Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Өмірім құрдымға қарай құлдилай берді

Өмірім құрдымға қарай құлдилай берді
  • ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1952

  • ЕЛІ: ҚҰРАМА ШТАТТАР

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ҚЫЗБА МІНЕЗДІ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Калифорния штатының (АҚШ) Лос-Анджелес қаласында туып өстім. Көше қаңғыған бұзақы топтармен және есірткімен жаман атағы шыққан әртүрлі аудандарда тұрдым. Үйде алты баланың екіншісімін.

Анамыз бізді бала кезімізден евангелие шіркеуіне апаратын. Бірақ өсе келе мен екіжақты өмір сүре бастадым. Сенбі күндері шіркеу хорында ән айтатынмын, ал басқа күндері сауық кештерін аралап, есірткі қабылдап, азғындық жасайтынмын.

Мінезім қызба әрі ашушаң болды. Төбелесте жеңу үшін кез келген нәрсені қару қыла салатынмын. Шіркеуде үйреткендердің еш көмегі тимеді. Мен тіпті: “Кек алу — Иеміздің ісі, ал мен оның қолындағы құралмын!”— деп жүретінмін. 1960 жылдардың соңына қарай, жоғары сыныпта оқып жүргенде, “Қара пантералар” тобының ықпалына берілдім. Бұл саяси топ азаматтық құқыққа байланысты мәселелерде жауласа күресетін. Сөйтіп, мен азаматтық құқықтарды қорғайтын оқушылар одағына қосылдым. Бірнеше рет біз наразылық қозғалыстарын жасадық. Біздің кесірімізден сол кездері мектеп уақытша жабылып қалатын.

Болмысым қызуқанды болғандықтан, наразылық білдіруді місе тұтпадым. Содан мен жеккөрушілік негізіндегі қылмыстарға қатыса бастадым. Мысалы, бір жолы достарыммен бұрынғы кезде Құрама Штаттарда африкалық құлдарды қалай қанағаны туралы фильм көрдім. Ондағы әділетсіздіктерге қанымыз қайнағаны сонша, сол кинотеатрда отырған ақ нәсілді жастарға жабылып, жұдырықтың астына алдық. Сосын одан да көп адамды ұрып-соғу үшін ақтар тұратын аудандарға бардық.

Жасым жиырмаға таяғанда мен де, аға-інілерім де талай қатыгез қылмыстар жасап үлгердік. Жергілікті әкімшілікпен де қиындықтар болды. Бір інім қарақшылар тобының мүшесі болғандықтан, мен солармен де араласып тұрдым. Өмірім осылайша құрдымға қарай құлдилай берді.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Бір досымның ата-анасы Ехоба куәгерлері болатын. Олар мені өздерінің қауым кездесулеріне шақырған еді, мен келістім. Ехоба куәгерлерінің басқалардан қатты ерекшеленетінін бір дегеннен-ақ байқадым. Әрқайсысының өз Киелі кітабы бар және оны кездесу барысында көп рет ашып оқиды екен. Жастар бағдарламаға қатысып, тіпті баяндамалар айтты! Мен Құдайдың есімі Ехоба екенін және Куәгерлердің осы есімді қолданғанын естігенде қатты таңғалдым (Зәбүр 83:18). Қауымдарында көптеген ұлт өкілдері бірге жиналса да, араларында ұлтаралық алауыздықтың нышаны да сезілмеді.

Басында Куәгерлермен Киелі кітапты оқып-зерттегім келмеді, бірақ олардың жиындарына барған ұнайтын. Бір кеште солардың қауым кездесуінде болғанымда, бір топ достарым концертке барған екен. Сол жерде олар былғары күртешесін бермей қойғаны үшін бір жасөспірім баланы өлгенше ұрып-сабаған. Ал ертесіне сол баланы өлтіргендерін айтып мақтанған. Тіпті сот алдында ауыр қылмыс жасадық-ау деп беттері бүлк етпеген. Олардың көбісі өмір бойына түрмеге қамалды. Сол кеште олардың арасында болмағаныма қатты қуандым! Сонда мен өмір сүру қалпымды өзгертемін және Киелі кітапты оқып-зерттеймін деп бекіндім.

