Жақып 1:1—27
1 Құдайдың әрі Иеміз Иса Мәсіхтің құлы Жақыптан+ жер-жерге тарап кеткен 12 руға дұғай сәлем!
2 Бауырластарым, әртүрлі сынақтарға ұшырағанда, бұны зор қуанышпен қабылдаңдар+.
3 Өйткені осылай сыналған сенімдеріңнің табандылық тудыратынын білесіңдер+.
4 Бірақ табандылықтарың толығымен көрсетілсін, сонда барлық жағынан кемелді де толысқан, еш кемшіліксіз боласыңдар+.
5 Ал қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса, жомарттықпен әрі еш жазғырмай бере салатын+ Құдайдан сұрай берсін+, сонда оған беріледі+.
6 Тек еш күмәнданбай+, сеніммен сұрасын+, себебі күмәнданатын адам жел айдап, әрі-бері соқтыққан теңіз толқынына ұқсайды.
7 Мұндай адам Ехобадан* бірдеңе аламын деп күтпесін.
8 Өйткені ол — барлық ісінде тұрақсыз, екіойлы адам+.
9 Жарлы бауырлас Құдайдың көз алдында жоғарылатылғанына+,
10 ал бай бауырлас төмендетілгеніне шаттансын+, өйткені бай адам дала гүлі іспетті құрып кетеді.
11 Күн шығып, аптап ыстық басталғанда шөп қурап, гүл де солып, бар сұлулығынан айырылады. Сол сияқты, бай адамның өмір салты да қурап, құрып жоқ болады+.
12 Сынақтарда табандылық танытатын адам бақытты+, себебі Ехобаның ықыласына ие болып, өзін сүйетіндерге уәде еткен+ өмір тәжін алады+.
13 Басына сынақ түскен адам: “Мені Құдай сынап жатыр”,— демесін. Өйткені ешкім Құдайды жамандықпен сынай алмайды, оның өзі де ешкімді жамандықпен сынамайды.
14 Керісінше, әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады+.
15 Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады. Күнә болса, ақырында, өлімге ұшыратады+.
16 Сүйікті бауырластарым, алданбаңдар.
17 Игі де кемелді сыйдың бәрі көктен+, аспан шырақтарын жаратқан Әкеден келеді+. Ол құбылмалы көлеңке іспетті емес, еш өзгермейді+.
18 Жаратқандарының арасынан таңдап алған алғашқы өнім болуымыз үшін+, ол өз қалауы бойынша, бізді шындық сөзі арқылы дүниеге әкелді+.
19 Сүйікті бауырластарым, мынаны біліңдер: әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге+ және ашулануға баяу болсын+.
20 Өйткені ашудың жетегіндегі адам Құдайдың әділдігіне сай әрекет етпейді+.
21 Ендеше лас нәрселердің бәрінен, жамандықтан түптамырымен арылып*+, жүректеріңе себіліп жатқан әрі сендерді аман сақтай алатын сөзді кішіпейілділікпен* қабылдаңдар.
22 Сендер өз-өзін жаңсақ пікірмен алдайтын тыңдаушы ғана болмай, қайта, сөзді жүзеге асырушы болыңдар+.
23 Сөзді тыңдап, бірақ жүзеге асырмайтын әркім бет әлпетін көру үшін айнаға қараған адамға ұқсайды+:
24 ол өзіне қараса да, былай шыға бере-ақ қандай екенін ұмытып қалады.
25 Ал азаттыққа жеткізетін кемелді заңға үңіле қарап+, оны ұстанатын адам ұмытшақ тыңдаушы емес, істі жүзеге асырушы болып, бұдан бақыт табады+.
26 Кім өзін Құдайға дұрыс ғибадат етіп жүрмін деп санап, бірақ тілін жүгендемесе+, өз-өзін алдап жүр. Оның ғибадаты еш пайдасыз.
27 Құдайымыз әрі Әкеміздің көз алдындағы таза да арамдалмаған ғибадат — жапа шеккен+ жетім-жесірлерге қамқорлық жасау+ және өзімізді осы дүниедегі арамдықтардан кіршіксіз таза ұстау+.
Сілтемелер
^ Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
^ Мүмкін: “араларыңда жайлаған жамандықтан арылып”.
^ Немесе “жұмсақтықпен”.