Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОЛАРДЫҢ СЕНІМДЕРІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК | ЖҮСІП

“Түстің мағынасын ашып беретін Құдай емес пе?!”

“Түстің мағынасын ашып беретін Құдай емес пе?!”

ЫСТЫҚ қапаста қара терге бөгіп жұмыс істеген Жүсіп қараңғы дәлізбен жүріп келеді. Мысырдың шаңқиған күні түрмені жанып тұрған пешке айналдырды. Жүсіп бұл жердің барлық есік-тесігін жақсы біліп алғандай. Бұл түсінікті де, өйткені оның бар өмірі осында өтіп жатты. Рас, бұл жердегілер оны қатты құрметтейтін, бірақ тұтқынның аты тұтқын емес пе?!

Ол Хебронның таулы аймағында алаңсыз жүріп, әкесінің қойын баққан кезін талай есіне алған шығар. Әкесі Жақып оны хабар әкелу үшін үйінен бірталай шақырым жерге жібергенде, ол шамамен 17 жаста еді. Сол кездегі бостандықтың енді ұшқыны да жоқ. Қызғаныштан көздері қанталаған ағалары оны өлтірмек болды, бірақ кейін мысырлықтарға құлдыққа сатып жіберді. Алдымен ол сарай қызметкері болған мысырлық Потифардың үйінде қызмет етіп, оның сеніміне ие болды. Алайда Потифардың әйелі оған зорлады деп жала жауып, түрмеге қаматқызды * (Мұсаның 1-жазбасы 37, 39-тараулар).

Он жылдай құлдық пен қамауда болған Жүсіптің жасы 28-ге келді. Әсте, оның өмірі өзі күткендей болмады. Күндердің күнінде ол бостандыққа шығар ма екен? Жасы келген аяулы әкесі мен сүйікті інісі Бенияминді көре ме? Сол бір қапаста қашанғы қамалып отырмақ?

Жүсіптің сезімдері сізге таныс па? Кейде жас кезіміздегі үмітіміздің күлі көкке ұшқандай болатын шығар. Жанымызға батқан қиындықтар ащы ішектей шұбатылып бітпей кеткенде, күшіміз сарқылып, тығырықтан шығар жол жоқтай көрінуі мүмкін. Қазір Жүсіптің мысалына оралып, оның семсердей сенімінен не үйренетінімізді көрейік.

“ЕХОБА ЖҮСІПКЕ ЖАР БОЛДЫ”

Ехоба Құдай Жүсіпті ешқашан ұмытпаған еді, әрі Жүсіп бұны жақсы білетін. Бұл оған қиындыққа төзуге күш бергені шүбәсіз. Құдай тіпті осы шет мемлекеттің түрмесінде жатқан қызметшісін жарылқаудың жолын тапты. Бұл жайлы біз былай деп оқимыз: “Ехоба Жүсіпке жар болып, оған айнымас сүйіспеншілігін төкті, осының арқасында ол түрме бастығының ықыласына ие болды” (Мұсаның 1-жазбасы 39:21—23). Жүсіп аянбай еңбек ете бергендіктен, Құдай да оған әрдайым жар болып жүрді. Ехоба Құдайдың қашан да қасынан табылатынын білгені Жүсіптің жанына жай бергені сөзсіз.

Ехоба Жүсіптің сол түрмеде мәңгі қалуына жол бере ме? Жүсіп мұны нақты білмесе керек, бірақ оның бұл мәселе жайлы Құдайға әрдайым дұға етумен болғаны анық. Көп жағдайда байқайтынымыздай, Құдай оның дұғасына күтпеген жолмен жауап берді. Бірде түрмедегілерді біраз дүрліктірген жағдай орын алды. Перғауынның жеке қызметшілерінің екеуі түрмеге жабылды. Олардың бірі бас наубайшы, ал екіншісі бас шарапшы болған еді (Мұсаның 1-жазбасы 40:1—3).

Түрме бастығы Жүсіпке бұрын сыйлы болған осы екі адамға көз қырын салып жүруді тапсырды *. Бірде бұл екеуі де көріністері ап-анық, бірақ құпиясы бар түс көрді. Жүсіп олармен таңертең көріскенде, бір жағдайдың болғанын іші сезді. Содан ол: “Неге жүздеріңіз жабырқаулы?”— деп сұрады (Мұсаның 1-жазбасы 40:3—7). Жүсіптің жылы шырай танытқанына қарап әлгі екеуі оның сенімді адам екенін, сондықтан оған өз уайымдарын бүкпей айта алатындарын түсінді. Бұл әңгіме алдағы өмірін күрт өзгертетінін Жүсіп қайдан білсін?! Ол басқаларға қамқорлық көрсетпегенде, ешқандай әңгіме де басталмас еді. Оның әрекеті “Басқалардың қамын ойлау арқылы Құдайға сенетінімді көрсетемін бе?” деп өзімізді тексеруге талпындыратын шығар.

