125-ТАРАУ
Исаны Аннасқа, сосын Қаяпаға апарды
МАТАЙ 26:57—68 МАРҚА 14:53—65 ЛҰҚА 22:54, 63—65 ЖОХАН 18:13, 14, 19—24
-
ИСАНЫ БАС ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕР БОЛҒАН АННАСҚА АПАРДЫ
-
ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС ЗАҢҒА ҚАЙШЫ СОТ ЖҮРГІЗДІ
Исаны қылмыскер сияқты тұтқындай салысымен, Аннасқа апарды. Кезінде, жас Иса ғибадатханада дін мұғалімдерін таңғалдырған жылдары, Аннас бас діни қызметкер болған (Лұқа 2:42, 47). Кейінірек бас діни қызметкер міндетін оның ұлдары атқарды. Ал қазір бұл міндетті Аннастың күйеу баласы Қаяпа атқаруда.
Иса Аннастың үйінде болғанша, Қаяпа Жоғарғы кеңесті жинап үлгермек. Бұл кеңес бас діни қызметкер мен беделді кісілерден құралған 71 адамнан тұрады.
Аннас Исаға шәкірттері мен тәлімдері жөнінде сұрақтар қойды. Иса оған жауап беріп: “Мен жұртқа ашық сөйлеп, яһудилер жиналатын мәжілісханалар мен ғибадатханада тәлім беріп жүрдім. Ештеңені жасырын айтқан жоқпын. Неге менен сұрайсыз? Не айтқанымды мені тыңдағандардан сұраңыз. Не дегенімді солар біледі”,— деді (Жохан 18:19—21).
Иса осыны айтқанда, сақшылардың бірі жағынан тартып жіберіп: “Жоғарғы діни қызметкерге қалай-қалай сөйлейсің?”— деді. Алайда Иса еш ағаттық жасамағынын біледі, сондықтан әлгіге: “Дұрыс емес нәрсе айтқан болсам, оны дәлелде. Ал айтқаным дұрыс болса, неге ұрасың?”— деді (Жохан 18:22, 23). Сосын Аннас Исаны күйеу баласы Қаяпаның үйіне әкетуді бұйырды.
Бұл кезде бас діни қызметкер Қаяпаның үйіне Жоғарғы кеңес мүшелері — ақсақалдар мен дін мұғалімдері — түгел жиналып қойған еді. Құтқарылу мейрамы өтіп жатқан түні сот жүргізу заңға қайшы келеді. Бірақ зұлым істі көздеген оларға заң кедергі емес.
Бұл топты әділет сақшылары деу қиын. Иса Елазарды қайта тірілткеннен кейін-ақ Жоғарғы кеңес оны өлуге тиіс деп шешкен болатын (Жохан 11:47—53). Ал бірнеше күн бұрын дінбасылары Исаны өлтірудің жолын іздестірген еді (Матай 26:3, 4). Демек, тергеу басталмай тұрып-ақ олар Исаны өлімге кесіп қойған.
Жоғарғы діни қызметкерлер мен Жоғарғы кеңестің басқа мүшелері заңсыз жиналғаны былай тұрсын, Исаға айып тағу үшін жалған куәгерлер іздей бастады. Тапқан адамдары көп болғанымен, сөздері бір-бірімен үйлеспей жатты. Ақырында екі адам: “Біз оның “қолдан жасалған мына ғибадатхананы қиратып, үш күннің ішінде адам қолымен жасалмаған басқасын тұрғызамын” дегенін естідік”,— десті (Марқа 14:58). Алайда бұлардың да айтқаны онша үйлеспеді.
Бір кезде бас діни қызметкер Қаяпа ортаға шығып, Исаға: “Айтар жауабың жоқ па? Мыналар саған қарсы куәлік беріп жатыр ғой!”— деді (Марқа 14:60). Бір-бірімен келіспей тұрған куәгерлер жалған айып тақса да, Иса үндемеді. Бұдан түк шықпаған соң, Қаяпа басқа әдіске көшті.
Яһудилердің Құдай Ұлымын дейтін адамға қырғидай тиетінін Қаяпа жақсы біледі. Біраз уақыт бұрын Иса Құдайды Әке деп атағанда, өзін Құдаймен теңестіріп тұр деп түсінген яһудилер Исаны өлтірмек болған (Жохан 5:17, 18; 10:31—39). Қазір Қаяпа олардың осы сезімін пайдаланып қалмақ. Сондықтан Исадан: “Тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге мынаны айт: сен Құдай Ұлы Мәсіхсің бе?”— деп сұрады (Матай 26:63). Әрине, Иса өзінің Құдай Ұлы екенін растайды (Жохан 3:18; 5:25; 11:4). Егер үндемей қалса, Құдай Ұлымын және Мәсіхпін деген сөзінен бас тартып тұр деп түсінеді. Сондықтан Иса: “Иә, мен солмын. Сіздер Адам Ұлының Құдіреті күштінің оң жағында отырғанын және аспандағы бұлттармен келе жатқанын көретін боласыздар”,— деді (Марқа 14:62).
Сонда Қаяпа жағдайды әсірелеп көрсету үшін, киімінің өңірін жыртып, қатты дауыспен: “Мынау Құдайды қорлап тұр ғой! Бізге бұдан басқа қандай куә қажет? Құдайды қорлағанын өздерің естідіңдер. Бұған не дейсіңдер?”— деді. Мұндай сөзден кейін Жоғарғы кеңес: “Ол өлімге лайық!”— деп, әділетсіз шешім шығарды (Матай 26:65, 66).
Бұдан соң Исаны күзетіп тұрғандар оны мазақ етіп, ұрып-соқты. Біреулері жағынан тартып-тартып жіберсе, басқалары түкірді. Сосын оның бетін жауып тұрып, жұдырықтап: “Пайғамбар болсаң, кім ұрғанын айтшы”,— деді (Лұқа 22:64). Осылайша заңсыз сот кезінде Құдай Ұлына қорлық көрсетілді.