ИНДОНЕЗИЯ
Елдің шығысындағы уағыз
Питер Вандерхеген 1953 жылы аудандық қызметке тағайындалды. Ол батыстан шығысқа дейін 5100 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке дейін 1800 шақырымға созылған бүкіл Индонезияны аралауы керек-тін. Осы аумақты аралап жүріп, ол неше түрлі оқиғаларды бастан кешірген.
1954 жылы Питер бауырлас Индонезияның түрлі дін өкілдері тұратын шығыс аймақтарына сапар шекті. Онда көп үнділер тұратын Бали аралдары, тұрғындарының басым көпшілігі мұсылмандар болып табылатын Ломбок пен Сумбава, негізінен католиктерден тұратын Флорес, сондай-ақ протестанттар мекендейтін Сумба, Алор және Тимор аралдары бар. Ол қирайын деп тұрған
қайығымен жүзіп, жол-жөнекей бірнеше аралда қысқаша куәлік берді де, Батыс Тимордың астанасы Купангқа жетті. Питер бауырластың өз аузынан: “Мен Тимор аралында екі апта бойы уағыздадым. Жаңбыр құйып тұрса да, қолда бар әдебиеттің бәрін үлестірдім, 34 адам журналдарымызды алып тұруға жазылды, бірнеше зерттеу сабақтарын бастадым”. Бұдан кейін аралға арнайы ізашарлар келіп, Купанг қаласында қауым ашылды. Осы жерден ізгі хабар көршілес жатқан Роти, Алор, Сумба, Флорес аралдарына жетті.Купанг қаласында протестант дінбасылары шіркеу мүшелерінің Ехоба куәгерлерін тыңдап жатқанын көргенде, қызғаныштан ашуға мінді. Сөйтіп, бір жоғарғы дін қызметкері егде жастағы Томас Тубулау есімді бір қолы жоқ қаңылтыршыға Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді доғар деп бұйырады. Сондай-ақ басқаларға білгендерін айтуын қоймаса, біреудің қаны төгілетінін ескертеді. Сонда Томас батылдықпен: “Мәсіхшімін деген адам мұндай сөздерді ешқашан айтпас еді. Енді сіздің шіркеуіңізге аттап баспаймын”,— дейді. Кейін Томас құлшынысты жариялаушы болады, ал қызы арнайы ізашарлық қызмет атқарады.
Алайда Тимор аралындағы дінбасылар Ехоба куәгерлерінің көзін құртуға бел байлаған еді. 1961 жылы олар Діни істер департаменті мен жергілікті әскери билікке барынша ықпал етіп, үйден үйге уағыздау ісіне тыйым салдырды. Ал бауырластар уағыздау тәсілдерін өзгертіп, істі алға жылжыта берді. Олар базардағы, құдық басындағы адамдармен, жағалаудағы балықшылармен, жақындарының қабірін күтіп-баптап жатқан отбасылармен сөйлесетін. Бір ай өткенде, әскери билік ойын өзгертіп, радиодан Тиморда дін бостандығы бар екенін хабарлады. Бірақ Діни істер департаменті үйден үйге уағыздауға бәрібір рұқсат етілмейтінін айтқанда, бауырластар
оларға сөздерін қағазға жазып беруді сұрады. Бірақ олар бас тартты. Содан кейін бауырластар үйден үйге емін-еркін уағыздайтын болды.1962 жылы Папуа жеріне келген Пит пен Нел де Ягер, Ханс пен Сюзи ван Вюрэ есімді миссионерлерге де шіркеу дінбасылары қарсы шықты. Үш жоғарғы діни қызметкер олардан басқа жерде уағыздауды талап етті. Дінбасылары мінбеден, баспа жүзінде, радио арқылы Ехоба куәгерлері үкіметке қарсы үгіт жасап жүр деген жала жапты. Мұнымен қоймай, олар миссионерлермен зерттеп жүрген шіркеу мүшелерін алдап-сулап көндіру, қорқыту және пара ұсыну әрекеттеріне де барды. Жергілікті басшыларды да уағыз ісіне қарсылық білдіруге итермеледі.
Алайда дінбасыларының әрекеттеріне қарамастан, бірде бір басшы миссионерлерді өз ауылына шақырды. Ханс былай деді: “Ауылбасы бүкіл ауылды жинаған соң, Пит екеуміз уағыз ісіміз жайлы қысқа-қысқа баяндама айтып шықтық. Кейін жұбайларымыз көрініс ретінде біздің адамдардың есігін қағып, ішке кіргізсе, Киелі кітаптағы қысқа хабармен бөлісетінімізді көрсетіп шықты. Ауылбасы мен оның адамдары бұған риза болып, еркін уағыздай беруімізге рұқсат етті”.
Осыған ұқсас жағдайлар үнемі қайталанатын. Мұсылмандардың уағыз ісіне қарсылық көрсетуі сирек болатын, ал шіркеу дінбасылары әрдайым қарсы шығатын. Әлі күнге дейін жағдай өзгерген жоқ.
Билеушілердің алдында куәлік ету
Иса өз ізбасарларына: “Менің шәкіртім болғандарың үшін сендерді билеушілер мен патшалардың алдына сүйреп апарады. Сонда оларға да, басқа ұлттарға да куәлік ете аласыңдар”,— деген (Мат. 10:18). Индонезияда бұл сөздер талай рет орындалды.
1960 жылы Джакартадағы бір атақты нидерландық дін маманы өз кітабында Ехоба куәгерлерін жалған мәсіхшілер деп атады. Бұл кітап дінбасылардың Куәгерлерді қаралауына түрткі болды. Мысалы, бір қаланың дінбасылары Діни істер департаментіне хат жазып, Куәгерлер “шіркеу мүшелеріміздің басын айналдырып жүр” деген айып тақты. Билік иелері бауырластарды шақыртқанда, олар айыпты жоққа шығаратын деректер келтірді де, жақсы куәлік берді. Бір діни басқарма өкілі әріптесіне былай деді: “Ехоба куәгерлерін жайына қалдыр. Олар ұйқылы-ояу протестанттарды оятып жүр”.
1964 жылы Папуа еліндегі бір топ протестант дінбасылары Діни және әлеуметтік істер жөніндегі парламенттік
комитетке Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салуды сұрап арызданды. Ал филиалдағы бауырластар өздерін қорғап сөйлеуге рұқсат етулерін сұрады. Тагор Хутасойт бауырлас былай деді: “Біз комитет алдында бір сағаттай сөз сөйлеп, Киелі кітапқа негізделген ағарту ісімізді анық етіп түсіндіріп бердік. Қарсылық білдірген бір протестант саясаткер бізге Папуада дінаралық араздыққа түрткі болып жүр деп айып тақты. Комитеттің мұсылман дінін ұстанатын көптеген мүшелері болса бізге оң көзбен қарады. Олар: —Конституция діни бостандыққа кепілдік береді, демек, сендер уағыздауға құқылысыңдар,— деді”. Осы кездесуден кейін Папуа үкіметінің жоғарғы дәрежелі шенеунігі былай деп жария етті: “Жаңа үкімет тұсында дін бостандығы сақталады. Бұл жаңа діндерге де қатысты”.