Марқа 1:1—45
-
Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның уағызы (1—8)
-
Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі (9—11)
-
Шайтанның Исаны сынауы (12, 13)
-
Исаның Ғалилеяда уағыздауға кірісуі (14, 15)
-
Алғашқы шәкірттердің шақырылуы (16—20)
-
Жынды қуып шығу (21—28)
-
Исаның Қапарнаумда көптеген науқасты сауықтыруы (29—34)
-
Исаның оңаша жерде дұға етуі (35—39)
-
Алапес кісінің айығуы (40—45)
1 Бұл — Құдайдың Ұлы* Иса Мәсіх* туралы ізгі хабардың басы.
2 Ишая пайғамбар былай деп жазған: “(Міне, мен сенің алдыңда хабаршымды жіберемін. Ол саған жол дайындайды+.)*
3 Шөл далада* біреу: —Ехобаға* жол даярлаңдар, оның жолдарын тегістеңдер!— деп жар салып жатыр+”.
4 Осы сөздерге сай, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия шөл далада болып, жұртқа күнәлары кешірілу үшін, өкінгендерінің белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өту керектігін уағыздады+.
5 Сонда бүкіл Яһудея аймағы мен Иерусалим тұрғындарының бәрі келіп, күнәкар екендерін мойындап, Жақияның қолынан Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өтті+.
6 Ол түйе жүнінен киім киіп, белін қайыс белбеумен буып жүретін+. Ал азығы шегіртке мен жабайы араның балы еді+.
7 Жақия былай деп уағыздады: “Соңымнан менен құдіретті біреу келе жатыр. Мен еңкейіп, оның сандалының бауын шешуге де татымаймын+.
8 Мен сендерді суға шомылдырсам, ол киелі рухқа шомылдырады+”.
9 Сол күндері Ғалилеядағы Назарет қаласынан Иса келіп, Жақия оны Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді+.
10 Иса судан шыққан бойда көктің ашылып, өзінің үстіне көгершін іспетті киелі рухтың түсіп келе жатқанын көрді+.
11 Көктен: “Сен менің сүйікті Ұлымсың. Мен саған ризамын!”— деген дауыс шықты+.
12 Сол заматта рух оны шөл далаға баруға талпындырды.
13 Иса жабайы аңдар мекендейтін шөл далада 40 күн болды. Оны сол жерде Шайтан сынады+. Содан кейін оған періштелер қызмет етті+.
14 Жақия тұтқынға алынғаннан кейін, Иса Ғалилеяға барып+, Құдайдың ізгі хабарын уағыздап+:
15 “Белгіленген уақыт жетті. Құдай Патшалығы* жақындап қалды. Күнәларыңа өкініп+, ізгі хабарға сеніңдер”,— деп жүрді.
16 Ғалилея теңізінің* жағасымен келе жатып, Иса ау салып жатқан Шимон мен оның бауыры Әндірді көрді+. Олар балықшылар еді+.
17 Иса оларға: “Соңымнан еріңдер, мен сендерді адам аулаушы етемін”,— деді+.
18 Олар ауларын тастай сала, оның соңынан ерді*+.
19 Иса тағы кішкене жүргеннен кейін, қайықта ау жамап отырған Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді+.
20 Иса оларды бірден өзіне шақырды. Екеуі әкелері Зебедейді жұмысшыларымен бірге қайықта қалдырып, оның соңынан ерді.
21 Сөйтіп, бәрі Қапарнаумға бет алды.
Демалыс күні* келісімен-ақ Иса мәжілісханаға* барып, тәлім бере бастады+.
22 Жұрт оның қалай тәлім беретініне қайран қалды, өйткені ол дін мұғалімдері сияқты емес, билігі бар адамдай тәлім берді+.
23 Сол кезде мәжілісханада бойын жын билеп алған бір кісі бар еді. Ол айқайлап:
24 “Назареттік Иса, бізде нең бар+? Бізді құртуға келдің бе? Мен сенің кім екеніңді жақсы білемін: сен Құдайдың Киелісісің+!”— деді.
25 Бірақ Иса оны: “Үніңді өшір, шық оның бойынан!”— деп тыйып тастады.
26 Сонда жын әлгі кісіні қалшылдатып, бар даусымен айқайлап, оның бойынан шығып кетті.
27 Жұрттың бәрі қатты таңырқап, өзара: “Бұл не? Бір жаңа ілім* ғой! Оның тіпті жындарға бұйыруға билігі бар екен, олар оған бағынып жатыр!”— дей бастады.
28 Иса туралы әңгіме бүкіл Ғалилея аймағына тез тарап кетті.
29 Мәжілісханадан шығып, олар Жақыппен және Жоханмен бірге Шимон мен Әндірдің үйіне барды+.
30 Шимонның қайын енесі+ ыстығы көтеріліп, ауырып жатыр екен. Олар мұны дереу Исаға айтты.
31 Иса әйелдің қасына барып, қолынан ұстап тұрғызды. Сонда оның ыстығы басылып, оларға ас әзірлей бастады.
32 Күн батып, кеш түскенде жұрт науқас және жын буған адамдардың бәрін Исаға әкеле бастады+.
33 Бүкіл қала есік алдына жиналды.
34 Ол түрлі аурумен келген талай науқасты айықтырды+ және көп жынды қуып шығарды. Бірақ оларға сөйлеуге тыйым салды, өйткені жындар оның Мәсіх екенін білетін*.
35 Иса таң атпай орнынан тұрып, оңаша бір жерге барып, дұға ете бастады+.
36 Алайда Шимон мен қасындағылар оны іздеп шығып,
37 тауып алды да, оған: “Жұрттың бәрі сізді іздеп жүр”,— деді.
38 Бірақ Иса оларға: “Басқа жерлерге, жақын маңайдағы елді мекендерге барайық. Сол жерлерде де уағыздайын, себебі мен сол үшін келдім”,— деді+.
39 Сөйтіп, ол бүкіл Ғалилея аймағын аралап, мәжілісханаларда уағыз айтты және жындарды қуып шығарды+.
40 Бірде оған алапеспен ауыратын бір кісі келіп, тізе бүгіп: “Қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп жалбарынды+.
41 Сонда оған жаны ашыған Иса қолын созып, оның денесіне тигізді де: “Қалаймын, тазар!”— деді+.
42 Сол сәтте ол алапесінен тазарды.
43 Сосын Иса оны бірден өз жөніне жіберіп, былай деп қатаң ескертті:
44 “Байқа, бұл туралы ешкімге тіс жарма! Бірақ барып, діни қызметкерге қарал да, тазарғаның үшін Мұса бұйырған сый-тартуды ұсын+. Бұл оларға куәлік болсын”+.
45 Алайда сол маңнан кетісімен, әлгі кісі болған жайтты барлық жерде айтып, тарата бастады. Сол себепті Иса қалаға ашық кіре алмай, оқшау жерлерде жүрді. Сөйтсе де оған адамдар жан-жақтан ағылып келіп жатты+.
Сілтемелер
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Бұл үзінді Млх 3:1-ден келтірілген.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ “Генесәрет көлі”, “Кинерет теңізі”, “Тиберия теңізі” деп те аталады.
^ Мұнда “соңынан еру” деген тіркес Исаның ізбасары болу мағынасында қолданылған.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Түсіндірмені қараңыз.
^ Немесе “Тәлім берудің жаңа жолы ғой!”
^ Мүмкін: “оның кім екенін білетін”.