Лұқа 21:1—38

  • Кедей жесір әйелдің екі тиыны (1—4)

  • МҰНЫҢ БӘРІ ЖҮЗЕГЕ АСАТЫН УАҚЫТТЫҢ БЕЛГІСІ (5—36)

    • Соғыстар, қатты жер сілкіністері мен ашаршылық (10, 11)

    • Иерусалимді әскерлер қоршап алуы (20)

    • Басқа ұлттарға белгіленген уақыт (24)

    • Адам Ұлының келуі (27)

    • Інжір ағашы туралы мысал (29—33)

    • Сергек болыңдар (34—36)

  • Исаның ғибадатханада тәлім беруі (37, 38)

21  Иса садақа салатын ыдыстар тұрған жаққа қарап, байлардың садақа салып жатқанын көрді+.  Сосын құны өте төмен ұсақ екі тиын* салып жатқан бір бейшара жесір әйелді байқап+,  былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, мына кедей жесір әйел бәрінен де көп салды+.  Өйткені мыналардың бәрі өздерінен артылғанын салса, бұл әйел кедей бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін салды+”.  Кейінірек біреулер ғибадатхананың әсем тастармен және Құдайға бағышталған нәрселермен қалай әшекейленгенін сөз еткенде+,  Иса: “Өздерің көріп тұрған осылардың бәрі бірде-бір тасы қалмай күл-талқан болып қирайтын күндер келеді”+,— деді.  Сонда олар: “Ұстаз, бұл қашан болады? Мұның бәрі жүзеге асатын уақытты қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады+.  Исаның жауабы мынау болды: “Алданып қалудан сақ болыңдар+! Себебі көп адам “мен солмын” деп, менің атымнан келеді және “белгіленген уақыт жақындап қалды” дейтін болады. Оларға ермеңдер+.  Соғыстар мен көтерілістер жайлы естігенде, бұған үрейленбеңдер. Өйткені алдымен осылар болуға тиісті, бірақ осы заманның соңы бірден келмейді+”. 10  Бұдан кейін ол былай деді: “Ұлт ұлтқа қарсы+, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады+, 11  қатты жер сілкіністері, түрлі жерлерде ашаршылық пен індеттер болады+. Адамдар қорқынышты нәрселер мен аспаннан ғажайып белгілер көреді. 12  Осының бәрі іске аспас бұрын, жұрт сендерді тұтқындайды, қудалайды+, соттау үшін мәжілісханаларға апарады, түрмелерге жабады, менің атыма бола патшалар мен билеушілердің алдына сүйреп апарады+. 13  Бұл куәлік етулеріңе мүмкіндік береді. 14  Бірақ өздеріңді қалай қорғап сөйлейтіндеріңді алдын ала ойластырмауға бел буыңдар+. 15  Себебі мен сендерге даналық беріп, айтатын сөздеріңді ауыздарыңа саламын. Сонда жауларыңның бәрі біріксе де, сендерге қарсы шыға да, дауласа да алмайды+. 16  Сендерді ата-аналарың, бауырларың, туыстарың мен достарың сатып кетіп, кейбіреуің өлтірілесіңдер+. 17  Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады+. 18  Алайда бастарыңдағы шаштарыңның бірі де түспейді+. 19  Табанды болуларыңмен жандарыңды* сақтап қаласыңдар+. 20  Иерусалимді әскерлер қоршап алғанын көргенде+, оның қаңырап бос қалатын кезі жақын қалғанын білесіңдер+. 21  Сонда Яһудеядағылар тауларға қашсын+. Иерусалимдегілер қаладан шықсын, ал маңындағылар оған кірмесін! 22  Себебі бұл — Құдайдың халықты жазалайтын* күндері. Осылайша Киелі жазбада айтылғандардың бәрі жүзеге аспақ. 23  Сол күндері жүкті және бала емізіп жүрген әйелдер қасіретке қалады+! Өйткені осы аймаққа зор қасірет келеді, әрі бұл халық жазаланады. 24  Олар семсерден өледі және барлық елдерге тұтқынға айдалады+. Иерусалимді басқа ұлттар өздеріне белгіленген уақыт біткенше, аяқтарымен таптайды+. 25  Күнде, ай мен жұлдыздарда белгілер болады+. Ал жер бетінде халықтар долданған теңіздің қатты шуынан не істерін білмей азапқа түседі. 26  Себебі аспан күштері шайқалатындықтан, адамдар жер бетінде не болар екен деп күтіп, әрі бойларын үрей билеп есеңгіреп қалады. 27  Содан кейін олар Адам Ұлының+ құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлтта келе жатқанын көреді+. 28  Бұл жайттар орын ала бастағанда, сендер еңселеріңді түзеп, бастарыңды көтеріңдер, өйткені құтқарылуларың жақын”. 29  Сосын оларға мынадай мысал келтірді: “Інжір ағашы мен басқа да ағаштарға қараңдар+: 30  олардың бүршік атқанын көргенде, жаздың жақындап қалғанын білесіңдер. 31  Сол сияқты, сендер де осылардың болып жатқанын көргенде, Құдай Патшалығының таяп қалғанын білесіңдер. 32  Сендерге шындығын айтамын, осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, бұлардың бәрі орындалады+. 33  Көк пен жер құрып жоқ болып кетсе де, менің сөздерім еш құрымайды+. 34  Бірақ өздеріңе сақ болыңдар! Мешкейлік, ішімдікке салыну+ және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алып+, сол күн сендерге қапылыста келіп, 35  тор сияқты болмасын+. Өйткені бұл күн бүкіл жер бетінің тұрғындарының басына туады. 36  Сондықтан алда болатын осы жайттардың бәрінен қашып құтыла алу үшін және Адам Ұлының алдында тұра алу үшін ұдайы жалбарынып+, сергек болыңдар+!” 37  Иса күндіз ғибадатханада тәлім беріп, ал кешке сол жерден шығып, Зәйтүн деп аталатын тауға барып түнеп жүрді. 38  Таң ата барша жұрт оны тыңдау үшін ғибадатханаға келетін.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “екі лепта”. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “өмірлеріңді”. Түсіндірмедегі “Жан” сөзін қараңыз.
Немесе “кек алатын”.