Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАПҚА НЕГІЗДЕП ӘҢГІМЕЛЕСУ

Құдай Патшалығы қашан билік ете бастады? (1-бөлім)

Құдай Патшалығы қашан билік ете бастады? (1-бөлім)

Төменде Ехоба куәгерлері әдетте адамдармен қалай әңгімелесетінінің үлгісі келтірілген. Ехоба куәгерінің есімі Сәкен, ал үй иесінің есімі Жақып делік.

ТҮСІНІКТІ “ІЗДЕЙ БЕРІҢДЕР”

Сәкен: Жақып, сізбен Киелі кітап тақырыптарын талқылау өте қызықты *. Өткен жолы Құдай Патшалығы жайлы сөз қозғаған едік. Сонда сіз Құдай Патшалығы билігін 1914 жылы бастағанын Ехоба куәгерлері қайдан біледі деп сұраған едіңіз.

Жақып: Иә, мен журналдарыңыздан Құдай Патшалығы 1914 жылы билік ете бастады дегенді оқыдым. Бұл маған қызық болды. Сіздер тек Киелі кітапта жазылғанға сенесіздер ғой.

Сәкен: Дәл солай.

Жақып: Мен Киелі кітапты түгел оқып шыққанмын. Алайда онда 1914 жыл жайлы айтылған жері есімде жоқ екен. Содан Киелі кітаптың электронды түрінен “1914” санын теріп, іздеп көріп едім, ондай сан жоқ болып шықты.

Сәкен: Жақып, сізді екі ісіңіз үшін мақтағым келіп тұр. Біріншісі, Киелі кітапты толық оқып шыққаныңыз үшін. Құдай Сөзін шынымен жақсы көреді екенсіз.

Жақып: Бұл рас. Дүниеде одан артық кітап жоқ деп есептеймін.

Сәкен: Келісемін. Туындаған сұрақтың жауабын Киелі кітаптың өзінен табуға тырысқаныңыз үшін де мақтағым келеді. Киелі кітаптың өзі де бізді түсінікті “іздей беруге” шақырады *. Ізденгеніңіз өте дұрыс.

Жақып: Рақмет! Білгім келетіндіктен іздеймін ғой. Екеуіміз зерттеп жүрген кітаптан 1914 жылға қатысты біраз мәлімет таптым. Ол жерде бір патшаның көрген түсі жайлы айтылған. Түсінде патша үлкен ағаштың шабылып, кейін қайтадан өскенін көрген.

Сәкен: Иә, бұл Даниял пайғамбар кітабының 4-тарауында жазылған оқиға ғой. Түсті көрген Бабылдың патшасы Набуходоносор еді.

Жақып: Сол кісі ғой деймін. Пайғамбарлықты бірнеше рет оқып шықтым. Шыны керек, оның Құдай Патшалығымен не 1914 жылмен ешқандай байланысын көрмедім.

Сәкен: Жақып, Даниял пайғамбар Құдай рухының жетелеуімен жазған сол сөздерді өзі де толық түсінбеген!

Жақып: Рас па?

Сәкен: Рас. Міне, Даниял 12:8-де ол былай деген: “Мен оның айтқанын естісем де, түсінбедім”.

Жақып: Түсінбеген жалғыз мен емес екенмін. Жеңілдеп қалдым ғой.

Сәкен: Сол уақыт Даниял кітабындағы пайғамбарлықтарды Құдайдың адамзатқа толығымен ашатын кезі емес еді. Сондықтан Даниял оларды түсінбеді. Алайда бүгінде біз бұл пайғамбарлықтарды толығымен түсіне аламыз.

Жақып: Бұлай деуіңізге қандай негіз бар?

Сәкен: Осы тараудың келесі тармағына назар аударыңызшы. Даниял 12:9-да былай делінген: “Бұл хабар осы заманның соңына дейін жабылып, сақталып әрі мөрленіп бекітілген”. Демек, бұл пайғамбарлықтың мәні әлдеқайда кейін, яғни “осы заманның соңында” ашылу керек болған. Қазір біз сол уақытта өмір сүріп жатқанымызға дәлел көп. Мұны жақында Киелі кітап зерттеулердің бірінде жақсылап қарастырамыз *.

