 40 жыл бойы азық етпек еді (Мысырдан шығу 16:4, 13—15, 31).

Алғашында керемет түрде аспаннан жауған манна исраилдіктер үшін таңғаларлық нәрсе болды. Маннаның “дәмі бал қосқан күлше нандай болатын” және әркім оны қажетінше жинап алатын (Мысырдан шығу 16:18). Алайда уақыт өте келе исраилдіктер Мысырда жеген алуан түрлі тамақтарын сағына бастады. Олар: “Көзіміз мына маннадан басқа ештеңені көрмейді”,— деп шағымданды (Руларды санау 11:6). Кейін олар күңкілдеп: “Әлгі жеп жүрген жиренішті тамағымыздан әбден мезі болдық”,— деді (Руларды санау 21:5). Ақырында “аспаннан түскен нан” олар үшін жиіркенішті әрі жүрек айнытарлық нанға айналды (Забур 104:40).

ӨМІР БЕРЕТІН НАН

Әдетте нанның басқа нәрселер сияқты кәдімгі нәрсеге айналып кететіні анық. Алайда Киелі кітапта ешқашан жиренішпен қарауға болмайтын бір ерекше нан туралы айтылады. Иса пайғамбар мәңгілік игілік әкелетін бұл нанды кезінде исраилдіктер бас тартқан маннамен салыстырған.

Иса өзінің тыңдаушыларына былай деген: “Өмір беретін нан — менмін. Ата-бабаларың айдалада манна жесе де, бәрібір өлді. Ал көктен түскен нанды жейтін әркім өлмейді. Мен көктен түскен тірі нанмын. Оны жеген адам мәңгі өмір сүреді. Бұл нан — менің тәнім, оны адамзат өмірге ие болсын деп беремін” (Жохан 6:48—51).

 Исаны тыңдап отырған адамдардың көбісі оның “нан” мен “тән” деп астарлап айтқан сөздерін түсінбеген. Алайда бұл өте орынды салыстыру болатын. Исраилдіктердің 40 жыл бойы шөл далада маннамен күн көргені сияқты, яһудилер де кәдімгі нанмен күн көрген. Манна Құдайдан келген сый болса да, мәңгілік өмірге жеткізбейтін. Ал Исаның құрбандығына сенген әркім мәңгілік өмірге ие бола алады. Ол — расында да “өмір беретін нан”.

Бәлкім, сіз қарныңыз ашса, бірден нан жейтін шығарсыз және әр күнге “қажетті нанды” бергені үшін Құдайға ризашылығыңызды білдірерсіз (Матай 6:11). Дәмді тағам үшін алғысымызды білдіргенде, “өмір беретін нанның”, яғни Иса Мәсіхтің ұсынған құрбандығының құндылығы жайлы да ұмытпайық.

Бағалы нанға кәдімгі нәрседей қарап кеткен әрі ризашылықтан жұрдай болған исраилдіктерге ұқсамайтынымызды қалай көрсете аламыз? Иса пайғамбар: “Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындайсыңдар”,— деген (Жохан 14:15). Егер Исаның өсиеттерін орындайтын болсақ, мәңгілік өмір сүруге деген үмітіміз болады және дастарқанымыздан үзілмейтін наннан мәңгілік бойы дәм тататын боламыз (Заңды қайталау 12:7).

^ абзац 10 “Манна” деген сөз “Бұл не?” деп аударылатын еврейдің “Ман һу?” деген сөз тіркесінен шыққан болуы мүмкін.