Жүсіп қасындағы тұтқындарға мейірімділікпен және құрметпен қараған

Жүсіптің қасындағы әлгі екі тұтқын ап-анық, бірақ құпия-сырға толы түс көріп, оны жорып беретін ешкім болмағандықтан абыржып отырғандарын айтып түсіндірді. Мысырлықтар түске көп мән беретін әрі оны жорып береді-міс деген адамдарға кіріптар болатын. Бұл екеуі көрген түстерінің Жүсіптің Құдайы Ехобадан екенін білмеген еді. Ал Жүсіп жақсы білді. Сондықтан ол сенімділікпен: “Түстің мағынасын ашып беретін Құдай емес пе?! Не көргендеріңізді маған айтып беріңіздерші”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 40:8). Жүсіптің бұл сөздерінің Киелі кітапты таза ниетпен зерттейтін барлық адамдар үшін маңызы зор. Әрбір діндар адам дәл осындай кішіпейілділік танытса ғой! Иә, Құдай сөзінің мағынасын дұрыс түсіну үшін біз пендеге тән менмендікті ысырып қойып, Құдайға жүгінуге әзір болуымыз қажет (Салоникалықтарға 1-хат 2:13; Жақып 4:6).

Алдымен, бас шарапшы сөйледі. Ол түсінде үш өркені бар жүзім сабағын көрген екен. Жүзім пісіп жетілгенде, шарапшы оны перғауынның тостағанына сығып берді. Ехоба Құдайдың көмегімен Жүсіп түстің мағынасын бірден түсінді. Ол шарапшыға үш өркен үш күнді білдіретінін және үш күн өткеннен кейін, перғауын оны босатып, қызметіне қайтаратынын айтты. Сонда шарапшының көңілі орнықты. Мұны көрген Жүсіп: “Перғауынға мен жайлы бірауыз сөз айтып,.. маған мейірімділік таныта көріңіз”,— деп өтініш білдірді. Жүсіп өзінің үйден күштеп әкетілгенін және жазықсыз түрмеге жабылғанын айтып түсіндірді (Мұсаның 1-жазбасы 40:9—15).

Шарапшының жақсы хабар алғанын көріп, үміті жанған наубайшы Жүсіптен өз түсін жорып беруін сұрады. Ол түсінде нан салынған үш себетті басына қойып алған екен, біреуінің ішіндегілерін құстар келіп шоқып жатты. Бұл жұмбақтың да жауабы Жүсіпке мәлім еді. Алайда ол наубайшы үшін сүйінші хабар емес-тін. Жүсіп былай деп жорыды: “Түсіңіздің мағынасы мынау: үш себет үш күнді білдіреді. Үш күннен кейін перғауын басыңызды алып, сізді бағанаға іліп қояды, ал құстар етіңізді шоқып жейтін болады” (Мұсаның 1-жазбасы 40:16—19). Құдайдың барлық адал қызметшілері сияқты, Жүсіп жақсы хабарды да, алдағы сот жайлы жайсыз хабарды да батыл жариялаған (Ишая 61:2).

Үш күннен кейін Жүсіптің айтқандары айны-қатесіз орындалды. Перғауын туған күнін тойлап жатқан күні екі қызметшісіне үкім шығарды. Құдайдың ежелгі халқы туған күнді тойламағанын айта кету керек. Бәрі дәл Жүсіп айтқандай-ақ болды: наубайшы жазаға тартылды, ал шарапшы бұрынғы қызметіне қайтарылды. Бірақ Жүсіптің өтінішіне немкетті қараған бұл адам оны мүлдем ұмытып кетті (Мұсаның 1-жазбасы 40:20—23).