Жақып: Қазір маған Даниялдың осы пайғамбарлығын түсіндіріп бере аласыз ба?

Сәкен: Тырысып көрейін.

НАБУХОДОНОСОРДЫҢ ТҮСІ

Сәкен: Алдымен Набуходоносор патшаның түсін қысқаша айтып берейін. Кейін оның мәнін қарастырамыз.

Жақып: Жақсы.

Сәкен: Патша түсінде басы көкке дейін жеткен алып бір ағашты көрді. Сосын Құдайдың хабаршысы ағашты кесіп, бірақ оның түбірі мен тамырын қалдыруды бұйырғанын естіді. Бұдан соң “жеті кезең” өтіп, ағаш қайтадан өсе бастады *. Бұл пайғамбарлық ең алдымен Набуходоносор патшаға қатысты еді. Ол төбесі көкке жеткен ағаш сияқты өте беделді патша болса да, “жеті кезеңге” шабылды. Мұның қалай болғаны есіңізде ме?

Жақып: Есімде жоқ екен.

Сәкен: Киелі кітапта патшаның жеті жыл бойы есі ауысып жүргені жазылған. Сол уақыт аралығында ол патша ретінде билік ете алмады. Жеті кезең өткенде, оның есі кіріп, қайтадан билікке келді *.

Жақып: Иә, мұны түсіндім. Бірақ мұның Құдай Патшалығына және 1914 жылға қандай қатысы бар?

Сәкен: Қысқасын айтқанда, бұл пайғамбарлық екі рет орындалмақ еді. Біріншісі, Набуходоносор патшаның билігі уақытша тоқтатылғанда, ал екіншісі, Құдай билігі уақытша тоқтағанда. Пайғамбарлықтың екінші орындалуы Құдай Патшалығына қатысты болатын.

Жақып: Құдай Патшалығына қатысты екенін қайдан білесіздер?

Сәкен: Ең алдымен, мұны пайғамбарлықтың өзінен көруге болады. Даниял 4:17-де: “Пенделердің патшалықтарына Алла Тағаланың үстемдік жүргізетінін барлық тірі жан атаулы ұғатын болады. Ол билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайды”,— деп жазылған. Мұнда “пенделердің патшалықтары” делінгенін байқадыңыз ба?

Жақып: Иә, “пенделердің патшалықтарына Алла Тағала үстемдік жүргізеді” депті ғой.

Сәкен: Дәл солай. Демек, бұл пайғамбарлық тек Набуходоносорға ғана қатысты емес. Ол “пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізетін” Құдайдың билігіне де қатысты. Осы пайғамбарлықтың мәнмәтіні де осы ойды растайды.

Жақып: Қалайша?

КІТАПТЫҢ БАСТЫ ТАҚЫРЫБЫ

Сәкен: Даниял кітабын оқи отырып, жиі сөз болатын бір басты тақырыпты байқауға болады. Бұл Исаның қолына берілген Құдай Патшалығының орнауы жайлы. Мысалы, Даниял 2:44. Оқып көресіз бе?

Жақып: Жарайды. “Сол патшалардың заманында көктегі Құдай бір Патшалықты орнатады. Сол патшалық ешқашан күйремейді, Құдай бөтен халықтың оны жаулап алуына да жол бермейді. Қайта, осы Патшалық басқа барлық патшалықтарды біржола қиратып, өзі мәңгі берік тұрады”.

Сәкен: Рақмет. Осы тармақтың Құдай Патшалығы жайлы екенін байқадыңыз ба?

Жақып: Ым-м-м. Сенімді емеспін.

Сәкен: Қараңызшы, мұнда Патшалықтың “мәңгі тұратыны” айтылған. Құдай Патшалығының мәңгі тұратыны анық. Ал адам патшалықтары жайлы осылай дей аламыз ба?

Жақып: Жоқ, олай деуге келмес.