Нәсілге бөлу бойыма әбден сіңіп кеткендіктен, Ехоба куәгерлерінің бір-біріне қалай қарағаны мені қайран қалдырды. Мәселен, бір жолы ақ нәсілді Куәгер шетелге уақытша кетіп бара жатқанда, балаларын қара нәсілді отбасына қалдырып кетті. Ал басқа бір жолы ақ нәсілді отбасы баспанасыз қалған қара нәсілді жас баланы үйлеріне кіргізді. Сонда Ехоба куәгерлері Иса пайғамбардың мына сөздерін орындайтынына көзім жетті. Ол: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35). Мен тонның ішкі бауындай бауырластықты тапқанымды түсіндім.

Киелі кітапты тереңірек оқып-білген соң, мен ой-пікірімді түзетуім керектігін ұқтым. Өзгелермен тату болып қана қоймай, ой-санамды өзгертіп, мұны ең дұрыс өмір салты деп қабылдауым қажет еді (Римдіктерге 12:2). Мен бірте-бірте өзгере бастадым. Ал 1974 жылы қаңтарда Ехоба куәгері болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім.

Шомылдыру рәсімінен өткен соң да, мен қызбалығыммен күресе бердім. Бірде үйден үйге Құдай сөзін уағыздап жүргенімде, бір ұры көлігімдегі радиоқабылдағышты ұрлап кетті. Мен соңынан қуа жөнелдім. Қуып жете бергенімде, ол радионы жерге тастай сала, қашып кетті. Қасымда болғандарға радиомды қалай қайтарып алғанымды айтып бергенде, арасындағы бір ақсақал: “Оны ұстап алғанда не істер едің?”— деп сұрады. Мен бұл жайлы біраз ойланып, бейбітшіл болуға әлі де күш салуым керектігін түсіндім.

1974 жылдың қазанында адамдарға Киелі кітаптан білім беру ісіне айына 100 сағат жұмсайтын толық уақытты уағыздаушы болдым. Кейінірек Ехоба куәгерлерінің Бруклиндегі (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқармасында ерікті қызмет атқаруға мүмкіндігім болды. Ал 1978 жылы науқастанып қалған анама қарау үшін Лос-Анджелеске қайтып келдім. Екі жылдан соң Аранде есімді қызбен отау құрдым. Аяулы жарым маған зор қолдау көрсетті. Екеуміз анамның ақтық демі біткенше қасында болдық. Біраз уақыт өткен соң, Аранде екеуміз Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебінде дәріс алып, Панамада миссионерлер ретінде қызмет етуге тағайындалдық.

Ехоба куәгері болғалы бері қызба мінезімді сынға алған талай жағдайларға ұшырадым. Жұдырығымды жұмсап қалуға арандататын адамдардан аулақ жүруді және шиеленісті жағдайды жайластырып жіберудің жолдарын үйрендім. Осындай кездерде өзімді қалай ұстағаным үшін жұбайым да, басқалар да мені мақтап отырады. Тіпті өз-өзіме таңғалатын кездер болады! Мен өз күшіммен өзгерген жоқпын. Бұл — Құдай Сөзінің адамды өзгерте алатын күшінің бірден-бір дәлелі (Еврейлерге 4:12).

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Киелі кітапты оқығанның арқасында өміріме мән-мағына кірді әрі бейбітсүйгіш болуды үйрендім. Енді мен адамдарға жұдырығымды ала жүгірмеймін, қайта, оларға рухани ем болатын хабар айтамын. Тіпті кезінде мектепте менімен өштес болған бір жігітке Киелі кітаптан білім алуға көмектестім! Ол да шомылдыру рәсімінен өтіп Ехоба куәгері болған соң, екеуміз біраз уақыт бір үйде тұрған кезіміз де болды. Әлі күнге дейін жан доспыз. Осы күнге дейін әйелім екеуміз 80-нен астам адаммен Киелі кітапты зерттеп, оларға Ехоба куәгері болуға көмектесіппіз.

Өміріме мән-мағына беріп, бауырластарымның арасында болу бақытын сыйлағаны үшін Ехоба Құдайға алғысым зор.