“ТҮС ЖОРИТЫН — МЕН ЕМЕС”

Арада екі жыл өтті (Мұсаның 1-жазбасы 41:1). Жүсіптің көңілі әбден күпті болса керек. Ехоба шарапшы мен наубайшының түсін жоруға көмектескеннен кейін, оның жүрегінде үміт оты жанған болар. Сондықтан күнде таңертең көзін ашқанда, “Бостандыққа шығатын күнім бүгін шығар” деп, әр күннен жақсылық күткен болар. Алайда түрменің зеріктіретін бірқалыпты өмірі бәз-баяғы қалпында қалатын. Сол екі жыл Жүсіптің төзімін сынаған ең ауыр жылдар болса керек. Десе де ол Құдайы Ехобадан еш үміт үзбеді. Қайғыға батудың орнына, ол бәріне төтеп беруге бекінді. Нәтижесінде қайралып, мықты бола түсті (Жақып 1:4).

Осы қилы заманда қай-қайсысымызға да төзімділік қажет екені рас. Өмірдің қиындығына қарсы тұра алуымыз үшін бізге табандылық, шыдамдылық және тек Құдай ғана бере алатын жан тыныштығы қажет. Жүсіптің жағдайындағыдай, Құдай бізге де шарасыздыққа бой алдырмай, үмітті ешқашан үзбеуге көмектесе алады (Римдіктерге 12:12; 15:13).

Шарапшы өзіне жақсылық жасаған Жүсіпті сол күйі есіне алмағанмен, Ехоба оны ұмытпаған еді. Бірде ол перғауынға есте қаларлық екі түс көрсетті. Оның біріншісінде патша қоңды, жақсы жеті сиырдың Ніл өзенінен шығып келе жатқанын және жеті ұсқынсыз, арық сиырдың олардың артынан жүргенін көрді. Арық сиырлар қоңды сиырларды жеп қойды. Екінші түсінде перғауын бір сабақтан әдемі жеті масақ өсіп шыққанын көрді. Ыстық желге күйіп кеткен басқа жіңішке жеті масақ өсіп шығып, ірі жеті масақты жұтып қойды. Таңертең қатты мазасызданып оянған перғауын осы түстерді жорып беру үшін барлық данышпандары мен сиқыршылықпен айналысатын абыздарын шақыртты. Бірақ олардың ешқайсысы түстердің мәнін ашып бере алмады (Мұсаның 1-жазбасы 41:1—8). Олар жай абдырап қалды ма, жоқ әлде бір-біріне қайшы келетін ойлар айтты ма — бұл жағы белгісіз. Қалай болған күнде де, перғауынның үміті ақталмады, бірақ оның осы бір құпияның сырын білуге деген ынтызарлығы еш басылмады.

Ақырында, шарапшы Жүсіпті есіне түсірді! Ар-ұяты оянған ол перғауынға барып, осыдан екі жыл бұрын өзінің және наубайшының түсін дәл жорып берген ерекше жас жігіт жайлы айтып берді. Содан перғауын кідірместен Жүсіпті түрмеден алдыртты (Мұсаның 1-жазбасы 41:9—13).

Перғауынның хабаршылары келгенде, Жүсіптің не сезінгенін ойлап көріңізші. Ол дереу киімін ауыстырып, сақал-мұртын алды. Бәлкім, мысырлықтардың дәстүрі бойынша шашын да тақырлап алған шығар. Ол Ехобаға жан-тәнімен дұға етіп, алдағы әңгіменің жемісті болуын сұрағаны даусыз. Көп ұзамай ол салтанатты патша сарайында, перғауынның алдында тұрды. Перғауын Жүсіпке былай деді: “Мен түс көрдім, бірақ оны ешкім жорып бере алмай отыр. Ал сен айтылған түсті жори алады деп естідім”. Сонда ол: “Түс жоритын — мен емес. Оны перғауынға жақсылыққа жорып беруші — Құдай”,— деп жауап берді. Жүсіптің жауабынан оның кішіпейілділігі мен Құдайға деген сенімі тағы да көрінді (Мұсаның 1-жазбасы 41:14—16).

Жүсіп перғауынға кішіпейілділікпен: “Түс жоритын — мен емес”,— деді

Ехоба кішіпейіл, адал жандарды жақсы көреді, сондықтан оның данышпандар мен абыздардан жасырған жауапты Жүсіпке ашқаны ғажап емес. Жүсіп перғауынның екі түсі де бір хабарға нұсқайтынын түсіндірді. Ал оны екі рет қайталау арқылы Ехоба “бұл істі нақты шешіп қойғанын”, яғни оның міндетті түрде орындалатынын көрсетті. Түстегі қоңды сиырлар мен ірі масақтар Мысырда жеті жыл тоқшылық болатынын, ал арық сиырлар мен жіңішке масақтардың содан кейін келетін жеті ашаршылық жылын білдірді. Ашаршылық кезінде елдің бүкіл азығы түгесілмек еді (Мұсаның 1-жазбасы 41:25—32).