Сәкен: Даниял кітабында Құдай Патшалығы жайлы тағы бір пайғамбарлық бар. Ол Даниял 7:13, 14-те жазылған. Онда: “Оған құдірет, салтанатты ұлылық және патшалық билік тапсырылды. Барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдары Оған бой ұсынып құрмет көрсетуге тиіс болды. Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды!”— делінген. Осы пайғамбарлықта сізге не нәрсе таныс болды?

Жақып: Бұл да патшалық жайлы екен.

Сәкен: Дұрыс айтасыз. Бірақ бұл қарапайым патшалық емес. Бұл Патшалық “барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдарына” билік жүргізетін болады, яғни оның билігі дүниежүзін қамтиды.

Жақып: Бұрын мұны түсінбеген екенмін. Бұл айтқаныңыздың жаны бар.

Сәкен: Сондай-ақ пайғамбарлықта тағы не делінгеніне көңіл бөліңізші: “Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды!” Бұл сөздер Даниял 2:44-тегі сөздерге ұқсайды емес пе?

Жақып: Иә, солай.

Сәкен: Енді осы айтқандарымызды қысқаша қайталап көрейік. Даниял кітабының 4-тарауынан “пенделердің патшалықтарына Алла Тағала үстемдік жүргізетінін” білдік. Осы сөздердің өзі пайғамбарлықтың Набуходоносорға ғана қатысты емес екенін, әлдеқайда кең көлемде орындалатынын көрсетеді. Даниял кітабында Исаға берілген Құдай Патшалығының орнауы жайлы басқа да пайғамбарлықтар бар екенін білдік. Ендеше, 4-тараудағы пайғамбарлық Құдай Патшалығына қатысты деу ақылға қонымды ма, қалай ойлайсыз?

Жақып: Иә, солай сияқты. Бірақ әлі де мұның 1914 жылмен байланысын көрмей тұрмын.

“ЖЕТІ КЕЗЕҢ ӨТСІН”

Сәкен: Ендеше, Набуходоносор патшаға оралайық. Пайғамбарлықтың бірінші орындалуында патша үлкен ағашты білдірді. Ағаштың шабылып, жеті кезең бойы өспей жатқаны патшаның билігі тоқтап, белгілі бір уақыт есі ауысып жүргенін бейнеледі. Жеті кезең біткенде, Набуходоносордың есі кіріп, ол қайтадан билік құра бастады. Пайғамбарлықтың екінші орындалуында Құдай билігі белгілі бір уақытқа тоқтау керек еді, бірақ Құдайда қандай да бір кемшілік болғандықтан емес.

Жақып: Сонда қалай, түсінбедім?

Сәкен: Киелі кітап заманында Иерусалимде билік құрған Исраил патшаларын “Ехобаның тағында” отыр дейтін *. Өйткені олар Құдайдың өкілі ретінде билік ететін болған. Демек, Исраил патшаларының билігі Құдай билігінің көрінісі еді. Алайда уақыт өте патшалардың көбі Құдайға мойынсұнбай кетті, оларға халық та ерді. Сол себепті Құдай б. з. б. 607 жылы Бабылдың Исраилді жаулап алуына жол берді. Сол уақыттан бері Иерусалимде ешбір патша Ехобаның өкілі ретінде билік етпеді. Осы мағынада Құдайдың билігі тоқтады. Түсініп отырсыз ба?

Жақып: Иә, түсініп отырмын.

Сәкен: Демек, б. з. б. 607 жылы жеті кезең, яғни Құдай билігінің тоқтап тұратын кезеңі басталды. Жеті кезеңнің соңында Құдай өз өкілі ретінде басқа бір билеушіні, көктен билейтін патшаны, тағайындамақ еді. Осылайша Даниялдың басқа да пайғамбарлықтары орындалу керек болды. Ендігі маңызды сұрақ: Жеті кезең қашан бітеді? Осы сұрақтың жауабын тапсақ, Құдай Патшалығының билік ете бастаған уақытын анықтаймыз.

Жақып: Сонда жеті кезеңнің біткен уақыты 1914 жыл болғаны ғой.

