Римдіктерге 1:1—32

  • Сәлемдесу (1—7)

  • Пауылдың Римге баруды қалауы (8—15)

  • Әділ адам сенімінің арқасында өмір сүреді (16, 17)

  • Құдайсыздарға кешірім жоқ (18—32)

    • Құдайдың жаратылыстары оның қасиеттерін паш етеді (20)

1  Сендерге Иса Мәсіхтің құлы Пауыл жазып отыр. Құдай мені елші болуға шақырды, әрі өзінің ізгі хабарын жариялауға тағайындады+.  Ол бұл хабардың жарияланатынын пайғамбарлары арқылы Киелі жазбаларда алдын ала уәде еткен еді.  Бұл — өзінің Ұлы жайлы ізгі хабар. Адам ретінде туылған ол Дәуіттің ұрпағы болды+.  Бірақ өлімнен қайта тірілгенде+, киелі рухтың құдіретімен Құдай Ұлы деп жарияланды+. Иә, ол — Иеміз Иса Мәсіх.  Ол арқылы біз рақымға ие болдық, әрі елші болып тағайындалдық+. Ал бұл барлық халықтар оған сеніп+, мойынсұнуларымен оның есімін құрметтеулері үшін жасалды.  Сол халықтардың арасында сендер де барсыңдар, әрі Құдай сендерді де Иса Мәсіхтің меншігі болуға шақырды.  Мен бұл хатымды Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне, яғни қасиетті болуға шақырылған сендерге, жазып отырмын. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын!  Ең алдымен, сендер үшін Құдайыма Иса Мәсіх арқылы алғыс айтамын, өйткені сенімдерің жайлы шартарапта айтылып жүр.  Ұлы туралы ізгі хабарды жариялап, өзім бар көңіліммен қасиетті қызмет атқарып жүрген Құдай куә — сендерді үнемі дұғама қосып+, 10  мүмкіндік туса, Құдайдың еркімен сендерге әйтеуір бір барсам екен деп жалбарынамын. 11  Себебі сендерді көруге құштармын: рухани сыймен бөлісіп, өздеріңді нығайтсам, 12  дәлірек айтқанда, бір-біріміздің сенімімізді көріп, өзара жігерленсек екен деймін+. 13  Бірақ өздеріңе баруды талай рет жоспарласам да, осы уақытқа дейін кедергілер болып жатыр. Бауырластар, осы жайлы білгендеріңді қалаймын. Басқа халықтар арасында еңбегімнің жемісін көргенімдей, сендердің араларыңда да солай еткім келеді. 14  Мен гректер мен шетелдіктерге, білімділер мен білімсіздерге қарыздармын. 15  Сондықтан Римдегі+ сендерге де ізгі хабарды уағыздауға деген ықыласым зор. 16  Мен ізгі хабарды жариялаудан ұялмаймын+. Өйткені ол — әрбір сенушіні+, алдымен яһудиді+, сосын гректі*+, құтқаратын Құдайдың құдіреті. 17  Киелі жазбада “Әділ* адам сенімінің арқасында өмір сүреді”+ деп жазылғандай, сенімі барларға Құдайдың әділдігі ізгі хабар арқылы ашылады, әрі бұл олардың сенімін нығайтады+. 18  Әділетсіздіктерімен шындықтың ашылуына кедергі жасап+ жатқандардың арсыз да әділетсіз әрекеттеріне Құдай қаһарлы+ екенін көктен білдіруде. 19  Өйткені Құдай жайлы білуге болатын нәрселер ап-айқын, себебі мұны оларға Құдайдың өзі ашқан+. 20  Оның көзге көрінбейтін қасиеттері — мәңгілік күші+ мен құдайлық болмысы+ — дүние жаратылғаннан бері айқын. Бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады+, сондықтан олар Құдайды біле алмадық деп еш ақтала алмайды. 21  Өйткені олар Құдайды білсе де, оны Құдай деп мадақтамады, ризашылық та білдірмеді. Қайта, мән-мағынасыз ойға беріліп, надан көңілдерін түнек басты+. 22  Өздерін ақылдымыз деп жүріп, ақымақ болып шықты. 23  Олар мәңгілік* Құдайды дәріптеудің орнына ажалды пенденің, құстардың, төрт аяқты жануарлар мен бауырымен жорғалаушылардың мүсінін дәріптеді+. 24  Сондықтан Құдай оларды жүрек қалауларына сай, арам істерінің былығына батып, өз тәндерін өздерінің қорлауына жол берді. 25  Мұндайлар Құдайдың шындығын жалғандыққа ауыстырып, Жаратушыны емес, жаратылысты қастер тұтып, соған табынды. Ал мәңгі мадақталуға тек Жаратушы лайық! Аумин. 26  Сондықтан Құдай олардың жеркенішті нәпсіқұмарлыққа+ салынуына жол берді: араларындағы әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынасқа ауыстырды+. 27  Еркектері де табиғи жыныстық қатынасты қойып, бір-біріне, еркектер еркектерге+, құмарлана ынтығып, сорақы қылық жасады. Осындай күнәсі үшін олар қарымтасын толық алып жатыр+. 28  Олар Құдайды мойындауды қажет деп таппағандықтан*, Құдай олардың бұзық ойлардың жетегінде жүріп, лайықсыз істер+ жасауларына жол берді. 29  Олардың тұла бойлары әділетсіздікке+, зұлымдық, ашкөздік+, жамандық, қызғаныш+, кісі өлтіруге+ деген құмарлық, жанжалқойлық, қулық+, қараниеттілік+ пен өсекшілдікке толы. 30  Олар жалақор+, Құдайды жек көреді, дөрекі, тәкаппар, мақтаншақ, жамандық ойлап тапқыш, ата-аналарына бағынбайды+, 31  санасыз+, сөздерінде тұрмайды, отбасын сүймейді, мейірімсіз. 32  Мұндай адамдар Құдайдың әділ заңын, яғни осылай ететіндер өлімге лайық+ екенін, жақсы білсе де, бұндай қылықтарды өздері істеп қана қоймай, солай етіп жүргендерді мақұлдайды.

Сілтемелер

Бұл сөз грекше сөйлейтін басқа ұлт адамдарына нұсқаса керек.
Яғни Құдайдың талаптарына сай өмір сүретін адам.
Сөзбе-сөз “шірімес”.
Немесе “Құдай жайлы тура білім алғылары келмегендіктен”.