Перғауын Жүсіптің бұл жауабы дұрыс екеніне сенімді болды. Бірақ енді не істеуге болар еді? Жүсіп оған бір жақсы жоспар ұсынды. Перғауын осы істі басқаратын “ақылды да дана” адамды табу керек болды. Оның міндетіне жеті молшылық жылдан артылған астықты қамбаларға жинап, кейін жоқшылық кезінде оларды мұқтаждарға тарату кірмек еді (Мұсаның 1-жазбасы 41:33—36). Жүсіптің тәжірибесі мен қабілеттерінен оның бұл іске әбден жарамды екені анық көрінді, бірақ ол өзін ұсынудан аулақ болды. Оның кішіпейілділігі мен берік сенімі мұндай менмен әрекетке жібермес еді. Ол мұны қажет деп те таппады. Біз де Ехобаға шынайы сенім танытсақ, жүрегімізде кеудемсоқтық пен мансапқорлыққа орын табылмайды. Бәрін Құдайдың қамқор қолына тапсырғандықтан жантыныштығына кенелетініміз анық.

“ОСЫ КІСІДЕН АРТЫҚ БІРЕУДІ ТАБА АЛАМЫЗ БА?”

Перғауын да, оның қызметшілері де Жүсіптің сөздерінің жаны бар екенін көрді. Сондай-ақ перғауын Жүсіптің дана сөздері оның қызмет еткен Құдайынан екенін түсінді. Патша өз сарайында отырып қызметшілеріне: “Құдай рухы қонған осы кісіден артық біреуді таба аламыз ба?”— деді. Ал Жүсіпке: “Мұның бәрін саған Құдай білдіріп тұр екен, ендеше сендей ақылды да дана ешкім жоқ. Бүкіл сарайымды сенің қарамағыңа беремін, барша халқым да айтқаныңды бұлжытпай орындайды. Тек патша тағында отырған мен ғана сенен жоғары боламын”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 41:38—41).

Перғауын өз сөзінде тұрды. Көп ұзамай Жүсіптің үстіне сапалы зығыр матадан киім кигізілді. Перғауын оған алтын алқа, мөрлі жүзік, патшаның күймесін және бүкіл елді еркін аралап, жоспарын іске асыруға билік берді (Мұсаның 1-жазбасы 41:42—44). Осылайша бір күннің ішінде түрмеде жатқан Жүсіп патша сарайынан бір-ақ шықты. Таңертең бейшара тұтқын болып оянған жас жігіт түнде перғауыннан кейінгі екінші билеуші болып ұйқыға жатты. Жүсіптің Ехоба Құдайға деген сенімі бекер болмағаны қаншалықты анық көрінді десеңізші! Оның жылдар бойы талай рет әділетсіздіктің құрбаны болғаны Құдайдың назарынан тыс қалмады. Ол бұл қиындықтарды өз уағында әрі ең жақсы жолмен шешті. Ехоба оның жағдайын түзетуді ғана емес, болашақ Исраил халқына жол салуды да көздеген еді. Бұл жайлы осы айдардың келесі мақаласында сөз ететін боламыз.

Егер сіз бірнеше жылға созылып кеткендей көрінген әділетсіздіктің құрбаны болсаңыз, еңсеңіз түспесін. Жүсіпті еске алыңыз. Ол мейірімділігін, кішіпейілділігін, төзімділігін және сенімін ешқашан жоғалтпады. Ақырында Ехоба оны сол үшін молынан жарылқады.

^ 4-абзац 2014 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 тамыз бен 1 қараша айында шыққан “Олардың сенімдерін үлгі етейік” деген айдарды қараңыз.

^ 10-абзац Ежелгі Мысырда нан тағамдарының 90-нан аса түрі дайындалатын. Сондықтан перғауынның бас наубайшысы жай адам болмағаны түсінікті-ақ. Ал бас шарапшы перғауынға ұсынылатын шараптың, бәлкім сыраның да, сапалы болғанын әрі оған у қосылмауын қадағалайтын қызметшілерді басқаратын. Ол заманда патшаға қастандық ойлайтындар аз емес-тін. Сондықтан шарапшының патшаның сенімді кеңесшісі болуы ғажап емес еді.