Сәкен: Дәл солай!

Жақып: Алайда оны қайдан білеміз?

Сәкен: Иса жердегі қызметі кезінде жеті кезеңнің әлі бітпегенін айтқан *. Бұл ұзақ уақытқа созылған кезең еді. Жеті кезең Иса жерге келуінен жүздеген жыл бұрын басталып, ол көкке оралғаннан кейін де біраз уақыт жалғасу керек еді. Есіңізде шығар, Даниял кітабындағы пайғамбарлықтардың мағынасы “осы заманның соңына дейін” жабық болу керек *. Бір қызығы, ХІХ ғасырдың соңына таман Киелі кітап зерттеушілері осы және басқа пайғамбарлықтарды мұқият қарастырған болатын. Олар жеті кезеңнің 1914 жылы бітетінін түсіне бастаған. Содан кейін орын алған дүниежүзіндегі оқиғалар Құдай Патшалығы 1914 жылы көкте билік ете бастағанын дәлелдеді. Бұл осы дүниенің соңғы күндері немесе ақыр заман деген уақыт басталған жыл еді. Сіз үшін мұның бәрі жаңа мәлімет әрі бірден түсіну қиын екенін білемін.

Жақып: Қиындау болып тұр. Бірақ жақсылап түсініп алу үшін, бұл мәліметті қарастырып шығуым керек.

Сәкен: Маған да осы пайғамбарлықтардың байланысын көру үшін уақыт қажет болды. Бірден түсінбедім деп уайымдамаңыз. Бүгінгі талқылауымыздың өзі сізге Ехоба куәгерлері ілімдерін Киелі кітапқа негіздейтінін көруге көмектесті деп ойлаймын.

Жақып: Бұған еш күмәнім жоқ. Сенімдеріңізді Киелі кітапқа сүйеніп түсіндіріп бере алатындарыңыз маған қатты ұнайды.

Сәкен: Мен сізден де осындай ықыласты байқап тұрмын. Бүгін сізбен көп жаңа мәлімет қарастырдық. Мысалы, жеті кезеңнің Құдай Патшалығымен байланысты екенін және оның б. з. б. 607 жылы басталғанын білдік. Бірақ әлі де ашық сұрақ бар. Жеті кезеңнің 1914 жылы аяқталғанын қайдан білеміз *?

Жақып: Соны мен де білгім келеді.

Сәкен: Жеті кезеңнің нақты қанша жыл екенін анықтауға Киелі кітаптың өзі көмектеседі. Келесі жолы осы сұрақты қарастырсақ, қалай қарайсыз? *

Жақып: Жақсы болар еді.

Киелі кітапқа қатысты қандай да бір сұрақтың жауабын алғыңыз келе ме? Ехоба куәгерлері сенетін не ұстанатын қандай да бір ілімнің дұрыстығына көз жеткізгіңіз келе ме? Олай болса, еш тартынбастан Ехоба куәгерінің біріне сұрақ қойыңыз. Ол сізбен сол сұрақты қарастыруға қуанышты болады.

^ Ехоба куәгерлері Киелі кітапты ақысыз зерттеу сабақтарын өткізіп, адамдармен Киелі кітап тақырыптарына әңгімелесіп тұрады.

^ Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 9-тарауын қараңыз. Бұл мәліметті www.mr1310.com. сайтынан да табуға болады.

^ Соңғы күндерге қатысты Иса былай деген: “[Құдайдың билігін білдірген] Иерусалимді басқа ұлттар өздеріне берілген уақыт аяқталғанша, аяқтарымен таптайды” (Лұқа 21:24). Демек, Исаның кезінде Құдай билігі әлі тоқтап тұрған, әрі соңғы күндерге дейін тоқтап тұрмақ еді.

^ “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 215—218 беттерін қараңыз. Бұл мәліметті www.mr1310.com сайтынан да таба аласыз.

^ Келесі айдарда жеті кезеңнің ұзақтығын анықтауға көмектесетін Киелі кітап тармақтары қарастырылады.