6-ТАРАУ
Құдайдың адал қызметшісі Әйүп
Шайтан Әйүптің мінсіздігіне шек келтірді. Әйүп ауыр сынақтарға қарамастан, Ехобаға адал болып қалды.
АУЫР сынақтарға және Құдайға мойынсұнғаны еш пайда әкелмейтіндей болып көрінгеніне қарамастан, адалдығын сақтап қалатын адам бар ма? Бұл сұрақ Әйүптің күндерінде көтерілген болатын.
Исраилдіктер әлі де Мысырда жүргенде, Ыбырайымның туысқаны Әйүп бүгінде Арабия деп аталатын өлкеде тұрып жатты. Күндердің күнінде Құдай алдына барлық періштелер жиналды. Олардың арасында Шайтан да бар еді. Сонда Ехоба бүкіл жер бетінде қызметшісі Әйүп сияқты мінсіз жанның жоқ екенін толық сенімділікпен айтты. Бірақ Шайтан Әйүптің ниетіне шек келтірді. Ол басқаша айтқанда: “Әйүп Құдайдың батасы мен қорғанышына ие болғандықтан ғана мінсіздігін сақтап жүр, ал барынан айырылса, Құдайға тіл тигізеді”,— деді.
Сонда Құдай Әйүптің сыналуына жол берді. Шайтан оны алдымен мал-мүлкі мен балаларынан айырды, сосын, ауыр дертке ұшыратты. Әйүп мұның бәрі Құдайдан деп ойлады. Сөйтсе де ол Құдайға қарсы шықпады.
Кейін Әйүпке үш доссымағы келді. Бұл кісілердің сөздері Құдай Әйүпті жасырын күнәлары үшін жазалауда дегенге саяды. Олар тіпті Құдайдың көңілінен шығу не сеніміне ие болу мүмкін емес дегенге меңзеді. Әйүп олардың жаңсақ пікірін жоққа шығарып, соңғы демі біткенше мінсіздігінен таймайтынын айтты.
Алайда Әйүп бір қателік жасады. Оның есіл-дерті өзін ақтау болды. Әйүп пен оның доссымақтары сөйлеп болғаннан кейін, Елиуй деген жігіт сөзін бастады. Ол Әйүпті ең маңыздысы Ехоба Құдайдың бүкіләлемдік билігінің ақталуы екенін назардан шығарып алғаны үшін жазғырды. Сондай-ақ ол Әйүптің доссымақтарын қатаң сөкті.
Сосын, Ехоба Құдай Әйүпке тіл қатты. Ол Әйүптің назарын ғажайып жаратылыстарына аударып, өзінің жұмыр басты пендеден әлдеқайда ұлы екенін түсінуіне көмектесті. Әйүп кішіпейілділік танытып, ой қалпын түзетті. Сонда “жанашырлығы мен қайырымдылығы зор” Ехоба адал қызметшісін ауруынан айықтырды да, бұрынғысынан екі есе көп дүние-мүлік берді. Сондай-ақ Әйүп тағы он бала сүйді (Жақып 5:11). Ауыр сынақтарға қарамастан, мінсіз болып қалған Әйүп Шайтанның адам сыналған кезде Құдайға адалдығын сақтамайды деген жаласын жоққа шығарды.
Әйүп кітабына негізделген.